Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Марий Эльдің әсері - АРҚА АЖАРЫ

Марий Эльдің әсері

Көкшетаудағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің талапты да талантты бір топ білім алушылары Марий Эль Республикасы Йошкар-Ола қаласындағы И.Палантай атындағы республикалық мәдениет және өнер колледжінің арнайы шақыруымен сонда ұйымдастырылған шеберлік фестиваліне қатысып қайтты. Бұл шараға Екатеринбург, Владимир, Қазан, Тула, Саратов, Елабуга қалаларынан келген жас талаптар жиналған болатын.

Жерлестеріміз ІХ Халықаралық «Студенттік театр-2017» мәдениет пен өнер оқу орындарының шеберлік фестиваліне қатысып, сахна тарландарының өрісті өнерін көріп, тәжірибе алмасты. Осы арада бір айта кететін дүние, аталмыш оқу орнымен ілкіден келе жатқан байланыс. Марий Эль еліндегі колледждің оқытушылары мен білім алушылары 2016 жылы Көкшетауда болып, Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің ұйытқы болуымен өткізілген студенттік театр ұжымдарының халықаралық фестиваліне қатысқан болатын.
Өнер өріс жайғанда ғана өрістемек. Екі елдің ұлттық театр өнерінің кәсіби шеберлігі тұма бұлақтар сияқты бір-біріне тұнығын құйғанда ғана арнасы кеңейетіні мәлім. Оған қоса, ел мен елді бауырластыратын да құдіреті күшті өнер.
Колледж студенттері «Өз өмірің өз қолыңда!», «Адам ғұмыры», «Николай Гоголь мен Шыңғыс Айтматов тәрізді хас шеберлердің үздік шығармаларының үзінділері» тақырыптарында өткізілген шығармашылық талдауларға қатысып, шеберлік шеберханаларындағы дәрістерді тыңдады. Фестивальға қатысушылар өз өнерлерін көрсеткен соң мәскеулік режиссер П.Попов пен мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Эль Тирацуян тәрізді майталмандар талдап, өз пікірлерін білдірді. Әсіресе, «Өз өмірің өз қолыңда!» тақырыбындағы суицид мәселесін қамтитын, түпкі себебін анықтауға құрылған тақырыптар білім алушылардың қызығушылығын туғызды. Әр тобы 12 адамнан тұратын колледждің білім алушыларын Г.Кочетова, Ф.Қанафин, Д.Бронников, Г.Рыбакова тәрізді тәжірибелі ұстаздар бастап барды.
– Өнер сапары өте тағылымды болды,–дейді колледж оқытушысы Фархадбек Қанафин,–тың дүниелер көріп, рухани әлемімізді байытып қайттық. Тамаша әсерге бөлендік.
Теориялық және тәжірибелік жұмыстармен астасқан шеберлік фестивалінен кейін колледж білім алушыларына тақырыпты ашып көрсеткендері үшін арнайы дипломдар табыс етілсе, колледж директоры Құралай Ыдырысова мен оқытушы режиссер Галина Кочетоваға Алғыс хаттар тапсырылды.
Әрқашан жоқ іздеген жолаушыдай жақсылыққа іңкәр колледж ұжымы осы сапармен қатар, Шымкент қаласындағы «Түркістан» мәдениет сарайының жанынан құрылған «Айгөлек» би ансамблінің 70 жылдық мерейтойына қатысып, өз өнерін көрсетті. Андрей Погорелый жетекшілік ететін «Самоцветы» би ансамблі оңтүстіктің талғампаз көрерменінің көңілінен шығуы білім ошағының өрісті өнерінен хабар берсе керек.

Байқал ҚАЙЫРЛЫҰЛЫ.

Суретте: Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің білім алушылары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар