Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жан азығы керек! - АРҚА АЖАРЫ

Жан азығы керек!

Соңғы жылдары облыс орталығында газет-журналдар сататын дүңгіршектер қарасы мүлдем жоғалды.

Сөйтіп, орталықтағы «Қазпошта» ғимаратында ғана осындай жалғыз сауда орны қалды. Осының салдарынан жұрт өздері қалаған мерзімдік басылымдарды қайдан аламыз деп бір-бірінен сұрап жүретін халге жетті. Ал, жуырда редакциямыздың жанындағы көптен бері жабық тұрған «Номадпресс» бөлімшесінің газет дүңгіршегі қайта ашылып, мерзімдік басылымдармен сауда жасай бастағанын көргенде, шын мәнісінде қуанып қалдық. Осы бір жаңалық бізге артынша жеке кәсіпкер Надежда Николаевна Сосновскаяны аз-мұз әңгімеге тартудың да сәтін сала қойды. –Жұмыстарыңызды қайта қолға алып жатыр екенсіздер?
–Жоқ, бұл сіз ойлағандай, «Номадпресс» емес. Біз тек бұрын сол мекемеде еңбек еткен қызметкерлерміз. Бір кездегі газет-журнал саудасымен айналысқан «Қазпресс» кейін «Номадпресс» болып қайта құрылып, жұмысы жүрмеуінен тарап кеткені белгілі. Сол себептен біз де үйренген ісімізден қол үзіп, үйде отырып қалдық. Кезінде бір ғана облыс орталығы Көкшетау қаласында осындай 10 дүңгіршек  жабылып тынды. Сөйтіп, қаншама қызметкер жұмыссыз, тағы қаншама адам бізден алып тұратын газет-журналсыз қалғанын өзіңіз шамалай беріңіз. Ақыры биыл осыны көріп шыдамай, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз ісімізді ашып жатқан жайымыз бар. Осы Сәтбаев және Әуелбеков көшелерінің қиылысы мен Абай көшесінің бойындағы бұрынғы «Береке» дүкенінің маңында екі дүңгіршегіміз тұр. Қала тұрғындары мен қонақтары енді өткен-кеткенде осы араға соғып, қалаған мерзімдік басылымдарын сатып алып тұруларына болады. Әрине, бүгін үшінші күн ғана жұмыс істеп жатқандықтан, бізде әзірге жұрттың көңіліндегі барлық газет-журналдар бар деп айта алмаймыз. Бірақ, бірте-бірте жетпегенімізді толықтырып, оқырмандардың талап-тілегінен шығуға ұмтылатынымыз анық. Сататынымыз өздеріңіз білетіндей, Қазақстан мен Ресей басылымдары. Бүгін міне, айталық, саудаға «Время» газеті де түсе бастады.
–Мына нарық заманында да адамға бір керегі жан азығы ғой. Сондықтан, осы жаңалықты құп көріп, керек басылымдарын сатып алып жатқандардың қарасы қалай?
–Бары бар ғой. Бірақ, сондай көп деп айта алмаймыз. Қазір кешегі баспасөздің қадірін білетін адамдар болмаса, жастар ештеңе оқымай кетті ғой. Барлығы интернетке біржола мойынсұнып алған. Егер газет саудасы тиімді болса, біз жұмыс істеген «Номадпресс» те тарап кетер ме еді. Осы тұрғанда бізге де оңай емес.  Дүңгіршекпен бірге жалға алған жерімізге де ақы төлейміз. Осы газеттердің бәрін дерлік келісім-шарт арқылы көтере сауда жасаушылардан сатып алып отырмыз. Біздікі соған қосылған азын-аулақ бағаны ғана қанағат тұту. Одан артық көтеруге болмайды. Олай істесек, халық алмай қояды. Бұл өзімізге де тиімсіз. Яғни, шығын көп, пайда аз. Осыны ойлай келе, газет өнімдерімен бірге, кейбір күнделікті сұраныстағы жеңіл-желпі кеңсе тауарларын да саудаға қойдық.
–Рахмет, бізді қуантатыны әйтеуір, көптен жабылып қалған дүңгіршекке қайта жан бітіргендеріңіз. Осының өзі неге тұрады?!.
– Әрине, бұл талабымыздан не шығарын алдағы уақыт көрсетеді. Егер жұмысымыз жүріп кетсе, осындай дүңгіршектерді басқа жерлерден де ашатынымызға күмән жоқ. Сонымен бірге, сіз айтып жатқан қазақ басылымдары да назарымызда болары анық. Қазірдің өзінде «Арқа ажары», «Көкшетау», «Бұқпа!» газеттері міне, сатылымда тұр.
Р.S. Осы әңгімеден кейін іргеміздегі дүңгіршектен біз де екі-үш газет сатып алдық. Алда да алып тұрарымыз сөзсіз. Жұмысы жүріп кетуіне аз-мұз сеп болсын. Сіз де ағайын, осы газет дүңгіршегі тағы жабылып қалмасын десеңіз, өткен-кеткенде оған көз тоқтатып, бұрыла жүріңіз. Сізге, бізге, қоғамымызға жан азығы бәрібір керек қой!

Сұхбатты жүргізген Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар