Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тура жолдан таймаған тектім еді Көкшенің біртуар азаматы Қажыбай Қабыл-Фазыл жайлы жүрек сыры - АРҚА АЖАРЫ

Тура жолдан таймаған тектім еді Көкшенің біртуар азаматы Қажыбай Қабыл-Фазыл жайлы жүрек сыры

Әр адам баласының өз тағдырына ерекше бір өзгеріс әкелетін сәттері болады. Сондай сәттің бірін мен де өз басымнан өткіздім. 1966 жылы орта мектепті бітіретін кезімде әке-шешем Павлодар қаласынан елге көшпекші болды. Сынып жетекшім  «енді неде болса  өзің оқыған мектепті бітіріп, аяқтап шық»,–деп жанашырлық танытты. Ата-анам да ұстазымның ақылына ден қойып, мен ауылға кетпейтін болдым. Сынып жетекшім тағы да қамқорлық жасап, қолымнан жетектеп апарып,  төрт кішкентай қыздары бар өзінің бір Лиза деген жесір әпкесінің  үйіне  орналастырып, жайғастырды. 

Енді ойлап отырсам, бұл тағдырдың жазуы екен ғой, мен жайғасқан үйдің қарсысындағы пәтерде  Қажекең, Қажыбай да тұрады екен. Өте сымбатты, жүріс-тұрысында әлдебір сырбаздық бар. Әуелде көшеде ұшыраса қалсақ бас изесіп қана амандасып, өте шығатынбыз. Келе-келе тіл қатысып, жақынырақ таныстық. Бастапқыда мен Қажекеңді «ағай» деп жүрдім. Сөзге шебер, өзінің ішімдікке де, темекіге де құмарлығы жоқ болып шықты.  
 Мен пәтерде тұратын Лиза апай дәмханада жұмыс істейтін еді де, ол кісі өз шаруасына таңғы онда кетіп,  үйге түн ортасында бірақ келетін. Сондықтан да,  апайдың үйдегі балаларына  тамақ дайындау, сабақтарын қарату, жалпы сол үйдің бар шаруасы  менің мойнымда болды.
Кей күндері  кешке қарай Қажекең бізге келіп, балалармен  сөйлесіп, кейбіреуінің  әр пәннен үй тапсырмаларын орындауларына көмектесіп, ара-тұра менімен де сөйлесіп, біраз отырып кететін. Сол кезде  көз қиығын салып, мені  бақылаумен, сынаумен болса керек. Кейін соны өзі айтып, күлетін еді жарықтық!  
Араға біраз уақыт сала, жаңа жылдан кейінгі бос уақытымда «қаланы қыдырып қайтайық» деп серуендеп келуге шақыруды шығарды. Байқаймын бір-бірімізге үйренісе де бастадық.  Содан не керек, бір күні Қажекең «егер ауылдан анаң келе қалса мен ол кісімен кездесуім керек, айтарым бар», – деді. Бастапқыда түсінбей қалдым. Сөйтіп, бір күні анам жағдайымды білу үшін ауылдан келе қалмасы бар емес пе?! Соны білген  Қажыбай кешке қарай үйге келіп, анаммен біраз сөйлесіп отырды да, «мен сіздің қызыңызға үйленгім келеді» деп өзінің турашылдығына басып, айтып салмасы бар емес пе?! Ұялғаным соншалықты, жерге кіріп кете жаздадым. Анам да түсінбей, аңырап қалғандай еді. Соны сезді де Қажекең тағы да:–Жоқ, сіз саспаңыз! Қызыңыз орта мектепті бітірсін, содан кейін өзі қалап жүрген жоғары оқу орнына түседі. Міндетті түрде жоғары білім алады, оқытамын,– деді.
Сол кезде анам көзіне жас алып, «бұл жағдайды үйдегілерге қалай айтамын?»,– деп қиналып қалды да, Қажыбайдың ақыл парасатты, ойлы да адал,  арлы да таза жан екендігін таныды-ау деймін, көңілін орнықтырып, үнсіз ғана өз қабағымен ыңғай білдіріп еді.
Сол 1966 жылы орта мектепті ойдағыдай аяқтап, сол жылдың  тамыз айында жоғары оқу орнына түстім. Дәм жазып, көп ұзамай Көкшетауға ұзатылып кете бардым.  Көрікті  Көкшетаудың сексен көлін көреміз, Бурабайды тамашалаймыз деп көптеген туыстарым бірге келді. Ол кезде Қажыбайдың ата-анасы, ағайындарының бәрі де Көкшетау қаласында тұратын. Және ауқатты да ықпалды әулет болатын. «Қажыбайымыз қашан үйленер екен?»,– деп тосып жүрген ағалары дүркіретіп той жасады, үлкендер баталарын берді. Содан кейін біздің ауылға да барып, елдегі ағайын-туыстармен де танысып, сый-құрметтерін көріп қайттық.
 Қажекең бұл кезде  Павлодар облыстық телевидениесінде қызмет істеп жүрген  болатын. Содан бір күні ойда жоқта «Көкшетауға, елге қайтамын» дей бастады. Осы ойын өзінің басшыларына айтқан екен, олар Қажыбайдың ешқайда кетпеуін, жаңадан салынып жатқан үйден пәтер беретіндіктерін, таяу арада қызметі де жоғарлайтындығын айтып алған бетінен қайтарғылары келсе де, қашан болсын екі сөйлеуді білмейтін  ол  сол «Көкшетауыма қайтамын» дегенінен танбады.
