Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үзеңгілес бірге жүрдім - АРҚА АЖАРЫ

Үзеңгілес бірге жүрдім

Бүкіл қазақтың, оның ішінде Сарыарқаның арқалы әрі ардақты азаматы Сәкен Сейфуллин негізін қалаған «Тіршіліктің» жалғасы Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті биылғы жылы өзінің 100 жылдығын атап өтуде. Бір ғасырлық тарихы бар бұл басылым «Коммунизм нұры» аталып келген кезден бастап менің қамқорым, жанашырым, қиын-қыстау уақыттарда демеушім болып, дұрыс жол көрсететін ақылшым. 

«Коммунизм нұры» газетімен алғашқы таныстығым 1965 жылдың төртінші тоқсанында оған жазылудан басталды. Аталмыш жылдың күзінде кеңестік Батыс Украинада үш жылдық әскери міндетімді атқарғаннан кейін Целиноград облыстық телевизиялық орталығына электромеханик болып жұмысқа орналастым. Негізгі тұрағым облыс орталығының «А» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде орналасқан ортаншы ағам Қабиболаттың пәтері. Әскерден аман-есен оралғаныма арнап аға-жеңгеміз кеш өткізуде, бұл кешке туған-туысқандарымыздан басқа, ағайдың жора-жолдастары да келді. Солардың ішінде республика көлеміне белгілі жазушы-журналист, жерлесіміз Мәди Хасенов та болды. Ол кісі біраз әңгімелескеннен кейін «Коммунизм нұрына» жазылу туралы ұсыныс жасады. Оны құп алдым. Шығармашылыққа қатысты сұрақтарына мектепте оқып жүргенде, әскери міндетімді атқарғанда қабырға газеттерін шығарып, Ескене-жалда тұрғанда анда-санда аудандық, облыстық мерзімді басылымдарға ауыл тынысы туралы хабарлар жазып жіберетінім туралы айттым…
Сонымен, 1965 жылы қазанның тоғызыншы жұлдызында телеорталыққа дыбыс жүйесінің электромеханигі болып орналастым. Атқарып жүрген жұмысымды тиянақты орындауға тырыстым. Сол жылдың 8 желтоқсанында телеорталық директоры Г.Лурьенің жарлығымен жылжымалы телевизиялық станцияны монтаждау және қондырғыларды меңгеруге белсенді қатысқаным үшін алғыс жариялап, 20 сом сыйақы мен «Коммунистік еңбек екпіндісі» деген төсбелгісін тапсырды. 1966-ның жаңа жылы да келіп қалды, телестудияның аға редакторы Амантай Сатаев (белгілі жазушы, драматург, сценарист) кабинетіне алдырып, шығармашылық жұмысқа шақырды. Мен:
– Ойланып, аға-жеңгеммен ақылдасайын,–деген жауап айттым.
– Ойыңды көп созба, біз қазақ тілінде эфирге хабар шығаратын редакциямыз, қазір қызметте жүрген екі режиссеріміз орыс тілді адамдар (біреуі орыс, екіншісі түркімен болса керек – автор.) олар қазақша білмегендіктен дайындалып жатқан материалды түсінбейді,–деп кездесуімізді аяқтады. Сонымен 1966 жылдың 2 ақпанында қазақ редакциясы режиссерінің ассистенті болып тағайындалдым, кейіннен 2-ші категория-
лы режиссердің ассистенті, режиссердің міндетін атқарушы болып шығармашылық қызмет еттім. Бұл ұжымда редакторлар болып істеген Күлмес Рахымжанов, Амантай Сатаев, Қажымұрат Рақымовтардың ағалық қамқорлығында болдым. Осылай шығармашылық жұмысқа белуардан кірісіп кеттім…
