Есімі елдің тұғырына, берік діңгегіне айналған биік тұлғалар, асыл жандар болады. Менің түсінігімде сондай тұлғаның бірі – бүгінде 100 жасқа толған марқұм Бәйкен Әшімов ағамыз. Оның есімі естілгеннен-ақ Қазақ елінің тұтас көрінісі көз алдыңа елестейді.
Бұл оның елге сіңірген еңбегімен қатар, қазақтың ең байыпты адамдарына тән айрықша қалпының әсері болса керек. Мен Бәйкен ағамен 1993 жылдан бері таныс болдым. Ол кезде Алматыдағы жоғары жалпы-әскери командалық училищенің бастығы болып қызмет істеп жүрген едім. Еліміздегі жоғары білімді офицерлер дайындайтын бірден-бір оқу орны болғандықтан, оның материалдық-техникалық базасын арттыруға, білім сапасын жақсартуға күш салып жүрдік. Әскери ғылым бойынша ғылыми диссертациялар қорғататын аттестациялық комиссия да құрдық. Осы комиссияда Бәйкен Әшімұлының баласы Оңдасын Әшімов те қызмет етіп, сол кісі арқылы ағамен танысқан едім.
Бір көргеннен-ақ ол маған қатты әсер етті. Барынша байсалды, қара жерге тірек болғандай орнықты сөздерімен, байыпты қалпымен қатар, ол кісі өмірдің бүгінгі ағыстарына, болып жатқан өзгерістерге сергек қарап, зерделі пікірлер, терең ойлар айтты. Алдымен училищедегі ұлттық құрамға қатты көңіл бөлгені, қазақ балаларының оған түсуге қаншалықты ықыласты екенін сұрағаны есімде. Шынында, орналасқан жері Алматы қаласы болғанымен, бұл оқу орнында оқитын болашақ қазақ офицерлерінің үлесі кезінде 2-3 пайыздан аспайтын. Оның әрине, түрлі себептері бар, соның ішінде қазақ ата-аналардың балаларын әскери оқуға беріп, елден алыс кетуіне қарсы болғандығы да бар еді. Бәйкен аға сондайлардың бәрін біледі екен. Алайда, тәуелсіздік алғаннан бері училищеге оқуға ниет білдірген қазақ балаларының саны еселеп көбейгенін айтқанымда, ол кісі біршама разы болып, жылы жымиып, жадырап қалды. Осылай басталған әңгімеміз бірнеше жылдарға созылған жарасты қарым-қатынасқа ұласып, Бәйкен ағаның өмір жолымен жақсы таныс-
тым.
Ол кісі де мен сияқты еліміздің ауа райы қытымыр, қысы – қатал, жазы – ыстық, кей жылдары ылғалы шамадан тыс артып, кейде құрғақшылығы асып кететін солтүстік өңірде дүниеге келіпті. Ән мен жырдың сүлейі Ақан ауылына жақын орналасқан оның туған жерінде серінің өнегесі мен өнері жастардың бойына жастай сіңіріледі екен. Алтыбақанда шырқалған Ақан әндері түні бойы қалықтап, жайлаудың сәнін арттырып, Арқаның алыс қырларына дейін естіліп тұрған.
Бәйкен аға жастайынан өмірдің шырғалаңы мен тағдырдың талқысына тап болған. Алты айға толар-толмаста әкесі Әшім кенеттен дүниеден өтіп, жетім қалады. Бірақ, қазақтың дана дәстүрімен шешесі елден кетпей, әкесінің інісі Қабдоллаға әмеңгерлік жолымен қосылып, туған әке болмаса да оның орнын жоқтатпайды.
Бәйкен ағаға отбасылық қиыншылықтан гөрі сырттың қысымы заһарлы болады. Бозбала шағы халықтың күнкөріс көзі – малын тұтастай тартып алып, колхоздың қоңыртөбел тірлігіне иіріп тастаған қиын жылдарға тап келген. Жағдай одан әрі де ушығып, барынша азайтылған малдар қырылып, оның үстіне егін де шықпай, барлық жұрт аштыққа ұшырайды.