 Сөйтіп, біз 1967 жыл Көкшетауға көшіп келдік. Содан кейінгі бар өміріміз осы Көкшетауда өтті.  Керекуден көшіп келгеннен кейін, бар тіршілігімізді  жаңадан бастадық.  Қажекең Алматыдағы С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби атындағы) мемлекеттік университетті бітірген-ді. Ол өз мамандығы журналист болғандықтан, Көкшетау облыстық телевидениесіне орналасты. Болып жатқан жаңалықтарды дайындап, эфирде хабарды да өзі жүргізетін. Қазақ және орыс тілдеріне бірдей болатын.  Екі тілде де сауатты жазып, сауатты сөйлеуші еді ғой! Алғыр әрі талантты болатын.  Қандай қызмет болса да, соның бәрін де меңгеріп, алып кете баратын. Біраз еліне қызмет етті деуге болады Еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға көп үлесін қосты. «Азат» қозғалысының белсенді мүшесі болды. Жас ұрпаққа тәрбие беру ісіне де аянбай атсалысты. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогика институтында, одан кейін Жанат Қасым ұйымдастырған жекеменшік Көкшетау университетінде ұстаз болды. Қаншама білімді, қаншама қабілетті болса да, мансапқор емес-ті. Істеп жүрген қызметі, болмаса ортасы ұнамаса болды,  қолын бірақ сілтеп, тастап жүре беретін.
Жарықтық Қажекем, өмір бойы тура  жолмен жүрді ғой. Мен мұны 50 жыл бірге отасқан жары ретінде ешкімнен жасқанбастан айта аламын. Дүниеге төрт бала  әкелдік. Қажыбай өзінің бірбеткейлігі мен турашылдығынан, жамандыққа, арамдық пен қулық сұмдыққа төзе алмайтын адал да адами қасиеті үшін көп зардап та шекті, көп азап та көрді. Бірақ, ешқашан мойыған жоқ, адалдықтың ақ жібін аттаған жоқ. Сауаттылығы мен жәбір көргендерге қашан болсын араша түсуге әрдайым әзір тұрар қайсарлығын білген елдің әділетсіздік көріп жүргендері мен жылап жүргендерінің барлығы да үйімізден шықпайтын. Солардың барлығына да қол ұшын беретін. Араша түсетін. Ақылын айтатын, жөн сілтейтін. «Тура биде туған жоқ» дейтіндей, ешкімнен жасқанбай қасқайып тұрып, ақиқатты тіліп  айтатын және де тура жолдан таймаған тектім еді! Сол қайтпас қайсарлығы біреуге ұнады, біреуге ұнамады. Сол турашылдығы мен әділдігінен ығынатындар да көп болды. Сондайлар ғой Қажекемді сыртынан ғайбаттап босқа әуре болатын…
 Отағасым түзде айбынды болса да, үйде мейірімді еді. Мені де, балаларын да еркелететін, жұмсақ сөйлеп, әзіл айтып, шаңырағымызды шаттандырып жіберуші еді. Үй шаруасына да кірісіп кететін кездері аз болмайтын. Жаны да, жалпы өзі де керемет таза, ұқыпты, тіпті, тамақтану мәдениеті де өте жоғары болды. Тамақты таңдап жеп, талғап ішетін. Тәртіп пен әдемілікке құмар еді. Әйтеуір не нәрсеге болсын бәріне де үлкен жауапкершілікпен қарайтын.
Қайран Қажекемнің басына түскен небір сын сағаттарда жанында болдым, сағын сындырмауға тырыстым. Өмір бойы қасы мен қабағына қарап, көңіл-күйінің ыңғайына  бейімделіп отырдым. Өзін әрдайым сергек әрі жинақы ұстайтын. Бірінші рет 76 жасқа қараған шағында ғана сырқаттанып, ауруханаға түсті. Аурухана төсегіне таңылып  жатып та, қайсарлығын қоймады. Дәрігерлер де медбикелер де «бұл атамыз кезінде кім болып қызмет еткен адам. Біздің айтқанымызға көнбейді, берген дәріні де ішпейді, аурухананың тамағын да жемей қойды. Неде болса сіз  жанында болыңызшы» деп дәрігерлер өтініш айтқан соң үнемі қасында болдым. Көп бейнет көрген жоқ, ауыртпашылығын  сезбедім. Сырқаты дендеп тұрса да кітап оқуын, күнбе-күнгі газеттерді де, қарап отыратын. Санасы қалғымайтын әйтеуір.
Қажыбайымның дүниеден озғанына да міне, бір жыл болып қалды. Үні құлағымнан, ақ дидарлы бейнесі жүрегімнен кетер емес. Өйткені, ол менің жүрегімде құндақтаулы жатқан мәңгі бейнем, мәңгі асылым!

 Биғайша Қазықбайқызы.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар