Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Арақ ішетіндер азаяр емес - АРҚА АЖАРЫ

Арақ ішетіндер азаяр емес

Өткен жылдың басында  құқық қорғау органдары тарапынан үнемі арақ ішіп, көзге түскен 430 адам есепке алынған екен. Сөйтіп, облысымызда арақ ішпесе бастары ауыратын, яғни, маскүнемдік дертіне шалдыққандар қатары 8500-ге жетіпті. Бұл – ресми мәлімет. Ал,  құзырлы органдардың назарынан тыс қалып, арақты суша сіміріп жүргендер қаншама? 

Осыдан бір ғасыр бұрын, яғни, ХХ ғасырдың басында қазақтардың арасында арақ ішетіндер мүлдем болған жоқ. Абай заманында қымыз бен шұбаттан өзге сусынды татып көрмеген қазақтар үшін арақ-шарап  деген шығыс ертегілерінде кездесетін адамның ақыл-есін алып, күнәға батыратын харам сусын саналса керек. Ал, енді бүгінде сол харам сусын дастарханымыздың төрінен орын алып, арақсыз той, басқа да басқосулар өтпейтін болды. Арақ ішпесе жүре алмайтын, алкогольді  ішімдікке тәуелді болып, басыбайлы құлына айналған пенделер қатары жыл санап көбейіп барады. Ең сорақысы, маскүнемдік дертке шалдыққандар қатарында нәзік жанды қыз-келіншектер де, кәмелетке толмаған балалар да бар.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, жыл сайын спиртті ішімдіктің кесірінен 3,3 миллион адам көз жұмады екен. Мынадай бейбіт заманда осыншама адамның өмірін отап жатқан кезінде Америка мен Африка құрлықтарын еш қарусыз байырғы тұрғындардың санасын арақпен улап, жаулап алған еуропалықтар  «отты су» атаған алкогольді ішімдік қазір де миллиондардың өмірін ойрандауда.
Оңтүстікте өсетін ошаған деген шөп бар. Жаздың басында пісіп жетілетін осы шөптің тұқым төгетін дәнінің сыртын тікенек қаптайды. Әлгі тікенек жайылған малдың жүніне, тіпті, сол маңайдан өткен адамның киіміне жабысады. Қолы бар адам киімінен ошағанды жұлып тастар, дегенмен жүніне жабысқан тікенекті мал қалай жұлады. Сөйтіп, жабысқан ошаған малға біраз тауқымет тарттырады. Спиртті ішімдік те дәл сол ошаған сияқты бір жабысқан пендеден айырылмай, оны тәуелділікке түсіріп, тіпті маскүнемдік дертке ұрындырады. Алғашында қызық үшін ішетін адам келе-келе бойы үйреніп, енді арақ ішпесе басы ауыратын, яғни, тәуелді күйге түскенін сезбей қалады.
Бүгінде облысымыздың аумағында Сілеті селосында маскүнемдіктен емдейтін арнайы мекеме бар. Маскүнемдікке салынғандарды туыстарының өтінішімен немесе соттың арнайы шешімімен құзырлы органдар еріксіз емделуге жіберіп жатады. Биылғы жылдың басынан бері осы мекемеге 402 адам емделуге жіберіліпті. Ондағы емнің бәрі тегін жүргізілетінін ескерсек, мұның өзі мемлекет қоржынына қаншалықты салмақ салып жатқанын аңғару қиын емес. Өкінішке орай, бірнеше айлық емдеу курсынан өтетіндердің бәрі бірдей жынды судан мүлдем бас тартып кетпейді. Ауруханадан шыға сала араққа бас қоятындар жетерлік.  Санасына терең сіңіп қалған ішімдікке деген ынтықтық пенделерді емделіп шыққаннан кейін де еріксіз маскүнемдікке қайта түсіріп жатады.
Кеңес заманында «айықтырғыш» деген мекеме барлық аудан орталықтарында болатын. Қазір бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында олардың көбі жабылып, облысымыздың аумағында екі үлкен қалада, Көкшетау мен Степногорскіде ғана қалды. Аудандардағы айықтырғыштардың жабылуы онда ішімдік ішетіндер санының азайғанын білдірмесе керек. Мәселен, жыл басынан бері Көкшетау мен Степногорскінің айықтырғыштарына 5000-нан астам мас адам түсіпті.
Обалы не, елімізде маскүнемдікке, жалпы алкогольді ішімдікті ішушілерге қарсы аяусыз күрес жүргізіліп жатыр. Ішімдік бағасының қымбаттағаны өз алдына, оны кәмелетке толмағандарға және түн мерзімінде сатуға тыйым салу арқылы да жолын кесу шаралары жасалуда. Жергілікті полиция қызметінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері өткен түрлі рейдтер барысында түн мерзімінде арақ сатқан 144 оқиға тіркеліп, сатушылар түрлі тәртіптік, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қоғамдық орындарда ішімдік ішкендерге «0-дік төзбеушілік» ұстанымы бойынша құқық қызметкерлері жыл басынан бері көпшілік орындарда мас болып жүрген   8000-дай адамды жауапкершілікке тартыпты.  Көпшілік орындарда арақ ішіп алып жүргендердің 200-дейі кәмелетке толмаған балалар екен. Тағы бір қынжыларлығы, арақ ішіп айықтырғышқа түсіп жатқандардың, қоғамдық орындарда мас болып жүретіндердің арасында  қыз-келіншектер де аз кездеспейді. Осыған қарап, маскүнемдіктің бүгінде жасқа да, жынысқа да қарамайтын жалпыхалықтық сипат алып бара жатқанын аңғаруға болады.
Арақтың адамды абыройынан айырып, тәуелділікке түсіретіні өз алдына, денсаулығына да үлкен залалын тигізеді. Бұл жөнінде медицина қызметкерлері айтып та, жазып та жүр. Сондықтан, оған арнайы тоқталып жатқан артық болар. Кеңес заманында көшелерде «Мас болып рөлге отыру – қылмыс» деген плакат ілулі тұратын. Санасын арақ тұмандандырған адамның машина рөліне отыруының  соңы апатқа, үлкен бақытсыздық жайларға ұшырататыны айтпаса да түсінікті. Арақтың тағы бір залалы – адамдарды қылмыс жасауға итермелейтіндігі. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың алпыс пайыздайы жынды судың кесірінен жасалады екен. Өткен жазда Көкшетауда өгей әкесімен бірге арақ ішіп, теледидардың пультіне таласып сол үшін оны пышақтап өлтірген оқиға болды. Былай қарасаң, ақылға сыймайтын шаруа. Теледидардың пультін бермегені үшін кісі өлтіруге бола ма?  Әлгі азаматтың сотта айтқан «арақ ішіп, мас болып қалыппын» деген уәжі қабылданбады. Ол заң бойынша лайықты жазасын алды.
Арақтың адамға тигізер залалы жайында осылай онан әрі де тізе беруге болады. Мына нәрсе айқын: алкогольді ішімдіктің адамға да, қоғамға да залалы шаш етектен.  Осыған орай, мемлекеттік деңгейде маскүнемдікпен күрес жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал, бұл дерттен сақтану әрбір адамның өз қолында.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар