Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ата қоныс, ақ бесігім Қасиетті Қорғалжыным, - АРҚА АЖАРЫ

Ата қоныс, ақ бесігім Қасиетті Қорғалжыным,

Әбдімүтәліп ӘБЖАППАРОВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы
Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры,
техника ғылымдарының докторы, профессор.

Тәуелсіз Қазақ елі сан ғасырлық тарихы бар, әлемдік өркениет жауһарлары қатарына енетін мәдени мұраларға бай ел. Осынау ұлан-ғайыр даламызды жандарын шүберекке түйе жүріп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған хас батырларымыз бен би-шешендеріміз қаншама десеңші. Туған жер ойыңа оралғанда жан дүниеңе ыстық сезім ұялайтыны да рас. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген қанатты сөздің жаны бар. Шынында да туған жердің тау мен тасы, өзені мен көлі, ауасы мен топырағы бәрі де адам баласы үшін алабөтен ыстық. Туған жеріңе сүйіспеншілігіңді сөзбен жеткізе де алмайсың. Осы орайда, Мұқағали Мақатаевтың мына бір өлеңі оқыған сайын жүрегіңді шымырлатады.
Пай, пай, пай!
Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп төккен тер,
Тұлпарлар дүбірлеп өткен жер.
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,
Сарылып сал-сері кеткен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер! –
деп бабалар тарихынан сыр шертеді.
Киесі мен құты бойымызға бірдей дарып, тарихтың терең қойнауынан үлкен орын алған туған елім деп, киелі жерім деп жан аямай күрескен рухы биік бабаларымыздың ерен ерлігі әрдайым ел есінде қалып, жүрегімізде мәңгі сақталмақ. Кең-байтақ жерімізді анталаған жаудан қорғап, бостандыққа қол жеткізген бабалар рухын асқақтату бүгінгі ұрпақтың парызы. Келешек ұрпақ туған жер деген ұғымды саналарына тоқып, қастерлеуге міндетті.
Бүгінгі күні Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті студент-жастарға сапалы білім мен өнегелі тәрбие беру бағытында нәтижелі жұмыстар атқарып отыр. Мемлекет басшысының үстіміздегі жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің болашақ дамуына елеулі әсерін тигізетін ұлттық бірегейлік және сананы жаңғырту мәселелері көтерілгені баршамызға аян. Қоғамдық сананы жаңғыртуды Елбасы халқымыздың өткен тарихы мен ұлттық дәстүрлеріміздің жағымды жақтарын өмірге енгізу арқылы жүзеге асыруды ұсынған болатын.
Мақаладағы «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде жастар мен студенттерді, сондай-ақ, оқушыларды ұлттық мәдениет пен дәстүрді, тарихты қастерлеп, оны қадір тұтуға насихаттау көзделген. Сондай-ақ, әрбір отандасымыздың патриоттық сезімін арттыру үшін аймақтарда өлке тарихын кеңінен насихаттап, елге танымал тұлғаларымызды қадірлеп, өлке тарихын зерттеуге, оны зерделеуге көп көңіл бөлуіміз қажет. Кеңестік дәуірдегі отаршылдық саясаттың бұғауынан босап, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері өткенімізді түгендеп, саралап, жинай бастадық. Бұл күндері ұлттық санамыз өрлеу жолына түскенде біздің кім екенімізді, ата-бабамыздың кім болғандығын, ұлан-байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты аңсап, қалай қастерлегенін, кешегі тектілердің ұрпағы екендігімізді ұғынып, келешекке жеткізу біздің міндетіміз. Оны келешек ұрпақтың санасына сіңіріп, аманаттау – біздің борышымыз болмақ.
Ағартушылық ісімен айналысып жүрген білім ордасының ғалымдарына Елбасының маңызды жобаларының бірі «Туған жер» бағдарламасын жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналдыру, халқымызды, әсіресе, жас ұрпақты туған жерге, елге деген сүйіспеншілікке баулу, ата-бабаларымыз қол жеткізген ең асыл құндылығымыз – тәуелсіздігімізді қорғау, оны одан әрі келешек жастарға ұғындыру үлкен міндет болып саналады. Қазақ жері, оның ішінде Сарыарқа өңірі өзінің бай, мазмұнды да терең тарихымен ерекшеленеді. Бабаларымыздың тарихы ерте замандардан бастау алғаны белгілі. Ел тарихын білудің басты мақсаты – өткеннен тағылым алу, оны болашақ ұрпақтың бойына дарыту, ұлттық мәдениетті қалыптастыру.
Әлемдегі әр ұлттың өз тарихында қадір тұтатын елді мекендері баршылық. Ол жерлердің қадірлілігі сол, халықтың шығу тарихы немесе сол ұлттың ұлт болып қалыптасуына байланысты. Қазақ халқының тарихында да осындай қасиетті жерлер өте көп. Атап айтар болсақ, Алтай мен Жетісу, Ұлытау мен Қаратау, Еділ мен Жайық, Ертіс пен Сыр, Маңғыстау, Түркістан мен Отырар, Көкшетау мен Баянауыл. Осы мекендер қатарында ұлы даланың кіндігі саналатын Қорғалжын өңірі де бар.
Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында 2017 жылдың 6-7 қыркүйегі аралығында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ғалымдары арнайы сапармен Қорғалжын өңіріндегі тарихи жерлерде болып қайтты. Уни-
верситет ғалымдарының сапарына орай аудан әкімінің орынбасары Жомарт Төстікбаев аудан орталығындағы әкімшілік ғимаратында Қорғалжын ауданының зиялы қауым өкілдерімен кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасының, сондай-ақ, арнайы экспедицияның негізгі мақсаты және болашақта атқарылатын іс-шаралары туралы егжей-тегжейлі айтылды.
Университеттің А.Сейітқасымов, А.Есмағұлов, С.Жәмбек, Қ.Базаров, Ғ.Төлепбергенов сынды ғалымдары «Туған жер» бағдарламасы шеңберіндегі Елбасының «Рухани қазына», «Тарихи мәдени мұра, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», Қорғалжын өңіріндегі қорғандар мен көне тарихи ескерткіштер, сондай-ақ, сол өңірден шыққан батырлар мен ақын-жыраулар туралы тағылымды баяндамалар оқыды. Жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері университет ғалымдарының оқыған баяндамалары мен ғылыми ой-пікірлеріне разы болып, өз алғыстарын білдірді. Кездесу соңында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы ақылдасып, аудан аумағындағы мәдени-тарихи нысандарды зерттеу, сол өңірден шыққан белгілі тарихи тұлғаларды ғылыми тұрғыдан зерделеу туралы ортақ шешімге келді.
Университет ғалымдарынан құрылған арнайы жұмыс тобы Жомарт Төстікбаевтың тікелей бастауымен сол өңірдегі мәдени-тарихи жерлерін, ауданның киелі орындарын аралады. Ондағы көне тарихи ескерткіштер мен жергілікті жерлердегі нысандардың басында болып, оның жай-күйімен танысты. Өз ерекшелігімен әлемге танылған Қорғалжын өлкесі «Туған жер» бағдарламасы аясында зерттеу жүргізіліп отырған жетінші нысан.
Қорғалжын өңіріне сапарға шықпас бұрын бағдарлама негізінде біздің ғалымдарымыз облыстың Бурабай, Еңбекшілдер, Бұланды, Ерейментау, Зеренді және Сандықтау аудандарындағы мәдени-тарихи нысандарын зерттеп, ауқымды жұмыстар атқарған болатын. Бүгінгі таңда сол өңірлерден жинақталған материалдарға ғылыми сараптамалар жасалуда. Арнайы құрылған жұмыс тобының негізгі мақсаты мәдени-тарихи мекендер мен ғимараттарды, ондағы кешендердің жай-жапсарын бағдарлау, тарихи тұлғаларды таныту шараларының барысын бағдарлап, атқарылар іс-шаралар жобасын белгілеу, білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізу, жергілікті және республикалық деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру. Бұл жолғы сапар мәні Қорғалжын өңірінің мәдени-тарихи жерлерін аралау болды. Өлкедегі көнекөз қариялардан 1968 жылы әйгілі «Қыз Жібек» фильміндегі махаббат символы ретінде көрсетілетін қос аққудың айдында кербездене қалықтауы түсірілгенін естіп білдік. Аудан орталығындағы «Дударай» ансамблінің атауы «Дударай» әніне орайластырылып қойылған. Осы топырақта өмір сүрген ән кейіпкерлері Дүйсен Дудар, Мәриям, Үлебай ақынның кесенелерін аралап, осы жердің тумасы Боранбай Баймұқанов ақсақалдан мол мағлұмат алдық. Боранбай қария арқылы «Дударай» әнімен әлемге аты шыққан Мәриям Рыкина екенін де естіп білдік. Әннің нақты иесі ақын Үлебай Анетов осы өлкенің тумасы, 1881 жылы дүниеге келіп, 1967 жылы өмірден озған. Оның кесенесінің жанында ән туралы деректерді жинап, зерттеген баласы Қабанбайдың да кесенесі тұр. Әннің тарихы өте қызық. Өнерлі топтың, ән-жырларымен сауық-сайранның ортасында ел еркесіне айналған Дүйсен, Үлебай, Мекебайлар тобының думанына жиі келіп, қызықтаған Мәриям қыз ақыры өзінің ынтызары болған жары Дүйсенге қосылған. Дүйсен жырда айтылатындай сұңғақ бойлы, қараторының сұлуы болса керек. Оны әсіресе, көріктендіретіні қалың да қою, бұйра шашы. Жолдастары сол себептен Дудар атап кеткен. Сөйтіп, қылықты қыз Мәриямға өзі де тәнті болған ақын Үлебай жастар жарастығын бұзбай екеуінің қосылуын қалап, қыздың атынан осы әнді шығарғандығы белгілі болды.
Кезінде халық өнерпаздарының слетінде осы ән орындалғанда қазылар алқасының құрамында болған Евгений Брусиловский әннің сөздеріне тәнті болып, Мәриямнан шындықты білген көрінеді. Атақты композитордың бірнеше рет шақыртуына Үлебай ақын бара алмаған. Сонымен ән иесі Мәриям Рыкина өте жоғары марапатталып, тамаша ән ел жүрегінде қалған.
Сондай-ақ, ән мен жырға толы бұл өлкеде атақты Құлтума Өтемісұлының есімі де қатар жүр. Сал-серілер мекені болған Арқа әншілерінің таңдаулыларының бірі болған ол жастайынан ақындық, әншілік өнермен айналысқан Сегіз сері, Нияз сері, Жаяу Мұса, Кемпірбай, Қанапия, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Ғазиз, Иманжүсіп, Шашубай сияқты өнердің ірі өкілдерімен бірге ел аралап, серілік құрған адам екен. Оның «Үш көтерме», «Тау қиялап» тәрізді өлеңдерін А.Жұбанов пен Л.Хамиди «Абай» операсында қолданған.

Сапар барысында экспедиция мүшелері сол өңірдегі елге аттары танымал адамдардың кесенелерінде болды. Солардың бірі – Қаныкей кесенесі. Кесене ХVIII-ХIХ ғасырларда сазбалшықтан тұрғызылған. Нұра өзенінің оң жағалауында, аудан орталығынан шамамен 10 шақырым жерде.
Кесененің тарихы ХVIII ғасырда өмір сүрген Қаныкей атты қызының тағдырымен байланысты. Қазақ-қалмақ соғысы кезінде Қаныкей сұлу қалмақтың Кіндікті атты қолбасшысын өлтіреді. Қан майдандағы ғажап ерлігі арада қанша жыл өтсе де ауыздан ауызға көшіп, аңызға айналған. Қаныкейдің көңілі құлаған азаматы Жұмай батыр ерлікпен қаза тапқан қалыңдығына арнап осы кесенені салдырыпты. Жұмай батыр туралы ақын Рысты Шотбаеваның «Қаныкей» поэмасында нақты айтылған.
Әлі бар Қорғалжында Жұмай көлі,
Кіндікті батыр қалмақ өлген жері.
Зиратын сәукеледей таспен қалап,
Ол да тұр, Қаныкейдің өлген жері.

 

Теңіз көлі қызғылт түсті қоқиқаздар аралы

Ақмола облысының оңтүстігіндегі ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетке бай Қорғалжын ауданы 1928 жылы құрылған. Аудан орталығы Теңіз – Қорғалжын ойысында орналасқан. Жер бедері сәл белесті жазық, мал-жанға жайлы, кезінде қазақ хандарының ордасы болған құтты қоныстарының бірі. Өңірде сексеннен астам үлкенді-кішілі көлдер, көлеміне қарай теңізге пара-пар Теңіз және Қорғалжын көлдері бар әсем бір жұмақ өлке.
Бұл өңірде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи мұра тізіміне енгізілген Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы орналасқан. Аталмыш аймақ жалпы, Орта Азиядағы ең ғажап орындардың есебіне жатады. Аудан орталығын көктей Нұра, Құланөтпес өзендері өтеді. Сондай-ақ, бұл өлкеде Ұялы, Біртабан, Қоқай, Асаубалық, Сұлтанкелді, Есей, Жаманқұл, Тоқтамыс, Қолшұн (Табияк) Ши Шалқар, Қарасор, Шолақ Шалқар, Құмкөл, Алакөл, Жәнібек Шалқар, Керей Шалқар және тағы басқа үлкенді-кішілі өзен-көлдер жетерлік. Олардың бәрі балыққа бай, көптеген құстардың жаз маусымындағы тұрақты мекеніне айналған.
Аудан аймағында аң-құс мол. Сирек кездесетін жануарлар мен құстарды көптеп көруге болады. Мәселен, осы аймақта өсімдіктің 500 түрі болса, омыртқалы және омыртқасыз жәндіктер мен жануарлардың екі мың түрі мекен етеді екен. Сондай-ақ, балықтың – 17, құстың – 344, сүтқоректілердің – 42 түрі бар. Солардың ішінде жойылып кетуге айналған қоқиқаз (фламинго), бірқазан, аққу, италақаз, аққұтан сияқты құстар көрген адамдарды еліктірмей қоймайды. Тамылжыған табиғаттың тамаша тартуы жайында музей де жабдықталған.

