Бабаназар Мұқышев жетекшілік ететін облыс орталығының іргесіндегі Краснояр селолық округінің ардагерлер ұйымы республикалық ардагерлер ұйымының 30 жылдық мерейтойы құрметіне өткізілген облыстық байқауда жүлделі екінші орыннан көрінген болатын. Бұл – ауыл ардагерлерінің түрлі шараларға әрдайым белсене қатысатынының айғағы.
Таяуда ардагерлер мектеп оқушыларымен және Көкшетау қаласы кітапханаларының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Қарттар айлығы аясында өткізілген шарада селолық округтің әкімі Нұрлан Айсин қарттарға арналған жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Кездесуге келген ардагерлердің көбі Краснояр селосында тұратын Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Қытайдан көшіп келген оралмандар болды. Кеудесі орден-медальға толы Моңғолиядан көшіп келген ардагер Ілияс Әкім 17 жасынан бастап еңбекке араласып, бар саналы өмірін ауыл шаруашылығын дамытуға арнапты. Еңбектегі жетістіктері үшін «Еңбек», «Шарапат» ордендерімен, «Шыңғыс хан» медалімен, басқа да орден-медальдармен марапатталыпты.
Өзбекстаннан көшіп келген Абдолла Әбубәкіров ұзақ жылдар кәсіпорында экономист болып еңбек еткен. Ол оқушыларға заман талабына сай білім алудың маңыздылығы туралы айтып берді. Бұдан әрі Баян-Өлгий аймағында көп жылдар кенші болып еңбек еткен Дахай Дәлелхан мен Қытайдан келген жезтаңдай опера әншісі Төкен Ілияс та өз ой-пікірлерімен бөлісті. Белгілі өнер иесі Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін шырқап, жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Ұзақ жылдар Краснояр селолық кітапханасында кітапханашы болған еңбек ардагері Евдокия Акимова да өздерін елеп, осындай шараға шақырған селолық округ және ардагерлер ұйымы басшыларына алғысын білдірді.
Сұлтан ДӘУІТОВ.
Краснояр селосы,
Көкшетау қаласы.