Бір кезде Максим Горькийдің «Мои университеты» кітабынан нағашы атасының «Иди-ка ты, Лексей, в люди» деп жиенін баға алмай, қаңғыртып жібергенін оқыған едік. Сондай жағдай қазақ даласында да болып, 1932 жылдың аштығы қысқанда он бес жасар Бәйкенді ағасы Қабдолла бірдеңе қылып күніңді көрерсің, біз құдайдың басқа салғанын осында көреміз, деп жалғыз өзін жаяу-жалпы Көкшетауға аттандырып жібереді. Жүз елу шақырым жерге бірнеше күн жүріп, итшілеп зорға жеткен баланы мұнда салулы төсек, салқын үй күтіп тұрған жоқ еді. Әрі аш, әрі баратын баспанасы жоқ бозбала қаладағы балалар үйін табады. «Қарға тамырлы қазақ» қой, ол мұнда директор болып істейтін аталас ағайыны Есбай Сүлейменовті іздеп келген еді. Әйтеуір, жөні түзу қазақ бірін-бірі тастамайды емес пе, Бәйкенді балалар үйіне алдыра алмаған ол Петропавлдағы фабрика-зауыт оқуына (ФЗО) жібереді. Есбай ағасының осы жақсылығын Бәйкен аға өмір бойы ұмытпай, кейін өзіне де, оның ұрпақтарына да қолдан келген көмегін жасап баққан.
Петропавлда да бір таныс ағасы табылып, бозбаланың қолы бір жан сақтайтын жерге ілігеді-ау, әйтеуір. Осындай тағдырға тап болғанына Бәйкен аға шүкіршілік айтатын, ал өзіндей мыңдаған бала мұндайға қол жеткізе алмай қырылып қалғанын еске алып, ол қатты күрсінетін еді.
ФЗО-ны бітіріп, біршама ысылып, орыс тілін де үйренген бозбала енді дұрысырақ мамандық алуды көздеп, Петропавлдан сексен шақырым жерде, Покровка деген селода орналасқан ауыл шаруашылығы техникумына түседі. Қазақша Ақжар деп аталатын бұл село мен туып-өскен Көбештен (орысшасы Николаевка) 30 шақырым жерде ғана. Сондықтан, Бәйкен ағамен бір жердің дәмін татып, бір Есілдің суын кешіп жүрген болып шықтық.
1938 жылы Бәйкен Әшімов осы техникумның толық курсын бітіріп, орта білімді маман болып шығады. Оның үстіне техникумның соңғы курсынан комсомолдық жұмысқа да тартылып, ел көріп, жер көріп, жұрт танып, халықпен жұмыс істеуіне де жағдай жасалған. Осы бетпен кете берсе де ол қызметтің биік сатыларына қол жеткізген болар еді, бірақ, тағдыр жолы оны басқа арнаға бұрады. Дәл осы жылдың күзінде оны мерзімді әскери міндетін өтеу үшін әскерге шақыртып, Украина жерінде орналасқан әскери құраманың сапына қатардағы жа-
уынгер етіп жібереді.
Әскер қатарында жүрген Бәйкен аға тарихи оқиғаларға қатысып, КСРО-ның батыстағы шекараларын кеңейту операцияларының бел ортасында болады. 1939 жылдың қыркүйегінде Германия мен КСРО-ның арасында жасалған құпия пактіге сәйкес Қызыл армия кеңес-поляк шекарасынан өтіп, Украина мен Белоруссияның Польшаға қарайтын батыс бөліктерін басып алды. Сондай-ақ, Балтық бойындағы шағын мемлекеттер де КСРО-ға қаратылды. Одан әрі Финляндияға қарсы соғыс ашып, 74 мың жауынгерін жоғалта отырып, Карель мойнағы мен Фин шығанағындағы бірнеше аралды тартып алды. Бұл басқыншылық соғысты Ұлттар лигасы айыптап, КСРО-ны ұйымның қатарынан шығару туралы қарар қабылдаған.
Бәйкен Әшімов ағамыз қатардағы қызыләскер ретінде осы соғыстарға қатысқан. Міндетті әскери мерзімі аяқталған соң ол 1941 жылдың 18 маусымы күні үйіне аман-есен жетеді. Бірақ, содан кейін төрт күн өткенде Ұлы Отан соғысы басталғаны мәлім…
Әскери міндетін өтеп, соғыс көріп, запасқа шығарылған жауынгерді аудандық комиссариат бірден шақырмайды. Айыртау ауданында баяғыда Сәкен Сейфуллин Совнаркомның төрағасы болып жүргенде аштырған Казгородокта бір жыл мұғалім болып істейді. Тек 1942 жылдың жазында ғана әскерге алынып, алдымен Ташкенттегі әскери-саяси училищенің қысқа мерзімді курсынан өтіп, сосын Спасск-Демьянск қаласының түбінде тұрған әскери бөлімге рота командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары етіп жіберіледі.
Бәйкен аға – Ұлы Отан соғысына сол 1942 жылдың жазынан Жеңіс күніне дейін белсене қатысқан жауынгер. Ол майданға кіші лейтенант дәрежесінде кіріп, үш жылда капитан атағын алған, «Қызыл жұлдыз»,
І және ІІ дәрежелі Отан соғысы, Польшаның «Вертути миллитари» ордендерін, бірнеше медаль алған. Жеңіс күнін ауыр жараланып түскен госпитальда қарсы алып, онда он ай жатқан соң әскери-дәрігерлік комиссияның шешімімен мүгедектік беріліп, армиядан босатылған. Соғыс жылдарын еске алғанда аға майдандас достары туралы көп айтушы еді. Олардың кейбірін соғыстан көп жыл өткен соң тауып алып, жақын қарым-қатынас орнатыпты.
Бәйкен аға секілді салмақты, істеген ісіне тыңғылықты, адамдармен оңай тіл табысатын, ұйымдастырушылық қабілеті бекем, оның үстіне ауыл шаруашылығы бойынша орта арнаулы білімі бар офицерді Айыртау ауданындағы жергілікті өкімет құшақ жая қарсы алып, алдымен аудандық атқару комитетіне жауапты хатшы, одан соң атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейін партия комитетінің екінші хатшысы сияқты қызметтерге тағайындайды. Алайда, адамдарды бір-біріне аңдытып, бір-бірінің үстінен арыз-шағым жазуды қоштап отырған өкімет соғыстан кейін де сондай сорақылығын жасап, емен-жарқын өмір сүруге кедергі жасап бағады. Жұмысты жақсы істейтін қаншама адал кадрлар үстінен жазылған домалақ арыздың кесірінен қызметтен қуылып, қуғынға ұшырайды. Бәйкен ағаның үстінен де бір арыз түсіп, оны «бай баласы» деп көрсетеді. Байларды тегіс құртып, мал-мүлкін тонап алғандарына жиырма жылдан асса да, соғысқа қатысып, Отанды белсенді қорғағаны көз алдарында тұрса да, қайтсе де жаза беруге тырысып, алақандарын ысқылап отырған облыстық партия комитетіндегілер «партияға кірерде әлеуметтік тегін жасырған» деген айыппен Бәйкен ағаға партиялық жаза беріп, оны кезекті партконференцияда жоғары басшылық қызметіне ұсынбайды. Сондықтан, бұрынғы атқарып жүрген лауазымынан төмендетіліп, Зеренді ауданына ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметіне жіберіледі. Бұл Бәйкен Әшімовтің өміріндегі жалғыз төмендетілу еді. Басқа уақыттың бәрінде ол өзінің іскерлігі мен жігерінің, білімі мен қайратының, мінезінің сыйымдылығы мен ірілігінің арқасында қызмет баспалдағы бойынша үнемі өсіп отырған. Білікті кадр-
лар тапшы болып отырған кезде облыс басшылығы Бәйкен ағаны ауданда ұзақ ұстап отыра алмайды, партиялық жаза мерзімі өтелген соң, 1952 жылы оны Көкшетауға қызметке алдырып, алдымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, одан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтеріне тағайындайды. Осы қызметтерде жүріп Бәйкен аға Ленинградтың Қолданбалы зоология және фитопатология институтын, Жоғары партия мектебін сырттай оқып бітіреді. Бұл да Бәйкен ағаның ерінбейтін еңбекқор, қолға алған ісінен таймайтын табанды, білім мен ғылымға зор көңіл бөлген жан екенін көрсетіп тұр.
Көкшетаудағы жылдары туралы айтқанда ол кісі Тың эпопеясына көп көңіл аударатын. Ондағы жанқиярлық еңбекпен қатар басшылар тарапынан жасалған кейбір қызық-шыжық сорақы қылықтары туралы айтқанда аға көп толғанушы еді. Ал, біз оның сол кездегі кеңшар, аудан, облыс көлеміндегі кадрларды жаңылмай айтып, еске алып отыратын жадына таң қалатынбыз.
1961 жылы Бәйкен Әшімов Қарағанды облысы атқару комитетінің төрағалығына сайланған. Бұл – Қарағандыға республика ғана емес, Одақ басшыларының да назары ауып, қатты шүйлігіп тұрған жылдар еді. Оларды әсіресе, Теміртаудағы қанды оқиғалардың себеп-салдарлары алаңдататын. Жаңа төраға үлкен сенімнен шығып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы-
на айтарлықтай үлес қосып, алаңдататын ахуалдарды қалыпты арнаға түсіреді. Әртүрлі қыңыр әңгімелерден ада, іскер орта қалыптасқан Қарағандыны ол әрқашан сағынышпен еске алып отыратын. Өзінің «Ел сенімі – ең қымбатың» атты естелік кітабында ол Қарағанды туралы: «Мұндағы еңбекке жарамды халық негізінен жұмысшы ұжымдарында шоғырланған. Зиялы қауым да бар. Олардың көбі техникалық интел-лигенция. Сондықтан да болар, мұндағы ахуалда іскерлік әуен басым. Рухани ауасы таза, көлденең келеңсіздіктерден ада», – деп жазады. 1967 жылдың аяғында Бәйкен Әшімов бір жабылып, қайтадан ашылған Талдықорған облысының бірінші басшылығына жіберіледі. 1970 жылдың басына дейін екі жылдан артық уақыт қана істесе де ағамыз талдықорғандықтарды жақсы көңілмен еске алып отыратын. Жетісудың бес өзені аумағынан өтетін бұл өлкенің құнарын, тамылжыған табиғатын ол қимастықпен ауызға алатын еді. Жаңа-дан ашылған облысқа өкімет бұрын сырын алмаған неше түрлі кадрларды еліміздің барлық түкпірлерінен жіберген екен. Мысалы, облыстың атқару комитетінің төрағалығына солтүстікқазақстандық Ф.Завгороднийді, оның бірінші орынбасарлығына алматылық А.Ерсалиевті, обкомның екінші хатшылығына Орталық комитеттен П.Евсеневті және т.б. жолдапты. Әртүрлі ортаға көндіккен осылардың бәрінің іскерлігін бір арнаға тоғыстырып, ортақ іске жұмылдыру бірінші басшыға оңай болмаған. Алайда, бұл қызметінде де ағамыз өзінің ақыл-парасатының арқасында биіктен табылып, облысты осы аз уақыттың ішінде аяғынан тұрғызып кетеді.
Бәйкен Әшімовті республика халқына жаппай танытып, мәшһүр қылған оның Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметін 14 жыл бойы атқарған еңбегі. Бұл қызметті ол 1970 жылдың 1 сәуірінен бастап, 1984 жылдың сәуіріне дейін абыроймен атқарғанын қазақстандықтардың бәрі де біледі. Біздің міндетіміз ол қызмет атқарған жылдарда республика экономикасының қол жеткізген табыстарын жазу болмағандықтан, тек ағаның өз аузынан естіген кейбір дүниелерді ғана атап кетеміз. Қол жеткізген табыстарды жалғыз мен істедім демеймін, оған сол кездегі жұмысшылардың ерен еңбектері мүмкіндік тудырып, басшы болған кадрлардың бәрі де жұмылдырылды, жоғары басшылық тарапынан қолдау болды. Талдықорғандағы аккумулятор, Шымкенттегі шина, Қарағандыдағы резина-техникалық бұйымдар, Рудныйдағы отқа төзімді заттар және т.б. толып жатқан ірі зауыттармен қатар, жеңіл және тамақ өндірісі салаларындағы Алматы мақта-мата, Қостанай мәуіті комбинаттары, Қапшағай мен Көкшетаудың фарфор және Қарағанды, Қостанай кондитер фабрикалары, барлық облыстардағы ет-сүт өнімдерін өңдейтін орындар және т.б. белгілі кәсіпорындардың бәрінің іске қосылып, ел экономикасының нығаюына үлес қосуына барлық тиісті кадрлар атсалысып, қызмет етті, дейтін ол. Бәйкен аға Үкімет басында болған 1970-1980 жылдары ауыл-село еңбеккерлерінің де тұрмыстық ахуалы артып, ұжымшарлар мен кеңшарлардың экономикалық жағдайы артқаны белгілі. Оқу, ғылым, медицина, мәдениет ошақтары да жүздеп салынып, халықтың әлеуметтік жағдайы артып, Кеңес Одағы орнаған жылдардан бергі ең жақсы тұрмысқа қол жеткізді.
Өзінің әңгімелерінде ағамыз Дінмұхамед Қонаев туралы жақсы пікірлер айтушы еді. Оның ұстамдылығын, басқаларды зейін қойып тыңдай білетін мәдениеті мен сыпайылығын, бос сөзділік, құрғақ уәде дегеннен ада болғанын айтып отыратын. Сонымен бірге, Жұмабек Тәшеновтің республиканың аумағын бөлшектеуге ашық қарсылық көрсеткен батырлық әрекеттерін де сүйіспеншілікпен еске алатын. Ол кісінің әңгімелерінен Мәсімхан Бейсебаев, Фазыл Кәрібжанов және т.б. тұлғалар туралы жалпақ жұрт біле бермейтін қызықты деректер естіген едік. Сондай-ақ, Жұмабай
Шаяхметов, Ілияс Омаров, Нұртас Оңдасынов сияқты айтулы тұлғаларды еске алғанда да Бәйкен аға ұзақ толғайтын.
Орталық билік басшылары арасынан өзінің КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы Алексей Косыгинмен жақын араласқанын, жылы қарым-қатынаста болғанын зор қанағатпен әңгімелеуші еді. Екеуі бірнеше рет КСРО-ның шетелге шыққан делегацияларының құрамында да бірге болыпты. Үлкен ақыл-парасаттың иесі болған А.Косыгин әрі іскер, әрі ортақ іске жанашырлықпен қарайтын әділ адам болған екен. Бір жолы ол Бәйкен ағаның бір тілегіне орай Қазақстанның кеңшарлары мен ұжымшарларының тығырықтан шығуы үшін қосымша 800 миллион рубль бөлдірген екен. Мұндай көмектер бұдан басқа жолдары да болып тұрыпты.
Жоғарғы Кеңес төралқасының төрағасы қызметінен 1985 жылы 68 жасында зейнет демалысына шыққанда ол әлі де тың екен. Бірақ, Горбачев заманының білікті кадрларға жаудай шүйліккен «қайта құруы» оны да шарпып өтіпті. Алайда, ағамыз ешқашан өкінбей, өзінің биік лауазымнан абыроймен кеткенін әрқашан шүкірлікпен айтып отыратын.
Халқына абыз деп танылған абзал аға Қазақстанның бүгінгі дамуына ризашылығын білдіріп, дұрыс жолда келе жатқанымызды үнемі білдіріп отыратын. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өте іскер, аса дарынды басшы екенін ол бұрыннан білетінін айтып, бүгінгі саясатын қолдайтын.
Бәйкен Әшімов ағамыз отбасында да бүкіл қазақ қауымына үлгі боларлық ғұмыр кешті. 1946 жылы қосылған жұбайы Бақыт Әсетқызымен жан дүниелері өмірлік үйлесім тауып, зиятты отбасы болды. Ұлдары Оңдасын да, қыздары Нэйлюфар мен Рау-
за да техника ғылымымен айналысқан ғалымдар. Оңдасын ғылым докторы, қыздары кандидаттық диссертацияларын Мәскеудің білікті институттарында қорғаған. Бәйкен ағаның немере-жиендері де өмірден өз орындарын тапқан, жақсы аталары секілді орнықты жандар.