Жәнібек-Шалқар кесенесі

Келесісі Жәнібек-Шалқар кесенесі. Қорғалжыннан 15-20 шақырым жердегі Жәнібек-Шалқар көлі деп аталатын мекенде. Кесененің өзі сақталмаған, ол шамамен 4-5 ғасыр бұрын тұрғызылған көрінеді. Қазір оның жұрты ғана бар. Жергілікті ақсақалдардың айтуынша, ондағы күмбездің биіктігі он метрдей зәулім, күйдірілген кірпіштен салынған екен. Кезінде академик К.Байпақов 2009-2010 жылдарда жүргізілген қазба деректерін сараптай келе, ою-өрнекті ескерткішті ХV-ХVI ғасырларға жатқызады. Сөйтіп, бұл кесененің бай сәулетіне қарап, сол дәуірдегі көшпелі элита өкілдеріне арналып салынғандығын аңғаруға болады. Ғалымдардың жорамалдары бойынша, бұл көне ескерткіш Қазақ хандығының негізін салған Керей немесе Жәнібек сұлтанға арналып тұрғызылуы әбден мүмкін.

Бытығай кесенесі

Бытығай кесенесі ХI-ХII ғасырларда. Нұра өзенінің сол жақ жағалауында, Қорғалжыннан 2-3 шақырым жерде салынған екен. Бұл кесене туралы алғаш рет ХVIII ғасырдың ортасында П.Рычниковтың еңбектерінде айтылған. Ал, ХIХ ғасырдан бастап қазақтың далалық аудандарын зерттеген түрлі зерттеушілер, соның ішінде 1815 жылы Г.Генс, 1816 жылы И.Шангиндер Бытығай кесенесін ерте замандағы Татығай (Бытығай) қаласының қалдықтары деп есептеген. Бытығай кесенесі туралы Ш.Уәлиханов пен Ә.Марғұлан еңбектерінде де кездеседі. Ғалымдар Татығай (Бытығай) қаласын Нұра өзенінің сол жағалауындағы ірі төбелердің орнында белгілеп, каралондық картада (1375 ж.) Нұра өзені сағасында белгіленген Ахсикент қаласына балап отыр.
Экспедиция мүшелеріне ауданның әкімшілік қызметкерлері және ауыл ақсақалдары атсалысып, бірқатар құнды мәліметтер берді. Әсіресе, ардагерлер кеңесінің төрағасы Есмағамбет Қабылда, Өркендеу селолық округінің әкімі Қалдыбала Жолдыбаева, ақын Боранбай Баймұқанов, Мағауия Ақпаров сынды жандарға алғысымыз шексіз.
Елбасының «Туған жер» бағдарламасы негізінде университет ғалымдарынан жасақталған ғылыми экспедиция тарихи-мәдени ескерткіштер мен мәдени нысандар бойынша қорытынды жасап, өз ұсыныстарын бағдарлама негізінде құрылған облыстық комиссияға тапсырды. Алдағы уақытта экспедиция кезіндегі жиналған материалдар университет ғалымдары тарапынан жүйеленіп, зерттелетін болады. Тарихи-мәдени ескерткіштерді ғылыми түрде терең әрі дәйекті зерттеу, оны зерделеу, сол арқылы бүгінгі ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу, тарихымыздағы өткен тұлғалардан үлгі-өнеге беру ғалымдардың алдында тұрған бірден-бір жауапкершілігі зор іс болмақ.
Асыл мұраларымыз ұлы дала мәдениеті барша әлемге танылып, ел экономикасының көтерілуіне айтарлықтай үлесін қосары, сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстанның шетелдермен байланысын нығайта түсері де анық. Ақмола өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Бабалар мұрасын, яғни, Ұлы дала құдіретін таныған сайын келешек ұрпақ бойында патриоттық сезім оянып, еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігі артып, рухтанары сөзсіз.
«Қазақ елінің аяулы да сұлу өлкесінің бірі – Қорғалжын кереметі. Бұл қорықты сақтау, табиғи байлығына нұқсан келтірмеу, оны келер ұрпаққа жеткізу – бізге парыз», – деп Елбасы айтқандай, расында да бұл өлкені барынша сақтап, оған қорған болу біздер мен болашақ ұрпақтың тікелей парызы деп ойлаймын.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар