Қазіргі ғылым мен жаңа технология шарықтап дамыған заманда экономикалық даму рухани дамуды басып озды. Бүгінгі күні тек қана қоғамның заттық сұранысын қанағаттандыратын, жаппай жайлы өмірді насихаттайтын «дамыған» елдердің саясаты оның мүшелерін бір-бірімен байланыстыратын адамгершілік, мейірімділік, қайырымдылық, обал, сауап, қанағат, рақым, адалдық, кішіпейілділік, еңбекқорлық сияқты адамзаттық ізгі құндылықтарды аяқасты етуде. Рухани дамуы кенжелеген қоғам ашкөздікке ұрынып, азғындайтынына тарих куә.
Осы орайда, Елбасымыздың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген рухани дамуымызға ықпал ететін бастамалардың дәл қазіргі таңда маңызы өте зор. Экономикалық тәуелсіздігімізге де әрдайым жете көңіл бөлетін Елбасымыз «Әлеуметтік жаңғыртудың жаһандық трендін» ойлап, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасын ұсынғаны белгілі.
Келмеске кеткен кеңестік кезеңнен қалған тұтынушылық пиғыл қоғамда масылдық психология қалыптастырды. Жаһандық дағдарыстың басты себебі де әлеуметтік масылдық болғанын айта келіп, Ұлт Көшбасшысы: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясы көз жетпейтін көкжиекте ойлап табылмаған. Бұл – практикалық, прагматикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйткені, мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург болып бастадым», – деп «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» атты сындарлы идеясын ұсынды.
Онда ең бірінші тұтынушылыққа бейімделген идеологиямен, жаппай масылдықпен күресу үшін әрбір қазақстандықтың еселенген еңбегіне, еңбек өнімділігі мен еңбек құндылығына баса мән беру қажеттілігі сарабдалдықпен талданған. Демек, әрбір қоғам мүшесі «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» қағидатын терең түсініп, адал еңбек етуге әрекеттенуі керек.
Мемлекет басшысы сол бағдарламада ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елді ұйытатын мәселелерді айқындап, «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына» қарай қадам жасау арқылы ғаламды жайлаған дағдарыстан қорғануға болатынын жан-жақты талдап түсіндірген еді. Елдің еңсесін көтеретін игі бастаманың маңызын қоғамның әрбір мүшесі түсініп, әлеуметтік жаңғыртуға шамасы келгенше үлес қосса, ол өзі үшін де, еліміз үшін де тиімді. Кім не береді деп жалтақтағаннан, әркім қолынан келетін іспен айналысса, өмірі берекелі болатыны айқын. Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, мәдени байлықтар адам еңбегімен жасалатындықтан, әлеуметтік жаңғырту да өнімді еңбектің арқасында жүзеге асады. Бүкіл қоғам адал еңбекке бет бұрып, тынымсыз әрекеттенсе, азаматтардың тұрмысы түзеліп, мемлекеттің даму деңгейі артатыны мәлім. Мұндай игілікке бастайтын жол – масылдықтан арылу.
Әлеуметтік жаңғырту бүкіл қоғамның, әрбір қазақстандықтың өміріне шынайы оң өзгерістер әкелуге бағытталған нақты қадамдар жасауды, соны сезіндіретін шешімдерді талап етеді. Бұл жаңғырту қоғамның әрбір мүшесінің өмірін жақсартуға бағытталғанын терең түсінсе, әркім өзі үшін қимылдайды. Аз жұмыс істеп, көп табыс табу, жан қинамай байлыққа бату секілді алдамшы ойлардан арылып, игілікке жетудің оңтайлы жолдарын ойлас-тыратын уақыт жетті. Сағым қуғандай алдамшы елеспен жүрудің күні өткенін, әркім қолынан келетін іспен айналысып, қабілетіне қарай еңбектенсе, ол нәтижесіз болмайтынын қазіргі таңда әр адамның санасына жеткізу өте маңызды.
«Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамының» бағдарламасында көрсетілгендей, әлеуметтік жаңғыру үшін қоғамды индустриялық-инновациялық экономика жағдайындағы жаңа өмірге дайындау, Қазақстанның үдемелі экономикалық дамуы мен кең көлемді игіліктермен қамтамасыз ету жолындағы оңтайлы тепе-теңдік орнату, құқық пен әділеттілік қағидаттарына негізделген әлеуметтік қатынастарды бекіту, сондай-ақ жеке сектор мен кәсіби бірлестіктердің әріптестігін жолға қоятын әлеуметтік еңбек қатынасының тиімді үлгісін құру маңызды.
Ол үшін жергілікті басқару органдары азаматтардың әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыратын өз міндеттерін адал атқарып, қоғамды заманға бейімдейтін алтын көпір болғаны абзал. Сондай-ақ, ғаламтор мен ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, мемлекет пен халықтың арасында тығыз байланыс орнауына мүмкіндік жасаса нұр үстіне нұр. Сонда инновациялық экономиканың басты қозғаушы күші орта таптың үздіксіз өсуіне, тың идеялар мен тиімді жаңалықтар ойлап табатындардың дамуына жан-жақты мүмкіндік туып, еңбек өнімділігі артады.
Елбасы жаңғырту үрдісінің табысты болуына қажетті қағидаттарды да эволюциялық, ортақ жауапкершілік, әріптестік қарым-қатынас, ынталандыру, кәсібилік сияқты түсініктерді жеке-жеке талдап, маңызын түсіндірді.
Халықтың әл-ауқатын жақсартып, елді көркейтудің ең төте жолы – тоталитарлық жүйе қалыптастырған жаппай тұтынушылық пиғылмен және масылдық санамен күресу. Ұлттық руханият пен елдің экономикалық тұрақты дамуына негіз болатын жалпыадамзаттық құндылық – еңбекті алдыңғы орынға қойып, мазмұнын қайта жаңғырту мемлекет үшін маңызды міндет. Еңбек – елдің де, жеке адамның да өсіп-өркендеуінің кепілі. «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясы қоғамды дамытатын еңбекке баса мән беріп, ел игілігі мен жеке бастың ауқатты өмірін қамтамасыз ететін қажырлылыққа шақырады. Халықтың әл-ауқаты жақсы болса, мемлекеттің де келешегі кемел болатыны белгілі.
Соңғы жылдары елдегі өндірістердің көптеп ашылуы жұмыс орындарына деген сұранысты қанағаттандырғанмен, кейде маман мен жұмысшы тапшылығына қатысты мәселе туындап жатады. Осы орайда Елбасының: «Егер біздің қабілетті ұлт болғымыз келетіндігі рас болса, бұл психологиядан арылу қажет! Жаңа біліктілікті меңгеру және зауытқа, өндіріске бару керек. Қазақстандық жас болсын, ересек болсын бос отырып, бәрін сынай бермей жұмыс бар жерге, нәпақа табатын жерге қарай ұмтылулары керек!» деген пікірі ойға оралады.
Жалпы, трансұлттық компаниялардың әлемдік нарықты мейлінше аз уақытта барынша кеңінен жаулап алуға жанталаса ұмтылуы, жаһандық ірі мәдениеттердің ұсақ мәдениеттерді жұтып қою қаупінің уақыт өткен сайын артуы, экономикалық тәуелді елдердің өз тілі мен ділін, мәдениеті мен болмысын сақтап қалу қабілеті әлсіреп бара жатқан мына заманда Қазақстанның да жарқын болашаққа тек экономиканы дамытумен ғана жетуі мүмкін емес екенін түсініп, экономикалық дамуға күш беретін рухани қуаттылықты арттыруға әрбір қазақстандық үлес қосуы маңызды. Ол үшін қоғамның еңбекші күшінің санасын жаңғыртып, қоғамдық сананы өзгертуге ұмтылуы керек. Қоғамдық сананы өзгерту – қоғамды өзгертумен бара-бар, сондықтан қоғамдық сананы өзгертуге ықпал ететін қазақтың ұтымды сөздерін орнымен пайдаланып, халыққа түсінікті әрі жүйелі жеткізу маңызды. Нарықтық экономикаға бейімделген қоғамдық қатынастарды реттеу барысында еңбекке басымдық беру жеке адам үшін де, қоғам үшін де тиімді болатынын қарапайым халыққа қарапайым тілмен түсіндіру қажет. Өзіне пайдалы нәрсе ұғымды сөзбен айтылса, кез келген адам құлақ түреді.
Ұлттық құндылықтар мен қоғамдық өзгерістерді сабақтастырып, үрдісті үзбей, дәстүрді бұзбай, тілді шұбарламай, еңбекке икемді ұрпақты тәрбиелеу үшін жүйелі сөзді орнымен қолдана білу – уақыт талабы. Ақыл-ой тәрбиесінің бастау-бұлағы сөз өнері әлсіресе, ұлт та әлсірейді. Сөз – қазақ үшін құдіретті күш. Осы күшпен өскелең ұрпақты рухани байытып, адал еңбек пен кәсіпкерлікке жұмылдыру – қай жағынан алғанда да тиімді.
Сөз салмағын ұғынған қазақ – табиғатынан еңбексүйгіш халық. Жаны таза, ниеті адал қазақ арам жолмен табылған нанды дастарқанына қоймаған, күдіктенсе, бөтеннің дастарқанынан дәм татпаған. Алла молынан несібе берсе, шүкірлік етіп, аз берсе, қанағат қылған. «Еңбек етпеген ішіп-жемейді» деген бабаларымыз арамтамақтарды «жалқаудың жаны – тәтті» деп мысқылдаса, өзгенің еңбегін пайдаланатындарды «арамтамақ» деп бағалаған.
Әрбір қоғам мүшесі «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясының тиімділігін түсініп, халқымыздың қанында бар еңбексүйгіштікті қайта жандандырса, өзіне де, қоғамға да пайдалы болмақ.
Халқының қамын ойлап, кейінгіге өлмес мұра қалдырған қазақтың әлемдік деңгейдегі ұлы ақыны Абайдың:
«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап,
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен еңбегің екі жақтап», – деген дана тағылымын өскелең ұрпақ жадында сақтап, адал еңбекке бейімделсе, замана көшінен қалмай, еліміздің абыройын асқақтата түсетіні анық.
Салиха ДУАНАЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты, Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ғылыми хатшысы.