Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Виктор Зайберт және Ботай мәдениеті - АРҚА АЖАРЫ

Виктор Зайберт және Ботай мәдениеті

Достық үйінде есімі елімізге ғана емес, әлемге танымал ғалым археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның әлеуметтік ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, Германия археологиялық институтының құрметті профессоры Виктор Зайберттің 70 жылдығы шеңберінде дөңгелек үстел өтті. Шараны ашып жүргізген облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова Елбасы мақаласында көтерілген рухани жаңғыру идеясы бағытында қырық жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан ғалымға деген жүрекжарды жылы лебізін білдірді.

Атақты ғалымның біздің университетімізде еңбек еткенін мақтаныш етеміз, – деп бастаған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Аманай Сейітқасымов өз сөзінде ғылыми жаңалықтар ашатын ғалымдардың көп екендігін, бірақ, сол жаңалықтарын халыққа таныту, насихаттау екінің бірінің қолынан келе бермейтінін айтты. Виктор Зайберттің есімін барша әлемге танытқан өзі ашқан Ботай мәдениетіне қатысты халықаралық ғылыми-практикалық конференция екендігі белгілі. Бұл алқалы жиынға әлемнің көптеген елдерінен сексенге жуық ірі ғалымдар қатысып, осы Ботай мәдениетіне қатысты тартымды баяндамалар жасаған болатын. «Жетпіс деген «жет» және «піс» деген екі сөзден құралған, яғни, осы жасқа жетіп, тәжірибесі мен білім-біліктілігі пісіп толысқан сіз қазақ ғылымына әлі де көп үлесіңізді қоса беретініңізге сенеміз» дей келе, шешен өз тілегін өлеңмен өріп аяқтады.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Зейнолла Самашев «Ботай мәдениеті мен Зайберт есімдерін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Ботай мәдениеті туралы айтыла бастағанда есімізге бірден оны ашып, әлемге танытқан ғалым түседі» – деді. Зайберттің еңбегінің маңыздылығы сонда, ол осыдан 6 жылдан астам бұрын Солтүстік Қазақстан өңірінде тұратын адамдар жылқы өсіріп, мал шаруашылығымен айналысқанын нақты ғылыми деректер арқылы дәлелдеді. Ол Ботай мәдениетіне қатысты 100-ден астам монография мен ғылыми мақала жазып, осыған 40 жылдан астам өмірін арнады. Атап өтерлігі, Ботай мәдениеті қазбаларын зерттеу жұмысына еліміздің оқу орындарының студенттері мен ғалымдары ғана емес, Германия, Ұлыбритания сияқты шет елдердің ғалымдары да қатысты. Философия ғылымдарының докторы Ілиясмұхамет Сүлейменов археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан британдық ғалым Алан Уолтердің мақаласын оқып берді. Ағылшын ғалымы біздің облысымыздың аумағында жүргізілген қазба жұмыстарына зор баға беріп, жоғары технологияны пайдалану арқылы ежелгі мәдениетті танып білу бағытындағы атқарылып жатқан шаруаларға қызығушылық танытады.
Виктор Федоровичті өзінің ұстазы деп білетін Еуразия ұлттық университетінің жанындағы К.Ақышев атындағы архео-
логия ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдуллина, ҚР Білім және ғылым министрлігі археология институтының профессоры Жолдасбек Құрманқұлов ғалымның еңбектері жайында жан-жақты баяндап, өздерінің жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді. Ғалымның інісі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, сазгер Юрий Зайберт ағасына арнап шығарған әнін шырқаса, әріптесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадіржан Әбуев ғылыми жұмыстарына жеміс тіледі. Бүгінде Виктор Зайберт еңбек ететін Қостанай педагогикалық университетінің доценті Эльмира
Наурызбаева ғалымның қазіргі күні де ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысатынын атап өтті. Ғалымға деген жылы лебіздер мен тілектер жалаң сөзбен шектелмей, алғыс хаттармен, түрлі бағалы сыйлықтармен астасып жатты.
Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова еліміздің ғылымын дамытуға еселі үлес қосып жүрген ғалымға облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырып, жұмысына жеміс тіледі. Бүгінде жетпіс жасқа толып отырған ғалым археолог Виктор Зайберт осындай тамаша шара ұйымдастырып, өзіне зор құрмет көрсеткені үшін облыстық әкімдікке, арнайы келген әріптес ғалымдарға ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар