Есту қабілеті нашар спортшылар арасында армрестлингтен әлем чемпиондары мен жүлдегері Андрей Путинцев пен Дмитрий Тюков және Дмитрий Шубаба Көкшетау қаласындағы «Бурабай» спорт сарайында журналистер мен жанкүйерлерінің қатысуымен ашық жаттығу өткізді.
Жерлестеріміз тұңғыш рет есту қабілеті нашар спортшылар арасында армрестлингтен әлем чемпионы атанып отыр. Осыған дейін талай байрақты жарыстарға қатысып, тек жүлделі орындарды ғана еншілеп жүрді. Жақында Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен жарыста Қазақстан Республикасының құрамасы сапында болған ақмолалық қос спортшы айды аспанға шығарып, чемпион атанды.
Таратып айтсақ, əлемнің 52 елінен келген 1200 спортшының қатысуымен өткен жарыста біздің облыстан үш спортшы бақ сынаған. Жерлестеріміздің арасында Дмитрий Тюков пен Андрей Путинцев алтын медальға ие болып, жеңіс тұғырына көтерілді. Дима ақтық сында түркиялық спортшыны айқын басымдықпен жеңді. Жаттықтырушы Илья Ильиннің айтуынша, спортшылар бұл жарысқа мықтап дайындалған.
– Мен шәкірттерімнің жеңетініне сенімді болдым. Өзім армрестлингпен 11 жыл бойы айналысып келемін. 8 жыл ішінде жаттықтырушы ретінде облыста армрестлингтен бірнеше əлем чемпиондарын тəрбиеледім, – дейді Илья Ильин. Ал, Андрей Путинцев болса, 100 келіден жоғары салмақта оң жəне сол қолымен көтеру бойынша армрестлингтен əлем чемпионы атанды. Ол финалда салмағы 146 келі ресейлік спортшымен бірінші орынға таласып, өзінің мықты екенін дәлелдеген.
Сонымен қатар, есту қабілеті нашар тағы бір жерлесіміз Дмитрий Шубаба 60 келі салмақта қола жүлдегер атанды. Бұл спортшылардың барлығы да мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Мерген» спорт клубында жаттығуда.
Суреттерді түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.