Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Астық мол шықты, мал басы өсті - АРҚА АЖАРЫ

Астық мол шықты, мал басы өсті

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында қазақстандықтардың алдында тұрған келелі міндеттерді атап өткен болатын. Тәуелсіздігін алғанына ширек ғасырдан асқан еліміз бүгінгі күні дамудың даңғыл жолына түсіп отырған жайы бар. Осы аралықта Қазақстан ғасырларға бергісіз үлкен даму мен өзгерістерді бастан өткерді. Әлемнің бәсекелестікке қабілетті мемлекеттерімен иық тірестіріп отырған еліміздің алдағы уақытта алар асуы көп. Оған елімізде қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері айқын дәлел бола алады.

Еліміздің басқа да өңірлері сияқты Сандықтау ауданында да тәуелсіздік жылдарында көптеген ауыз толтырып айтарлықтай оң өзгерістер мен әлеуметтік-экономикалық дамуда игі нәтижелер орын алғандығын мақтанышпен айта аламыз. Басқаны былай қойғанда,
аудан орталығы Балкашин селосы мен елді мекендеріміздің сыртқы бейнесі айтарлықтай өзгеріп, сәулетті үйлер мен ғимараттар көптеп бой түзеуде. Мұның барлығы ата-бабаларымыз аңсаған ел тәуелсіздігінің арқасында қол жеткізіліп отырған игі істер. Аудан экономикасына әсіресе, ауыл шаруашылығы саласының қосар үлесі зор.
Мәселен, ағымдағы жылдың тоғыз айында ауыл шаруашылығы саласында 16 миллиард теңгенің өнімі өндірілуі көп нәрсені аңғартады. Ауданда жыл өткен сайын мал басы мен құс саны артып келеді. Осы уақытқа дейін аудан бойынша барлығы 29 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Екі сүт қабылдау орны жұмыс істейді. Осының арқасында аудан бойынша жыл басынан бері барлығы 17,5 мың тонна сүт өндірілді. Биыл аудан тұрғындары «Қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының көмегімен үш сүт қабылдау орны мен екі мал бордақылау алаңын ашу үшін жеңілдетілген мөлшерлемемен
несие алды. Оған қоса, аудан тұрғындары «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сияқты мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуда. Бір ғана «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 180 қой сатып алынды. Мал шаруашылығы саласын субсидиялау бойынша ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 123,4 миллион теңге алды.
Әсіресе, биылғы жыл аудан диқандары үшін табысты болды. Агротехникалық шаралар мен озық технологияны тиімді қолданған аудан диқандары қоңыр күзде барлығы 500 мың тонна астық жинап алды. Бұл соңғы жылдары қол жеткізіліп отырған жоғары көрсеткіш. Гектар түсімі орташа 18 центнерден айналды.
Биылғы жылы егін орағы кезінде облысымызға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан
Назарбаев облыстың аграрлық аймақтан өнеркәсіптік-аграрлық аймаққа айналғандығын ерекше атап өткен болатын. Шынымен де, облысымызда өнеркәсіп саласы қарқын алып келеді. Өткен жылдары облыстың респуб-
лика бойынша көш басынан көрінуі осының айқын көрінісі. Мұндай оң өзгеріс біздің ауданымызда да орын алып отырғанын атап өткен артық болмас. Өңірімізде өнеркәсіп саласы, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы біршама жақсы дамуда. Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының аралығында ауданда қолданыстағы баға бойынша 1,6 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама жоғары көрсеткіші. Тау-кен өндірістік кәсіпорындары 142,6 миллион теңгенің өнімін өндірді. Өңдеуші кәсіпорындар 1,1 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Өнеркәсіп саласында шағын бизнес өкілдерінің алатын үлес салмағы қомақты болып отыр. Осы арада айта кетерлік бір жай, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген шарттармен несие алып, өз кәсібін ашқысы келетіндерге барлық мүмкіндік бар.
Қазіргі таңда баспана мәселесі қалада да, ауылда да өткір болып отырғаны белгілі. Бізде баспанаға деген мұқтаждық үлкен қалалардағыдай жоғары болмаса да, жыл сайын жас отбасылар қатары көбейіп жатқан соң үйге қажеттілік болатыны анық. Осы орайда, ауданда үй құрылысы саласын дамытуға жеткілікті көңіл бөлінуде. Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының аралығында 400 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылған. Жыл басынан бері жалпы ауқымы 1075 шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде жақында ғана пайдалануға берілген 18 тұрғын үй бар. Оған қоса, «Болашақ» дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы пайдалануға берілсе, бюджет қаражаты есебінен Балкашин селосында 200 орындық мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бізде жеке меншік тұрғын үй салушылар көп. Жеке үйлер ауданымыздың барлық дерлік елді мекендерінде салынуда. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды одан әрі ширатуды көздеп отырмыз.
Ауданда денсаулық сақтау, білім және мәдениет нысандарын салу, ұстау жұмыстарына да жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінеді. Ауыл шаруашылығы құрылымдары өздері орналасқан елді мекендегі әлеуметтік нысандарды ұстауға үнемі қаржылай көмек көрсетіп отырады. Осыған орай, бұл салада бүгінгі күні шешімін күткен түйткілді мәселелер жоқ деп айтуға болады.
Елбасымыз өзінің жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында еліміздің басты байлығы – тұрақтылығымыз бен ұлтаралық, дінаралық татулығымызды, бірлігімізді сақтауға, халықтың тұрмыс дәрежесін жақсарту жайына үнемі көңіл бөліп отырады. Осы орайда, біз де жергілікті жерде бұл мәселелерге ерекше назар аударамыз. Айта берсек, ауданда атқарылған ауқымды жұмыстар бір мақаланың көлеміне сыймасы анық. Негізгісі, ауданның тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық ахуалы жайындағы ақпараттардан сандықтаулықтар үшін жылдың өткен кезеңі табысты болғанын аңғару қиын емес.
Асылбек ИСМАҒАМБЕТОВ,
Сандықтау ауданының әкімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар