Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ардагерлер – асыл қазына - АРҚА АЖАРЫ

Ардагерлер – асыл қазына

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин «Көкшетау» мәдениет сарайында ардагерлер ұйымдары шығармашылық ұжымдарының облыстық байқау-фестивалінің қорытынды гала-концертіне қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Концерттік бағдарлама Егіндікөл ауданының «Әжелер», Еңбекшілдер ауданының «Ақ жаулық» вокалды ансамбльдері мен «Көкшетау» халықтық би ансамблінің орта тобының орындауындағы құйқылжыған халық әндерімен басталды. «Нұр шашу» жиынтық атауымен орындалған алғашқы ән бірден көрермен көңілін баурап, ине шаншатын бос орны қалмаған залға мөлдіреген шуақ төгіп тұрды. Ал, сахнадағы экраннан ән мазмұнына сай қазақтың ұшы-қиыры жоқ кең даласы, масағын көтере алмай тебірене толқыған сары теңіз іспетті егінжайы, шұрқырай кісінеп, жондары жылтылдап жосыған көп жылқы осы ардагерлердің табаны тастан таймаған тарланбоздай ерен еңбек етіп, тырнақтап жинаған ырысы емес пе? Тамылжыған табиғат, көк жүзінде кереге қанаттарын керіп, қалықтаған қыран құстың бейнесі рухыңды көтеріп, айдыныңды асырады екен. Жалғыз ән ғана емес, ән мазмұнына сәйкес әдемі көріністер де өзгеше мазмұн үстеп, мағыналық тұрғыдан ұтымды қолданылды. Бір айта кетерлігі, ардагерлер орындаған әр ән сайын осындай көріністер беріліп отырды. Орындау шеберліктері, тақырыбы мен мазмұны бір-бірімен деңгейлес, бәрі де ойлы, әуенді шығармалардан соң тыңдарман қауым өз разылықтарын ду қол шапалақтау арқылы білдіріп отырды. Әсіресе, «Туған жер» әнін орындаған Степногорск қаласынан келген белгілі әнші Насиполла Назарұлының, Р.Гамзатовтың «Журавли» әнін орындаған Аршалы ауданының әншісі Гросс Лукьянның айрықша әуезді үндері көпшілікті тәнті етті. Қорғалжын ауданынан келген «Ретро» вокалды-аспаптар ансамблі халық әні «Құдашаны» орындаған сәтте самайларын ақ қырау шалған ардагерлер шалқыған ән лебімен бірге тербеліп, жастық шақтарын еске алысты. Концерт барысында Есіл ауданының Свободное селосының ардагерлер клубы хоры, Ақкөл ауданынан келген «Ақкөл сазы» фольклорлық ансамблі, Көкшетау қалалық «Достар» мәдениет сарайы жанындағы «Сударушки» халықтық-фольклорлық вокалды ансамблі тамаша өнер көрсетті.
Өз өнерлерімен өкшелерін басып келе жатқан жас ұрпаққа әдемі үлгі көрсеткен аға буынның концерттік бағдарламасы аяқталған соң облыс әкімі Мәлік Мырзалин еліміздің асыл қазынасы – ардагерлерді құттықтады.
–Бұл күндері барлық еліміз бойынша қарттарды қолдау айлығы кең көлемде өткізіліп жатыр. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жанды қамқорлығының арқасында аға буынға лайықты құрмет, ілтипат көрсетілуде. Біздің ардагерлеріміз күні кеше ғана өздерінің еңбексүйгіштігі арқасында қоғам байлығын еселесе, бүгінгі күні еліміздің бірлігіне, тұтастығына ықпал етіп отырған ардақты жандар,–деді облыс әкімі,–сіздердің күш-жігерлеріңіздің арқасында материалдық және рухани байлығымыз қалыптасты. Өнеркәсібіміз өрістеді, денсаулық сақтау және білім саласы жаңа биіктерге көтерілді. Ең бастысы, сіздер өздеріңіздің ақылдарыңызбен, баға жетпес өмірлік тәжірибелеріңізбен қолдап, демеп келе жатырсыздар. Қоңыр күздегі осы бір жарқын мереке сіздерге деген, сіздердің еңбектеріңізді құрметтеуге деген ықылас.
Облыста әр жыл сайын қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік жағынан қорғауға бағытталған айлық өткізу игі дәстүрге айналған. Бүгінгі күні Ақмола облысында 111,5 мың егде адамдар бар. Олардың 95-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері, алты мыңға жуығы тыл еңбеккерлері. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің 400-ге жуық жесірлері бар. Барлық қариялар бұл күнде арнайы әлеуметтік көмекпен қамтылады. Аймақта 10 интернат үйлері жұмыс істейді. Оның алтауы егде адамдарға арналған. 26 әлеуметтік көмек бөлімшелері ардагерлердің үйлерінде көмек көрсетеді. Осындай көмекпен бес мыңға жуық адам қамтылып отыр. Жыл басынан бері коммуналдық қызмет үшін 11 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бүгінгі күні қалалар мен аудандардың бюджеті есебінен 5750 адамға 26,8 миллион теңге көлемінде бір мезгілдік материалдық көмек берілді. Жалпы, облыс бойынша әлеуметтік көмекпен 61 566 адам қамтылып отыр. Оларға 319,5 миллион теңгенің көмегі көрсетілді. Сондай-ақ, 902 адамға отын алу үшін 18,3 миллион теңгенің жәрдемі жасалды. Бұдан басқа да дәрі-дәрмекке, азық-түлікке және емделуге қыруар қаржы бөлінуде. Осының барлығы ардагерлерге көрсетіліп жатқан демеу.
Мазмұнды шара соңында жыл бойы әуендері жетер жерді әндерімен әрлеп, көркемөнерпаздар қозғалысына белсене атсалысып келе жатқан әрбір ауданның ұжымы жеке-жеке аталымдар бойынша марапатталды. Олардың ішінде үздік ән орындаушылар да бар. Аталымдар бойынша марапатталғандарға мақтау қағазымен қоса, 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етілді.
Өнерпаз ұжымдардың байқауының қорытындысы шығарылып, үшінші орынға Целиноград ауданының «Асыл мұра» ансамблі, Көкшетау қалалық «Сударушки» халықтық-фольклорлық ансамблі, Сандықтау ауданының «Родные напевы» халықтық ардагерлер хоры ие болса, екінші орынды Есіл ауданы мен Атбасар ауданының халықтық хор ұжымдары иеленді. Ал, бірінші орынға Бурабай ауданының халықтық хоры лайық деп танылды. Жүлделі ұжымдардың бәріне орындарына орай 100 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін сыйлық табыс етілді.
Шара соңында Атбасар ауданының ардагері, өңірімізге танымал азамат Иван Комиссаров сөз сөйлеп, ардагерлерге әрдайым қамқорлықпен қарайтын ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, облыс әкімі Мәлік Мырзалинге шынайы алғысын білдірді. Алдымен қазақ тілінде таза сөйлеген Иван Ивановичтің орыс тілінде сөйлеген кезінде сәл мүдіріп қалғаны және «көрдіңіздер ме, мен қазақ тілінде ғана сөйлей аламын ғой» деп әзілдегені әдемі әсер берді.
Бұл күні көгілдір Көкшенің ашық аспанының астында әдемі ән қалықтап, күміс күй зәу биіктен күн нұрындай құйылды. Көп көңілі де шат, көтеріңкі. Әдемі себеппен бастары қосылған аға буын өкілдері де бір-бірінен амандық-саулық сұрасып, әзіл-қалжыңдарын айтып бір жасап қалды.

Байқал Байәділов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар