Облыс орталығындағы «Истоки» мәдениет үйінде футбол жанкүйерлері арасында ұйымдастырылған қалалық шағын футбол чемпионатының салтанатты жабылу рәсімі болып өтті.
Айта кетейік, үстіміздегі жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында өткізілген шағын футбол жарысына 14 команда қатысқан. Шағын футбол маусымының салтанатты жабылу рәсімінде «Ақмола облыстық федерациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Қанат Қожақов, «Футбол жанкүйерлерінің қазақстандық лигасы» қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысы және Көкшетау қаласы бойынша филиалының директоры Айбақыт Мырзатай, «Оқжетпес» әйелдер футбол командасының жаттықтырушысы Николай Мельников сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға белсенділіктері үшін зор алғыстарын білдірді.
Футбол жанкүйерлері арасында ұйымдастырылған қалалық шағын футбол чемпионатына белсенді араласқаны үшін «Astory», «Стимул», «Транстелеком-Халық банкі», «Олимп», «Строй Тау», «Сұлтан», «Самрұқ», «Милан», «Бұқпа»,
«А студио», «Шахтер» командалары мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Елім-ай» командасының қақпашысы Саят Хамзин мен осы команданың тағы бір ойыншысы Фархад Ташаев, «Қазақтелеком» командасының шабуылшысы Сүлей Салыбеков үздік ойыншылар атанып, арнайы дипломдарға ие болды. Ал, чемпионат қорытындысы бойынша, «Елім-ай» командасы бірінші орынды жеңіп алып, Қазақстан чемпионатына қатысуға жолдама алды. Екінші және үшінші орындарды «Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті» мен «Қазақтелеком» командалары өзара бөлісті. Сондай-ақ, бұл күні «Транстелеком-Халық банкі» командасына Көкшетау футбол жанкүйерлерінің кубогы тапсырылды.
«Арқа ажарының»
өз ақпараты.