Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Астық бағасына диқан көңілі толмай отыр - АРҚА АЖАРЫ

Астық бағасына диқан көңілі толмай отыр

• Бидайдың бір тоннасы қамырлылығы 27 пайыздан кем болмаса, серіктестіктерден – 46, шаруа қожалықтарынан – 41 мың теңгеге сатылып алынады
• Лизингке алынған техникалардың несиесін төлеу мерзімі көктемге дейін ұзартылса
• Бір күзде астық бағасы үш рет арзандады

Үстіміздегі жылы берекелі сары күзде облыс диқандары 5,1 миллион тонна алтын астық жинады. Өңірдегі жиналған барлық астықтың 88 пайызы жоғары сапалы сұрыптарға жатады. Бұл көлем өңірдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге әбден жетіп жатыр. Тіпті, экспортқа шығару көлемін 2-2,5 миллион тоннаға дейін жеткізуге де мүмкіндік бермекші.
Ерте көктемнен қара күзге дейін бел шешіп, бір тыным таппайтын диқан қауымның әуелгі мұңы астық шығымы екендігі белгілі. Алқап төсіне дән сіңіргеннен кейін «көктен берсе» деп тілейтін олардың өтіп бара жатқан жылға өкпесі жоқ шығар. Көктен де берді, көптеп те берді. Оның үстіне күз ұзақ, құрғақ әрі майтоңғысыз жылы болды. Соңғы жылдары соңғы айналымын ақ қардың астында жүріп, ақ боранмен алысып бас-тыратын диқандардың биыл күздің қара жаңбырына ұрынбай, өнімін жинап алуға мүмкіншіліктері мол болды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына арнаған Жолда-уында атап көрсетілгеніндей, аграрлық сала экономикалық өсімнің қуатты қозғаушы көзіне айналып-ақ келе жатыр. Қамқорлық та шаш-етектен. Субсидия көлемі 36,3 миллиард теңгені құрады. Үстіміздегі жылы бұрнағы жылмен салыстырғанда 1,5 есе артық минералдық тыңайтқыш сіңірілді. Элиталық тұқым егу де 1,4 есе көбейді. Осының барлығы алтын астықтың көлемін көбейтуге, ырыздығын молайтуға септігін тигізуде. Егін орағын уақытылы өткізіп, уһ, деп жан шақырған диқандардың ендігі бас ауруы – бидайдың бағасы болып тұр. Шаруалардың ішкі есептеріне қарағанда, бүгінгі баға өздері межелеген тұстан шықпай тұр. Яки, үйдегі ойды базардағы нарық бұзған.
Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы Ақмола облыстық филиалының директоры Әсет Бектеміровтың айтуына қарағанда, бидайдың қамырлылығы 27 пайыз болса, салық төлейтін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерден тоннасын 46 мың теңгеге сатып алып жатыр, ал, салық төлемейтін шағын шаруа қожалықтарынан әр тоннасын 41 мың теңгеден алуда.
–Баға жаман емес,–дейді Әсет Қабайұлы,–арпаның әр тоннасының бағасы серіктестіктерден 40 мың теңгеге, шаруа қожалықтарынан 36 мың теңгеден сатып алудамыз. Бидай Қытай мен Өзбекстанға, арпа Иранға жөнелтілуде. Әрине, ауыл шаруашылығы құрылымдарының табыс тауып, маңдай терлерімен өсірген бидайларын бұлдап сату үшін тұтынушы, яки, бидайға сұраныс күшті болуы керек. Биыл сұраныс мақтанарлықтай болып отырған жоқ. Іргедегі Ресей 130 миллион тонна бидай жинады. Қазір олардың бағасы тіптен арзан. Ресейге сатпақ түгіл, олардан сатып әкеліп, өзімізде сатқан әлдеқайда тиімді. Биылдыққа астық бағасы үш рет арзандады. Қазір біздің ұсынып отырған бағамыз толымды деп есептеймін. Әрине, шаруа қожалықтарының жағдайын да түсінуге болады. Алдымен жұмысшыларының еңбекақыларын төлеу керек екендіктерін білеміз. Оның үстіне лизингке алынған техникалары да бар. Олардың да несиесін уақытылы өтеу парыз. Жасыратын несі бар, шаруа қожалықтары тыңайтқыштарды да қарызға алып, алқаптарын өңдейді емес пе.
Егін орағы басталған кезде делдалдар бидайдың тоннасын 54-60 мың теңгеден алған екен. Тура алқаптың басынан. Биыл күз құрғақ болғандықтан, жылдағыдай ылғалы көп дейтұғын қауіп жоқ. Астық мейлінше таза. Әр тоннасын 60 мың теңгеден алып жатқан соң диқандар жинаған өнімін корпорацияға тапсыруға құлықты болмай шыққан. Өйткені, қаржының жоқтығынан корпорация бірден есеп айырыса алмайды. Бір ай, бәлкім одан да көбірек кешіктірулері мүмкін. Ал, шаруалардың күтуге мүмкіндіктері тіптен жоқ. Өйткені, өнімді жинап болғанша белшесінен қарызға батқан. Оның үстіне жанар-жағар май да қымбаттап кетті. Осыған орай, элеватордың қызмет ақысы да өткен жылмен салыстырғанда едәуір қымбат. Негізінен, сақтау, кептіру, тиеу, өңдеу тәрізді бес бірдей қызмет түрін көрсететін элеватор бидай кептіруге жұмсалатын жанар майдың құнын амалсыздан қызмет көрсету бағасына қосуға мәжбүр болып отыр.
Астық сапалы болса ғана еңбегің ақталады. Бидайдың қамырлылығы Торғай жақ беттегі Атбасар, Есіл, Жақсы, Жарқайың аудандарында ғана жоғары. Ал, орманды алқаптардағы бидайдың қамырлылығы 21-22 пайызға әзер жетіп отыр. Демек, бұл тұстағы ырыс кемиді деген сөз. Негізінде ғалымдардың уәжіне қарағанда, бидайдың қамырлылығы ең алдымен күн сәулесіне тікелей байланысты.
–Үстіміздегі жылы бір мың гектар жерге бидай ектім,–дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруа қожалығының басшысы Құлан Болатов,–гербицидті қарызға алдық. Күзгі егін орағында комбайншы таба алмай, сонау Солтүстік Қазақстан облысының Егіндіағаш ауылынан механизатор әкелдік. Олардың еңбекақысы бар, басқа да жаз бойы қордаланып қалған қарыздарымыз бар. Дәл қазір қоймадағы астықты делдалдар 25-26 мың теңгеге сұрап отыр. Бірақ, біз де шығынымызды жауып, пайда тапқымыз келеді. Сондықтан, қимай отырған жайымыз бар.
Егін орағында мол пайда таппаған шағын шаруа қожалықтарының техникасын, басқа да құрал-жабдықтарын жаңартуға мүмкіндігі бола бермейді. Қарызын түгел жауып шықса, соған да тәубе дейтін түрі бар.
–Бәрін қойып арпа екпеген екенмін,–дейді Есіл ауданындағы шаруа қожалығының өкілі Сақтапберген Абаев,
– біріншіден арпаның бағасы жылда жақсы болады. Биыл әр тоннасын 30-35 мың теңгенің көлемінде сатып жатырмыз. Рас, бидайдан арзан, бірақ, арпаның өнімі бидайдан көп болады ғой. Оның үстіне әр жыл сайын бидай өткізу мәселеге айналып келеді. Ал, арпаны мал баққан қазақтың барлығы сатып алады. Міне, соғым семіртетін уақыт та келді. Оның үстіне бағымындағы басқа да малы бар. Қазір жалғыз шөппен мал қыстату мүмкін емес. Сондықтан, қай жерде болмасын, арпаға сұраныс жақсы. Тіпті, ешқайда барып керегі жоқ. Сатамын десең болды, ел құлақтанып келіп, өздері сатып алып кетеді.
Енді осы тығырықтан қалай шығуға болады? Шаруаның қос бүйірінен қысып отырған жай – қарыз. Сондықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігі «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы лизингке алған техникалардың несие мерзімін көктемге дейін ұзартса, сол уақытқа дейін шаруалар да жұмысшыларының еңбекақысын төлеп, басқа да қарыздарын жауып, жеңілдеп қалар еді.

Байқал Байәділов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар