Сессия
Сегізінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясында өңірдің бірқатар елдімекендерінің құрылымы мен мәртебесі қайта бекітілді.
Целиноград, Аршалы, Ақкөл, Бұланды, Егіндікөл және Біржан сал аудандары бойынша шешімдер қабылданды. Сессияны облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов жүргізіп, оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов қатысты.
Сессияға облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық әкімдіктің қызметкерлері, аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың кейбір басшылары қатысты.
Күн тәртібінде алдымен Ақмола облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары – іс басқарушы Ермек Жоламанов облыстың кейбір аудандарының әкімшілік-құрылымдық құрылысына және облыс әкімдігі жанындағы кейбір консультативтік-кеңесші органдары құрамына енгізілетін өзгерістер туралы баяндап берді. Сонымен, ол «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес облыс аумағындағы әкімшілік-аумақтық құрылысы өзгеретін елді мекендерді атап өтіп, ондағы ахуал жайында мәліметтер берді. Сөйтіп, Целиноград ауданында Қызылсуат ауылдық округінің шекарасында жаңа әкімшілік-аумақтық бірлік – Нұрлы ауылын құру, Аршалы ауданының Жібек жолы ауылдық округінің құрамынан Жібек жолы ауылын жеке дара бірлік етіп шығарып, оны кент ретінде қайта құру, ал, Жібек Жолы ауылдық округінің орталығын Жалтыркөл ауылына ауыстыру, Ақкөл ауданының Жалғызқарағай ауылдық округінің Қайнар ауылын басқа қоныстар санатына жатқызып, есептік деректерден шығару және оны Жалғызқарағай ауылдық округінің Жалғызқарағай ауылының құрамына қосу, Ерназар ауылының әкімшілік-аумақтық бағыныстылығын Урюпинск ауылдық округінің әкімшілік-аумақтық бағыныстылығына беру, Біржан сал ауданының Уәлиханов ауылдық округінің Ақсу ауылын басқа қоныстар санатына жатқызып, Уәлиханов ауылының құрамына қосу, Бұланды ауданының Айнакөл ауылдық округін қысқартып, есептік деректерден шығару, Журавлевск ауылдық округінің әкімшілік-аумақтық бағыныстылығына беру жолымен Айнакөл және Острогорка ауылдарының әкімшілік-аумақтық бағыныстылығын өзгерту, Егіндікөл ауданының Спиридоновка және Абай ауылдарының шекараларында Егіндікөл ауданының Спиридоновка ауылдық округі әкімшілік-аумақтық бірлігін құру бойынша ұсыныстар жасап, депутаттар тарапынан бір ауыздан қолдау білдіріліп, шешім шығарылды.
Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылын жеке-дара әкімшілік-аумақтық бірлік ретінде құру туралы мәселе ондағы халық санының ұлғаюына байланысты туындаған. Қазір ондағы тұрғындар саны 25 мыңнан асады. Енді ауылды аймақ кент мәртебесіне ие болғандықтан, бұдан былай ондағы мұғалімдер мен дәрігерлер қауымы ауылдық жерлердегі мамандарға көрсетілетін коммуналдық қызметтерге төленетін жеңілдіктерден айырылады.
–Әрине, бүгінгі шешім біздің Аршалы ауданының тіршілігіне оң әсер етеді деп сенемін. Аудан елорданың іргесінде болғандықтан, онда халық саны өсуде. Жібек жолы жеке-дара кент атанды. Ауылдық округтің орталығы ауыстырылды. Менің ойымша дұрыс қабылданған шешім. Әріптес депутаттарға бәрі бір кісідей қолдағандары үшін алғыс айтамын, –деді облыстық мәслихаттың Аршалы ауданынан сайланған депутаты Руслан Шамкенов.
Облыстық әкімдік Біржан сал ауданындағы Ақсу ауылын есептік мәліметтерден алып тастап, өзге қоныстардың санатына қосып, оны Уәлиханов селолық округіне қарасты Уәлиханов ауылының құрамына енгізу туралы ұсыныс бергені белгілі. Ресми деректерге сүйенсек, қазір елді мекенде 42 үй бар, соның тек 26-сында ғана адамдар тұрып жатыр. Ақпанның 18-інде жергілікті тұрғындар бұл ұсынысты бірауыздан қолдапты.
–Облыстық мәслихаттың бүгінгі сессиясында ауданның әкімшілік шекарасына қатысты мәселе көтерілді. Біздің ауданда мәслихат сессиясының шешімімен және аудан әкімінің өкімімен Ақсу ауылы таратылды. Бұл елді мекенді біз Уәлиханов округіне қосамыз, ол сол өңірдің экономикалық және әлеуметтік көрсеткішіне ықпал етеді, –деді бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында Біржан сал ауданы әкімінің орынбасары Есдәулет Қаленов.
Әкімшілік-аумақтық жайластыру бойынша қабылданған шешімдер облыстық әділет департаментіне мемлекеттік тіркеуге жіберілді. Қабылданған барлық қорытынды рәсімделгеннен кейін және ресми түрде жарияланғаннан соң заңды күшіне енеді.
Ал, Ақмола облысы әкімдігінің жанындағы жер комиссиясының дербес құрамына өзгерістер енгізу туралы облыстық әкімдіктің ұсынысын депутаттар қолдамады. Себебі, комиссияның құрамындағы 24 мүшенің небары 2-еуі ғана аграрлық саладан екен, қалғандары не жерге, не ауыл шаруашылығы саласына қатысы жоқ әртүрлі кәсіпорындар мен мекемелердің басшылары мен қызметкерлері. Сондықтан, ауылды аймақтардың тағдыры қаралатын мұндай жауапты комиссияға оның мән-жайын білетін, мамандығы мен қызметі сай келетін мамандарды бекіту туралы ұсыныстар айтты ерейментаулық депутат Бегім Серікұлы бастаған халық қалаулылары.
Бұдан әрі сессияда донорлардың бір реттік төлемақысын 2 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейту жайы қарастырылып, бұл жағдай да оң шешіімін тапты.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

