2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізілетін болды. Аудан орталығында осы мәселе бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы семинар болып өтті.
Семинар қатысушыларына аталмыш жаңашылдықтың мән-маңызын облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы Айгүл Әпенова жан-жақты түсіндірді. Іс-шараға аудан әкімі аппаратының мамандары, Макинск қаласының және ауылдық округтердің әкімдері қатысып, келесі жылдың басынан бастап енгізілгелі отырған жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің тәртібі туралы дәріс алды. Сондай-ақ, шара барысында ауыл әкімдері мен халықты жұмыспен қамту орталықтарының мамандары арасында практикалық жағдайларға түрлі мысалдар келтіріліп, олардың шешу жолдары қарастырылды.
–Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің бір ерекшелігі егер отбасындағы азаматтар еңбек етуге қабілетті болса, онда көмек әлеуметтік жұмыс ұсыну аясындағы келісімшарт негізінде жасалады. Бұл ретте отбасының еңбек етуге қабілетті мүшелері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға міндетті. Егер еңбек етуге қабілетті адамдар одан бас тартса, онда атаулы әлеуметтік көмек тек отбасындағы балаларға ғана тағайындалады, –деді Айгүл Әпенова.
Бұдан соң жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында ауылдық округтерде тұрғындармен кездесулер өткізілді.
Айгүл АМАНЖОЛОВА.
Бұланды ауданы.