Көкшетауда облыстық әдебиет және өнер музейінде облыстық мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы мен мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ латын әліпбиі тарихының архив құжаттары» тақырыбындағы көрме болып өтті.
Аталмыш мәдени шараға зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар, оқушылар мен журналистер қатысты. Көрмеге 105 экспонат қойылған. Оның ішінде облыстық, аудандық мұрағаттарда сақталған құнды құжаттар бар. «Сталин жолы», «Ленин туы», «Жаңа Арқа» газеттерінің латын әліпбиінде шығарылған тігінділері көпшіліктің, әсіресе, жастардың зор қызығушылығын тудырғандығын аңғардық. Солардың бірі – Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің филология бөлімінің 2 курс студенті Аружан Байсерік. Біз болашақ тіл маманының 1932 жылы «Жаңа Арқа» газетінің №31 санында латын әліпбиінде жарық көрген мақалаларды аса бір қызығушылықпен тамашалап, оқып көруге талпыныс танытып тұрған жерінен сөзге тартып көрдік.
– Көрмені тамашалай жүріп, сан ғасырлардан сыр шерткен құнды жәдігерлерде тарихымыздың тұнып тұрғанын байқаймын. Латын әліпбиіне көшу жүйелі жолға қойылса, қазіргі заманда өзім сияқты жас жеткіншектерге еш қиындық келтірмейді деп ойлаймын. Сондықтан да, біз жастар заман талабының өзі сұраныс жасап тұрған латын әліпбиіне көшуді қолдаймыз, дейді ол.
Латын қарпінде сақталған құжаттарды көпшілік назарына ұсына отырып, өткенімізді бағалай біліп, болашаққа бағдар жасауға ықпал ететін осындай мәдени шаралардың ұйымдастырылғаны құптарлық іс. Көрмеде облыстық мұрағатта сақталған латын графикасымен жазылған Қаз ССР Орталық комитетінің қаулылары, саяси директивалар, циркулярлар, шешімдер, статистикалық есептер, хаттамалар, сонымен қатар, азаматтардың жеке құжаттары, жеке іс парақшалары, туу туралы куәліктер және тағы басқа жұртшылық қызығушылық танытқан құнды құжаттар бар.
– Ашылу салтанатында сөз сөйлеген ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері латын әліпбиіне көшу мәселесінің маңыздылығына тоқталып өтті. Сонымен қатар, облыстық әдебиет және өнер мұражайында сақталған жауһар жәдігерлерге де көрмеге келушілер зор ынта-ықыласпен зейін аударғандығын аңғардық. Мәселен, музейде Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет» кітабының шағатай тіліндегі түпнұсқасы сақталған. Бұл құнды кітап XVI ғасырда жазылғанын білеміз. Сондай-ақ, Ақан серінің ән ғұмырына айналған Ақтоқтының іс тігетін «Зингер» машинасы, ұлттық аспаптар, зергерлік әшекей бұйымдар, ағаштан, теріден жасаған тұрмыстық көне заттар мұражайдың құнды жәдігерлері.
Өмір мен өңір өрнегінен сыр шертетін көрмені тамашалаймын деп келген қауым осындай тарих тұнған туындылардан рухани қуат алды.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.