Бүгінгі күндері лүпілдеген жүрек, ой ырғақтары осыдан жарты ғасырдан астам уақыт өткен күндерді көз алдыма әкеледі… «Қазақ халық композиторлары» циклынан берілетін әдеби-музыкалық хабарларда Құрманғазы, Тәттімбет, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Дина Нұрпейісова, Александр Затаевич, «Тарихи» циклдан Алматы, Ақмола, Көкшетау, тағы басқа кең байтақ республикамыздың елді мекендері туралы телеочерктер, суреттемелер, Алаша хан кесенесі жөнінде көлемді хабарлар бердік. Өнер, әдебиет хақындағы
туындыларымызды тек қана республика шеңберінде шектемей, көрші елдердің де шығармашылықтарын көрермендерге паш еттік, соның ішінде қырғыздың «Манасы», Өзбекстан әншісі Батыр Закировтың творчес-
твосы жөніндегі хабарларды айтуға болады. Өзіміздің КСРО халық әртістері атанған Күләш Байсейітова, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова туралы хабарлар берілді. Теледидар арқылы көрермендерді алғаш рет итальяндық Робертино Лоретти атанған, «Әрқашан күн сөнбесін» әнін шебер, нақышына келтіріп орындайтын ұйғыр әншісі Мұрат Ахмадиевпен таныстырдық (ол көп жылдар бойы Мәжіліс депутаты болды). «Балқадиша», «Дударай» (М.Жагорқызы туралы) әндері хақында әдеби-музыкалық, тағы басқа көптеген хабарларды жүргізуге штаттағы журналистермен қатар, облыстық «Коммунизм нұры», радио, республикалық мерзімді басылымдар қаламгерлері де жиі тартылып жүрді. Олардың ішінде Мәди Хасенов, Октябрь Әлібеков, Амантай Кәкенов, Шәмшиден Дәуітов, Әмір Нүркішев, Жарасбай Нұрқанов («Социалистік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі), Жомарт Әбдіхалықов («Лениншіл жас»), Манап Шәкенов («Қазақ радиосы»), Нөгербек Мағзұмов (облыстық радио) бар болатын. Мысалы, жерлес жазушы-журналист Мәди Хасеновтың Үкілі Ыбырайдың «Қалдырған» өлеңінің негізінде «Ұмытылмас ән» деп аталатын тарихи-әдеби хабары ұйымдастырылып, «Поэзия» циклынан Нұрғожа Оразов, Жарасбай Нұрқанов, Төлеген Қажыбаев, Сейіт Қадыров ақындармен талай кездесулер өткізілді, аты аталған қаламгерлер барлығы дерлік (С.Қадыровты есепке алмағанда) Ақмола облыстық, «Тың өлкесі» газеттерінің қабырғасында журналистік тәжірибе жинақтаған өз істерінің майталмандары еді.
1966 жылдың 17 сәуірінде (№80) «Коммунизм нұры» газетінде «Ізденген жетер мұратқа» атты менің телережиссерлік талпынысым туралы редакциялық материал жария-
ланды. Бір-екі айдан кейін тұңғыш әңгімем – «Қайранкөл» газет бетінен орын алды. Одан 10 жыл өткеннен кейін қазақ халқының атын әлемге әйгілеген атақты балуан, алып күш иесі – Қажымұқанға арнап ескерткіш тақта ашқан едік. Сол шара туралы «Коммунизм нұры» газетінде (13.11.1976) Ж.Байнұровтың (Жарасбай Нұрқановтың лақап аты) «Қажымұқанға ескерткіш» хабары басылды. Онда «Қ.Мұңайтпасовтың туғанына 105 жыл толуы құрметіне мемориалдық тақтаны Целиноград аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Қ.Қоңқаев ашты» деген жолдар бар.
Құрметті газет оқырмандары! Осы жолдарды жазуға түрткі болған «Арқа ажары» фотошежіресінен» (22 сәуір, 2017ж) деген айдармен жарық көрген «Аяулы, беймәлім бейнелер, Алпыс жыл бұрынғы «Есіл правдасы» деген жолдар мен 23 тұлғаны қамтыған фотобейне екенін ерекше атап өтуге тиіспін.
Менің ойымша фотосуретте алдыңғы қатарда отырған адамдардың оң жақтан есептегенде үшіншісі – Қажымұрат Рақымов ағай. Осыдан 60 жыл бұрын, яғни, 1953-1963 жылдары Қ.Рақымов (Х.Рахимов болып жазылады) «Акмолинская правда», «Есіл правдасы», «Тың өлкесі» газеттерінде журналистік қызмет атқарған. Ол кісінің басқалардан өзгешелігі, костюм кигенде көйлегінің жағасын пиджагінің сыртына шығарып қоятыны. Фотобейнеде шаш қайыруы да Қажекеңе ұқсайды. Мен Қажымұрат ағамен Целиноград телестудиясында екі жылға жуық әріптес болдым. Ол кісі жаңалықтар редакциясының аға редакторы, мен – режиссермін, яғни, дайындалған материалды телевизиялық эфирге шығарамын. Ол майталман журналист әрі белгілі жазушы, Ұлы Отан соғысына белсене қатысқан майдангер, «Қызыл Жұлдыз» ордені мен көптеген жауынгерлік медальдардың иегері. Бір шайқаста басынан ауыр жараланып, контузия алған, бас сүйегінің бір бөлшегі жарақаттың салдарынан үгітіліп кетсе керек, соған байланысты «менің төбем» жарық дейтін-ді. Мінезі көпшіл, аңқылдаған ақ жарқын адам болатын. Біздей жастарды қолдап, ағалық қамқорлығынан тайынбайтын әсерлі тұлға еді. Асылын айтсақ, мен Қажекеңмен 1967 жылдан бері кездескен жоқпын. Ол кісі туралы өзімде бар деректермен бөлісейін.
Рақымов Қажымұрат 1924 жылы ақпанның 23 жұлдызында Ақмола қаласында дүниеге келген. 1973 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1953 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Шығармашылық жолын 1945 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық «Социалистік құрылыс» газетінде қатардағы тілші болып бастаған, 1951 жылға дейін осы газеттің жауапты хатшысы болған. 1951-1953 жылдары Ақмола облыстық атқару комитетінің ұйымдастыру тобының жетекшісі, 1953-1963 жылдары «Акмолинская правда», «Есіл правдасы (кейінірек «Коммунизм нұры», «Тың өлкесі») газеттерінде бөлім меңгерушісі, 1963-1965 жылдары – Целиноград облыстық атқару комитетінің аға нұсқаушысы, 1965-1990 жылдары – Целиноград облыстық телестудиясы қазақ тілінде берілетін хабарлардың редакциясының аға редакторы.
Қажымұрат Рақымұлының алғашқы очерктері мен әңгімелері өткен ғасырдың 40 жылдарында жарық көре бастады. Тың игеру тақырыбына арналған алғашқы кітабы «Қарлығаштар» повесі 1962 жылы баспадан шықты. Оның Ұлы Отан соғысы туралы жазылған «Полк туы» повесі (1969), «Қызғалдақ» повестер мен әңгімелер жинағы (1972), «Жаңғырық» романы, өзге повестері мен әңгімелері жеке жинақ болып шықты (1993), «Сеңгір сырлары» трилогия-
сы (үш кітап: 1976, 1978, 1983 ж.ж.) Қазан оқиғалары алдындағы кезеңге, осы тұс және Кеңес өкіметін орнату жылдарындағы оқиғаларға арналған. Трилогияның екі кітабы (1987, 1990 ж.ж.) орыс тіліне аударылып, «Тайны Сенгира» деген атаумен жарық көрген. Қажымұрат Рақымұлының Отан алдындағы елжандылығы мен адал еңбегі өкімет тарапынан жоғары бағаланып, орден-медальдармен марапатталған.

«Тіршілік» газетінің тәуелсіздік кезеңіндегі жалғасы «Арқа ажарының» бүгінгі күнде ғасырлық мерейтойын атап өткелі жатырмыз. Осыған орай, басылымның шығармашылық ұжымына табыстан-табысқа жете берулеріне, ойлары ұшқыр, қадамдары қанатты болуына шын жүректен тілектестігімді білдіремін.

Қабыкен ҚОҢҚАЕВ,
 «Арқа ажарының» байырғы оқырманы, өлкетанушы.
Шағалалы ауылы,
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар