Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Виртуалды ақшаға көшетін күн бола ма? - АРҚА АЖАРЫ

Виртуалды ақшаға көшетін күн бола ма?

Көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін виртуалды ақша – криптовалюта деген ұғымның пайда болғанына төрт-бес жылдың ғана жүзі болыпты. Алғашқы кезде есіктен имене аттаған криптовалюта кейін құны шарықтап көкке көтеріліп, бүгінде біраз елдердің мемлекеттік деңгейде есеп айырысатын құралына айналып үлгерді. Биткойн деп аталатын криптовалютаның кең таралған түрінің құны  қазір нарықта бес жарым мың доллардан асқан, яғни, бір биткойнды 5, 6  мың АҚШ долларына сатып ала аласыз. Сөйтіп, ол ең құнды зат саналатын алтынды да шаң қаптырып кетті. 

Ешқандай алтынмен, не басқа құндылықтармен бекітілмеген, аты бар да, заты жоқ виртуалды ақша – криптовалюта уақыт өткен сайын басқа ұлттық валюталарды ығыстырып, нарыққа кеңінен еніп келеді. Осыдан болар, еліміздің Ұлттық Банкінің төрағасы Данияр Ақышевтың өзі криптовалютаны отандық нарыққа енгізудің келешегі жайында  ойын білдірді.  
Ұлттық Банк төрағасының пайымынша, оны нарыққа енгізу үшін алдымен пайдалы және залалды жағын жан-жақты  сараптап, ең бастысы заңнамалық негіз жасап алу қажет. Ал, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Криптовалюта абстрактілі сенімге емес, нақты активтерге негізделуі тиіс», – деген байлам айтқан болатын.
Өкінішке орай, қазіргі виртуалды ақша ешқандай құндылықтармен немесе активтермен бекітілмеген. Мұның өзі жаңа валюта түріне деген жұртшылықтың сенімінен гөрі, күдігін көбірек туындатады. Әлемдік қор нарығының білгірі саналатын миллиардер Уоррен Баффет криптовалютаға  «Бұл нағыз алыпсатарлық құрал» деп баға беріпті.
Әзірге мына жағдай анық болып отыр: артық ақшасы бар, сол ақшаларын құнсызданудан сақтағылары келетін алпауыттардың көбі  жанталасып криптовалюта сатып алуда. Олар жай сатып алып қана қоймай, күн сайын қарқынды өсіп бара жатқан биткойнды бағасы біраз жоғарылағасын қайта сатып, ақшаларына ақша қосуда және виртуалды ақша құнын көтеруге атсалысуда. Дегенмен, криптовалютаны айырбас құралына айналдырып, түрлі тауарларды сатып, сатып алуға пайдаланып жатқандар да бар. Тіпті, виртуалды ақшаны мемлекеттік деңгейде қолданысқа енгізген және соны реттеп, бақылайтын заңдар шығарып алған елдер де жоқ емес.
Біздің еліміздегі криптовалютаның болашағы қандай? – деген мәселеге келсек, таяуда ғана Алматыда ашылып, жұмысын бастаған IT квартал жобасының құрылтайшысы «Almaty Tech Garden» компаниясының бас директоры Санжар Кеттебековтың айтуынша, аталмыш жоба ұлттық экономиканы цифрландыруды, блокчейн технологиясын дамытуды және  елімізде криптовалюта нарығын қалыптастыруды көздейді.
– «Қазақстанның криптовалюта нарығына енуіне толық мүмкіндігі бар. Әлемде бұл сала жүйеленіп жатыр, ал, біздің елде осы мәселеге қатысты тиісті заң нормалары әзірлену үстінде. Түбінде ол түрлі бюрократиялық кедергілерді жоюға ықпал етеді. Болашақта салық блокчейннің көмегімен есепке алынатын болады. Нәтижесінде еліміздің салық жүйесі қайта жаңғырады. Уақыт өте келе криптотеңгенің пайда болуы ғажап емес. Ұлттық банк бұл мәселені де назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Бұл жоспарды жүзеге асыруға шамамен 4 жыл уақыт қажет, – дейді аталмыш жобаның авторы Санжар Кеттебеков.
«Заманды өзгерту қолыңнан келмесе, соған бейімдел» деген бір ғұламаның сөзі бар. Сол сияқты ұлттық валютамызға тәуелсіздік арқылы ғана қолымыз жетіп отырған біздерге барша әлемді жайлап бара жатқан ұлттық валюталардан да, ғасырлар бойғы санаға сіңіп қалған материалдық құндылықтардан да жоғары тұрған виртуалды валютаға көшудің залалды болып көрінуі мүмкін. Десе де, заман ағымы өз дегенін жасайтынын өмір үнемі алдымызға тартып келеді. Сондықтан, жаңа жобаны жүзеге аспайтын  қияли болжам деп қарамай, виртуалды ақшаның ену мүмкіндіктерінің барлығын жоққа шығармауымыз қажет. IT квартал жобасының авторы айтқандай, төрт жылда көше қоймасақ та, болашақта біздің елімізде де интернетте ғана қолданылатын виртуалды ақшаның айналысқа еніп қалуын, тіпті, криптотеңге аталатын ұлттық валютамыздың шығуын үзілді-кесілді теріске шығаруға болмас. Криптовалютаның нарыққа енуіне қарсы болып отырған елдер де жоқ емес. Қытай мемлекеті ұлттық нарығын криптовалютадан қорғайтын заң негізінде біраз шаралар жасап, мұның өзі күн санап шарықтап бара жатқан биткойн бағасының аз күннің ішінде күрт құлдырауына әкелді. Яғни, виртуалды ақша әлем нарығына толық еніп кетеді  деуге әзір ертерек сияқты.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар