Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жолың болсын, жолаушы - АРҚА АЖАРЫ

Жолың болсын, жолаушы

немесе көлік жүргізушілерін дайындаудағы түйткілді жайлар хақында

Жол бойындағы жантүршігерлік апаттың күн өткен сайын көбейіп келе жатқандығы қоғамда орынды алаңдаушылық туғызуда. Әр апаттың астарында қаншама қайғы-қасірет, адам тағдыры бар. Осы таяуда ғана Ресейде орын алған жол апаты туралы кейбір жайлар әлеуметтік желілер арқылы жалпақ жұртқа тегіс мәлім болды. Владимирский облысындағы жол апаты кезінде автобуста Өзбекстанның 50 азаматы мен екі қазақстандық жүргізуші болған. Көлік темір жол бойында қаусап қалған, қаншама адамның қанына боялған автобус нөміріне қарағанда Қазақстандікі.

Қазақстандық жүргізушілердің біреуі оқиға орнында мерт болса, екіншісі Покров қаласындағы уақытша жайғастыру пунктіне жіберілген. Кейін белгілі болғанындай, автобус пойызбен соқтығысқанда 15 адам қаза тапқан. Жалғыз ол ғана емес, мұндай оқыс оқиғалар өте көп. Осыдан бірер апта бұрын Атбасар ауданындағы Мариновка елді мекеніне таяу маңда үлкен апат орын алды. Екі автокөлік соғылысып, жеті бірдей адам қаза тапты. Ал, респуб-
лика бойынша әр жыл сайын жүз мың тұрғынға шаққанда, үш мың адам жол апатының салдарынан өмірден өтеді екен. 17 мыңға жуық адам апат салдарынан мүгедек болып қалады. 2000-2012 жылдар аралығында елімізде жол-көлік оқиғасының кесірінен 32 мыңға жуық адам ажал құшқан. 160 мың адам әртүрлі дене жарақаттарын алған. Ел аман, жұрт тынышта қаншама отандастарымыз опат болып жатыр. Бүкіләлемдік банктің сараптауына қарағанда, Қазақстандағы жол апаты ішкі жалпы өнімнің бір жарым пайыздайы шамасында зиян келтіріледі екен. Материалдық және әлеуметтік шығын 600 миллиардтың төңірегінде. Егер еліміздің қаржы көп жұмсалатын қорғаныс саласына әр жыл сайын 200 миллиард теңге қаржы жұмсалатынын ескерсек, жол-көлік оқиғасынан келетін зиянның көлемі оқырманға түсінікті болар еді.
Осынша қайғы шегіп, зиян тартып отырғанымызбен, нашар көлік жүргізушісін дайындағаны үшін әлі бірде-бір рет жүргізуші дайындайтын мектептердің немесе осы іске жауапты қызметкерлердің жауапқа тартылғандығын естіген емеспіз. Бұрын көлік жүргізушілерін дайындайтын оқу орындары республиканың Білім және ғылым министрлігінің қарамағында болатын. Министрлік өз кезегінде әрбір категория бойынша бағдарлама түзіп, оқыту әдістемесін құрып, жаңағы мектептің материалдық-техникалық базасын толық зерттегеннен кейін ғана лицензия беретін. 2007 жылдан бастап көлік жүргізушілерін оқытатын мектептер жол-көлік полициясына берілді. Биылғы жылғы жаңа тәртіп бойынша оқу ұйымдары ғимарат пен қажетті құрал-жабдықтарды жалға ала алады. Енді шынын айтқанда, пайда көздеген әлдекімдер өздерінде материалдық-техникалық база болмаған соң, автодромды жалға алу туралы жалған құжат жасай салуы да әбден мүмкін.
Біз осы шетін оқиғалардың себебін анықтағымыз келді. Білетіндердің айтуы-
на қарағанда, жол-көлік оқиғаларының себебі мен салдары сан алуан. Оның ішінде ең бастысы, көлік жүргізушілерін дайындаудағы жіберіліп отырған олқылық.
Облыс орталығында орта мектептердің жоғары сынып оқушыларына кәсіби білім беру бағытында бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, жүргізуші мамандығына оқытылады. Жалғыз жүргізуші ғана емес, күні ертең тіршілікке қажетті әрқилы кәсіп игеріледі. Әр оқу жылында көлік тізгінін ұстауға тілек білдіретін оқушылардың саны 500 мыңға жетіп жығылады. Әрине, оқушылардың орта білім алуы-
мен қатар күні ертең белгілі бір кәсіпті меңгеріп шығуына ешбір қарсылық жоқ. Бірақ, бұл арада айта кететін бір дүние, «ВС1» категориясы бойынша дайындалатын жаңағы 15 топтың құрамындағы жарты миллионға жуық оқушы кәсіби білімді қандай деңгейде алып жатыр? Міне, барлық мәселе осында. Көлікті жүргізіп үйренуге небары 8 автокөлік бөлінген. Оның екеуі «ЗиЛ» және «ГАЗ-53» жүк көліктері.
–Біз өз тәжірибеміз бойынша оқушылар тобындағы әр адамның дәйекті түрде тәжірибе жинақтап, білім алуы үшін топтағы отыз оқушыға кем дегенде үш автокөліктің қажет екендігін білеміз,–дейді «Арбакеш» акционерлік қоғамының президенті Өтеген Кәрімов,–демек, оқу-өндірістік комбинаты оқу курстарындағы оқушыларды толық қамтамасыз ету, олардың шеберліктерін жетілдіру үшін кем дегенде 37 автокөлік қажет.
Бұл мәселенің бергі жағы ғана. Қазбалай берсеңіз, бір жоқты бір жоқ түртіп, түпсіз тұңғиыққа тереңдей түсер еді. Енді облыс орталығындағы автокөлік жүргізушілерін даярлайтын курстар мәселесіне келейік. Кешегі кеңес заманында көлік жүргізушілерін дайындайтын арнайы оқу орны небары үшеу-ақ болатын. «Казавтомотолюбитель»,
«ДОСААФ» және Көкшетау оқу комбинаты.
–Барлық оқу орындарында оқытқан шәкірттеріне куәліктерін өздері тапсырады,–дейді Өтеген Кәрімов,–өйткені, олар жалғыз білім тәжірибесі ғана емес, шәкірттерінің моральдық-психологиялық байыптылығына да жауапты. Мысалға дейік, әуе училищесінде ұшқыштарға дипломды училищенің өзі береді ғой.
Шынында да, тәжірибелі маманның айтқан пікірінің жаны бар сияқты. Әйтпесе, қазір рұқсат беретін әрі бақылайтын орган – Ішкі істер министрлігі. Куәлікті де беретін өздері. Бәлкім, қаптап кеткен жол апатының түпкі себебінің айтылмай тұрғаны осыдан ба екен.
Бүгінгі таңда Көкшетауда 19 көлік жүргізушілерін дайындайтын мектеп жұмыс істейді. Егер жүргізушілерді да-
йындайтын мектептер түлектеріне куәлік тапсырғаннан кейін алғашқы жарты жылда олардың кәсіби шеберліктеріне жауап беретін болса, осы білім ошақтарының қақ жартысы жабылып қалуы да әбден мүмкін. Өйткені, көбінде материалдық-техникалық база әлсіз. Тәжірибе өткізетін алаңқайлары жоқ. Мұндай тәжірибелік алаңқайлар ертеден жұмыс істеп келе жатқан жоғарыда аталған үш ұйымда ғана бар.
Ендігі бір ауыз сөз оқу бағдарламасына қатысты. Жүргізушілерді дайындайтын мектептер Білім және ғылым министрлігіне қарап тұрған кезде арнайы түзілген бағдарлама болатын. Қазір де бар. Бірақ, жаңғыртуды қажет етеді. Өйткені, әр жыл сайын жол жүру ережелеріне бір қыдыру жаңалықтар енгізіліп жатыр ғой. Сосын бір қисынға келмейтін дүние – «Д» категориялы жүргізушілерді дайындау мәселесі. Шынын айтқанда, қазір ешбір мектеп дайындап жатқан жоқ. Жолаушылар тасымалдау саласында жұмыс істейтін жүргізушілер ілкіден келе жатқан аға буынның жұқанасы. Мысалы, көлік жүргізушісі мамандығын қалаған азамат 18 жасқа толғанда «С1» категориясын алады. Ал, «С» категория-
сын алу үшін 21 жасқа толуы керек, оның ішінде «С1» категориясымен бір жылдан кем емес жұмыс өтіліңіз болуы шарт. «Д» категориясын алу үшін алдымен «Д1» категориясына қол жеткізуіңіз қажет. Осы категориямен үш жыл жұмыс істеуіңіз керек. Оның ішінде «С1» категориясымен жұмыс істеген бір жыл еңбек өтіліңіз талап етіледі. Содан соң барып 25 жасқа толғанда, еңбек өтіліңіз бес жыл болғанда «Д» категориясын ала аласыз. Онда да «Д1» категориясымен жұмыс істеген еңбек өтіліңіз үш жылға толуы шарт. Бірақ, осыған көп жастардың шыдамы жетпейді. Өйткені, ол соншалықты қиялдайтын, армандайтын өте бір қасқалдақтың қанындай қат мамандық емес қой. Мен ертең автобус тізгініне отырамын деп алдына мақсат қойып, кім соншама жыл жүре алады. Міне, сондықтан да қазір облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдайтын ұжымдар автобус жүргізушісін таба алмай отыр. Қазір еңбек етіп жүргендер бұрыннан келе жатқан аға буын.
Жүргізушілерді оқытудағы тағы бір жаңалық куәлік алғысы келген адамның арнайы мектепте оқымай-ақ, өздігінен дайындалуы. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл да жеріне жете ойластырылмаған әдіс. Әрине, оны да адамның уақытын үнемдейік, қолжетімділігін көбейтейік дейтұғын тұрғыда жақсылық жағы бар шығар, бірақ, көлік жүргізу, оның ішінде жолаушы тасу өте жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан, өздігінен оқып, жүргізуші куәлігін алуға саладағы осы жұмыстың жілігін шағып, майын ішкен мамандар қарсы. Көлік жүргізу шеберлігі тынымсыз машықпен келеді. Алғашқы бетте қалыптасқан шартты рефлекс болмаса, автодромдарда сағаттап жүріп, тырнақтап тәжірибе жинақтамаса, көлігі құрттай қайнап жатқан үлкен қалаларда қалай жүруге болады.
Негізгі тақырыптар сәл ауытқып, бүгінде жүргізушілер дайындайтын мектепке иелік етіп отырған «Отан» республикалық қоғамдық бірлестігі туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Бірлестік осыдан 85 жыл бұрын құрылған. Еңбек майданына елеулі үлес қосқан. Демек, тарихы да тағылымды. Ақмола облыстық «Отан» республикалық қоғамдық бірлестігі алдымен тракторшылар дайындаған. Соғыс кезінде ол тракторшылар майдан даласында танкист ретінде Отан қорғау жорығына қатысқан. Тыңға жорық басталған шақта жүргізушілер дайындауға көшкен. Жалғыз жүргізушілерді ғана емес, толып жатқан техникалық мамандар дайындаған. Бүгінгі күні «А», «В», «В1», «С», «Е» категориялары бойынша жүргізушілер дайындауда. «Д» категориясы бойынша автобус жүргізушілерін дайындай алмай отыр. Өйткені, олардың курсанттарды үйретуге қажетті автобустары жоқ.
Ал, өзге материалдық-техникалық базасы әріптестерінің көпшілігіне қарағанда көш ілгері. Қазір жылына жүзден астам жүргізуші дайындап шығарады. Жол ережесін үйрететін, машина құрылымын, тәжірибелік сабақтарды оқытатын пән кабинеттері толық жабдықталған.
–Өзге әріптестеріміздегі ахуал туралы айта алмаймын. Біздің жұмысымыз өз ісімізге берік болу,–дейді бірлестік төрағасы Виктор Юха,–оқу мерзімі әрқайсысының қандай категория алатынына байланысты. Мысалы, «В,С» категорияларына жүргізушілерді 5 ай, «С1» категориясы бойынша 3,5 ай дайындаймыз.
Өздерінің автодромдары бар. Негізі, жүргізушілік шеберлігі тынымсыз машықпен қалыптасатын қасиет. Мысалы, «В» категориялы жүргізушіні да-
йындау үшін 57 жұмыс күні керек. Егер топта 30 адам болса және оқу мерзімі
8 сағат болатын болса, бір оқушыға қанша уақыт көлік тізгіндеу қажет екендігі өз-өзінен белгілі болады. Орташа есеппен алғанда, оқушының арнайы тренажерда жаттыққан уақытын қоса есептегенде, 40 сағатқа тарта уақыт керек. Демек, әр топқа 3 арнайы машина қажет болады. Ал, мұндай қуаты жоқ оқу орындары жүргізушілерді қалай дайындап жатыр.
Облыстық әкімшілік полициясының тіркеу-емтихан бөлімшесі қызметкерлерінің айтуына қарағанда, жол-көлік оқиғалары орын алған кезде көлік жүргізушілерінің біліктілігі сараптама жасалып, талдана бермейді. Бүгінгі күні облыста 62 жүргізушілер дайындайтын мектептер жұмыс істейді. Облыс орталығында мұндай мектептердің 19-ы бар. Солардың арасынан «Арбакеш», «Отан», «Казавтомотолюбитель» ұжымдарының жұмыс сапасын жақсы қырынан көрсетуге әбден болады.
–Бұл ұжымдардың оқушыларының білім сапасы, жүргізу тәжірибесі емтихан кезінде көрініп тұрады, – дейді аға мемлекеттік инспектор Аслан Буканов,–ең қиын мәселе ортақ республикалық базаның болмауы. Бізде 2002 жылдан бастап осындай база жұмыс істеп еді. Мәселен, Қызылордада оқыған азамат бізде емтихан тапсыратын болса, әлгі база арқылы қайда оқығанын көруге болатын. Қазір қаржы тапшылығына байланысты база жұмыс істемей тұр. Желтоқсан айының 1-інен бастап халыққа қызмет көрсету орталығына беру туралы меморандумға қол қойылды. Ал, бүгінгі көтеріліп отырған мәселеге байланысты айтатұғын болсақ біз көлік жүргізушілерін дайындайтын мектептерді тексере алмаймыз. Біздің жұмыс емтихан қабылдау.
Міне, қаны шығып тұрған тақырыпты қаузағанда, екшеп алғанымыз осы. Әзірге жүргізушілер дайындаудың бет алысы осындай. Шаруасы шаш-
етектен іс оңалғанша, қанша уақыт өтер екен. Ал, өмір оған қарап тұрмайды ғой. Құтты жылдамдығы қатты жеңіл көліктердей зымырап өтіп жатыр. Сол зымыраған дүниеде жолыңыз болсын, жолаушы!

Байқал Байәділов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар