Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бірде бар, бірде жоқ, көмір-ай!.. - АРҚА АЖАРЫ

Бірде бар, бірде жоқ, көмір-ай!..

Тағы да қымбатшылық пен тапшылық. Бұл жолы алма-кезек бензин мен көмір жан алқымнан алуда. Осындай да болады екен? Көмірі ағыл-тегіл дейтін Қарағандының өзі оны саусақпен сорып отыр. Түсініксіз. Түсіндіріп беретін адам да аз.

Ал, көмірлі қаланың өзінде халыққа осы көмір жетпей, қымбаттап жатқанда, басқалар не күйде? Көкшетауда да көмірдің бағасы көтеріліп, тоннасы 12-13 мың теңгеге жетті, одан да өседі деген әңгіме бұдан бір ай бұрын тарап еді. Содан бері жақсы сөз естімейсің. Көмірмен айналысатын фирмалар көбіне «көмір жоқ» деп шорт кеседі. «Қара алтынды» Қарағандының өзінде күніне 50 машина ғана көмір тиеліп жатқанда, оларға не жазық?!. Түскен азын-аулақ көмір бүгін бар болса, ертең бітіп қалады. Ұзақ-сонар кезек. «Бағасы неге қымбат?» деген кейістік те биылғы көмірдің жыры басқа екенін жазбай аңғартқандай. Ал, жануы мен қызуы? Басты мәселе міне, осында ғой.
–Жылда алып жүрген «Шұбаркөлден» қаланың  әр бұрышын жағалап жүріп, әзер дегенде 5 тоннасын түсіріп алып едік, ойлағанымыздай болмады. Көбі ұсақ, жанбай, жатып алады. Былтырдан қалған ескі көмірмен араластырып, алдап соқты білем. Тоннасына санап берген 13500 теңгеңе тұрмайды, – дейді көңілдегі күдігін жасырмай өзімнің Оразалы ағам. «Енді көмірдің жайын білесіз ғой, бірінші жыл емес, ептеп-септеп жағасыз» деп жігер беріп қоюдан басқа амал жоқ бізде.
Ал, бізбен сөз арасында көмір мәселесін өзі қозғай кеткен бұландылық Қайша апамыз болса, Макинск қаласында таңертеңгі сағат оннан кешкі беске дейін тұрып, әйтеуір, бос кетпеген 3 тонна «Майкөбе» көміріне  шүкіршілік етіп қояды. Бар-жоғы екі вагон көмір анталаған елге жұқ болмаған. Бағасына да қыжылы бар. Былтыр тоннасын 9 мыңға алса, биыл 11500 теңге. Секірген бағаң  алда әлі не болады?!.
Осы арада бір жақты кетпеу үшін екінші тараптың да пікіріне жүгінелік.
– Өз басым көмір мәселесінде сіз сұрағандай жағдай күрделі деп айта алмас едім, – дейді облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Виктор Радченко бізбен әңгімесінде. – Рас, кезек пен бағаның көтерілуі бар. Дегенмен, мынаны да ескеру керек. Бір жағы халықтың қолында ақша бола бермейтіні, бір жағы өзіміздің де салақсырап созып алатынымыз бар, көмір алуды қыс келіп қалғанда ғана ойлаймыз. Кезек те көбіне осыдан келіп туады. Ал, баға мәселесіне келсек, теміржол тарифі, жанар-жағар май құны көтеріліп жатыр.  Инфляцияны да жоққа шығармаймыз. Осының бәрі көмірдің де қымбаттауына әкеліп соғуда. Қазір облыс бойынша бір тоннасы шамамен 10 мыңнан 13 мың теңге аралығында десе болады. Қалада әрине, арзандау. Ауылдық жерде көлікті, арақашықтықты, бәрін есептегенде қымбаттау түседі. Мәселен, 7 мың теңгенің «Богатырь» көмірі бар. Бірақ, сапасы төмен, ап-ауыр, дұрыс жанбайды. Одан да қалада жұрт 12 мың теңгеге «Майкөбе» көмірін алуда. Ал, сол көмірдің бағасы
ауылдарда 15 мың теңгеге дейін барып отыр. «Шұбаркөл» көмірі кейде 18 мың теңгенің әр жақ, бер жағында сатылып қалуда. Сізге облыс бойынша өзіміздің көрген-білгенімізді  айтып отырмыз. Осы бағалардың бәрін нарық, бүгінгі істің жайы қалыптастыруда.
Басқарма басшысынан жалпы, облысқа осы көмірдің қалай келіп түсетінін сұрадық.
– Қысқы жылу беру мәселесін ойдағыдай шешу үшін біздің коммуналдық кәсіпорындарға бір маусымда 720 мың тонна көмір қажет. Ерте көктемде неғұрлым арзан бағамен соның тиісті қорын жасай бастаймыз. Қазір осының арқасында 261 мың тонна немесе екі айдан астам уақытқа жететін көмір қоры бар. Яғни, көп қабатты үйлерді жылытуға отыннан тапшылық жоқ. Келісім-шарт бойынша  алдағы айларда  да ол уақытылы түсе бермекші. Ал, жеке тұрғын үйлерде бұл жағынан қиындық бар. Халықтың осы бөлігіне бір қысқа 600 мың тонна көмір керек болса, әзір жасалған қор 265 мың тонна ғана.
Демек, жұрттың бәрі бірдей көмірін сайлап, қысқа сақадай сай әзір отыр деуге болмайды. Мұның да басты себебі, көңілдері сүйген көмірдің бола бермеуі, болса, бағасының бой бермей тұрғаны.
Басқармада күніне облысқа қанша көмір түсетінін де айтуға қиынсынады. Бұл бір жағынан мүмкін де емес. Өйткені, коммуналдық шаруашылықтан тыс көмірдің бәрі жекеменшіктің қолында. Облыстағы толып жатқан фирмалар көмірді диллерлер арқылы тікелей  сатып алып, халыққа үстіне баға қосып қайта сатады.
Жоғарыда келтірілген мәлімет бойынша жер үйлерде тұратын тұрғындардың басым дені қысқа керек көмірлерін әлі сатып ала қоймаса, осы көмірге деген сұраныстың да жуыр маңда толас таппайтыны, қайта ұлғая түсетіні айдан анық. Әсіресе, қыс келіп, аяз тұра  бастағанда бұл ділгірлік екі аяқты бір етікке тығатыны жылдағы үйреншікті жағдай. Сондықтан, ондай тұйыққа тап болмас үшін қалада да,
ауданда да бүгін көмір болуы керек.
– Кеше  өзім де біраз жерді қарап өттім, көмір бар, – дейді біздің бұл ойымызға басқарма басшысының орынбасары Данияр Қуанышбаев. –  Көкшетау сүт зауыты аймағында «Шұбаркөл» көмірінің бір тоннасы 13500, ал, «Майкөбенің» бір тоннасы 12 мың теңгеден сатылуда. «Хладокомбинат» кәсіпорны мен Васильковка шағын ауданындағы төрт-бес тұйық та көмірсіз емес. Тек бағасы көтеріңкі екенін жоққа шығара алмаймыз.    

 

Иә, ауылда жұмыссыз іні, көмір деп отырған бір үйлі жан бар, біз де жай-жапсарын біліп қояйық деп бір-екі жерге телефон шалдық. Біреуі қанша хабарлассақ та, жауап бермеді. Демек, көмір жоқ деген сөз ғой. Ал, қаланың солтүстік өндірістік аймағындағы «Тенгри» фирмасы тоннасы 9 мың теңгеден жұрт көп ала бермейтін  «Богатырь» көмірі ғана барын  алға  тартты. Қойған сұрағымызға «Майкөбені» тосып отырмыз, бағасы келіп түскен соң ғана белгілі болады» деп көп сыр аша қойған жоқ. Бұл ендеше, көмір тағы қымбаттайтынының белгісі.  Долы желдей оған тоқтау жоқ енді.  Тым болмаса, сен өзің көмір деп отырған халықты көп күттіріп қоймасаң екен, «Шұбаркөл», «Майкөбе» мен «Қаражыра»!..      

          

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар