Өнер салтанаты

Ақмола облыстық орыс драма театрының құрылғанына 40 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Театральная осень» І Аймақаралық театрлар фестивалі өз шымылдығын ашты. Мәдени шараға жиналған өнер саңлақтары алдымен аталмыш театрдың негізін қалаған Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Я.Куклинскийдің рухына тағзым етіп, атақты актердің қабіріне гүл шоқтарын қойды.
Театр жаңа маусымда Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын сахналап, көрермен көңілінде тамаша әсер қалдырды.

Салтанатты шара басталмас бұрын журналистерге арналған баспасөз мәслихаты болып өтті. Оған айтулы театр сыншылары, фестивальге жер-жерден келген өнер тарландары қатысты. Тарқатып айтар болсақ, аталмыш додада Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының орыс театрларының өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салады.
– Жалпы, өнер мен мәдениетке қолдау көрсетіп, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті дамытуды мақсат еткен бұл басқосу өнер адамдарының пікір алмасуына, ұлттық мәдениеттің өркендеуіне ықпал ететініне сенімім мол. Фестивальде бақ сынайтын өнерпаздардың осалы жоқ. Барлығы да дүбірлі додада топ жарып жүрген дүлдүлдер,–деген облыстық орыс драма театрының директоры Бейбіт Бақтыгереев жиналғандарға жүрекжарды тілегін жеткізді.
Баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген өнертану кандидаты, профессор Сәния Қабдиева, ресейлік өнертанушы Анна Степанова, «Золотая маска» Бүкілресейлік фестивалі сарапшылар кеңесінің мүшесі, театр сыншысы Нияз Игламов өз пікірлерін ортаға салып, аталмыш фестивальдің мән-маңызына тоқталып, жалпы орыс театрларының бүгінгі аяқ алысы мен кәсіби қарымына баға беріп, фестиваль бағдарламасына енген қойылымдардың көркемдік деңгейін талқыға салды. Сөйтеп, үш күнге жоспарланған өнер жәрмеңкесі жергілікті және ресейлік кәсіби мамандардың сыны мен салиқалы сараптамасына қанығып, талдап-таразылауға мол мүмкіндік туғызып отырғандығын баса айтсақ деп едік.
Көкшетау төрінде салтанат құрған өнер байқауы 28 қазанға дейін жалғасын табады.
Сонымен, көпшілік тағатсыздана күткен шара – облыстық орыс драма театрының құрылғанына 40 жыл толуына орай, ұйымдастырылған І-ші аймақаралық театрлар фестивалінің ашылу салтанаты да басталды. Фестивальға қатысушы театр ұжымдарын таныстырғаннан соң, сөз кезегі облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаеваға берілді. Басқарма басшысы барша қауымды өрісі кең өнер мерекесімен құттықтады.
Ал, кешкісін Ақмола облыстық орыс драма театрының сахналануымен адамзат трагедиясы атанған Шекспирдің «Гамлеті» көрермен назарына ұсынылды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар