Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің қатысуымен өткен VІ шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс 16-шы сессиясында облыс бюджетіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу, облыс әкімі жанынан құрылған бірқатар комиссиялардың құрамын өзгерту туралы және басқа мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Сессияға облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Баймағамбетов төрағалық етті.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлғаждаров бюджет қаржысын қайта бөлу арқылы тиімді пайдалану қажеттігін алға тартып, қазіргі күні өткір сипат алып отырған жылу беру маусымын дұрыс өткізуге, әлеуметтік саланы дамытып, су жүйесін жетілдіруге қаржы бағыттау қажеттігін атап өтті. Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясында алдын ала талқыланған бұл мәселеге депутаттар түсіністікпен қарап, басқарма басшысының ұсынысын бірауыздан қолдады.
Облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы, жұмыс тобының мүшесі Венера Төлегенова Ақмола облысының құрметті азаматы атағына облыстық мәслихат депутаттары ұсынған Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сағынтай Елубаевтың еңбек жолы туралы баяндап, депутаттардан ұсынысты қолдап, шешім қабылдауды сұрады. Депутаттар тарапынан бұл ұсыныс қолдау тауып, мәслихат сессиясының шешіміне сай, өңіріміздің, жалпы еліміздің білім саласын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген Сағынтай Елубаев облысымыздың құрметті азаматы атанды.
Облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібіне ұсынылған облыс әкімдігі жанынан құрылған бірқатар комиссиялардың құрамына енгізілген өзгерістер туралы ақпараттар тыңдалып, депутаттар тарапынан мақұлданды. Күн тәртібіне ұсынылған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.