Малыңыз қараусыз қалмасын

Кездескен жерде бір-бірінен «мал-жан аман ба» деп алдымен ауызға малды алатын бұрынғының қазағы үшін төрт түлік күнкөрістің қайнар көзі болып саналса, қазір де ауыл тұрғындарының көбі осы малға қарап отырғаны шындық. Өз аяғымен өріске шығып жайылатын мал жесең тамақ, ішсең сусын, мінсең көлік.

Қазіргі ақша билеген нарық заманында мал өсірудің тиімділігін ауыл адамдары білмейді емес, біледі. Дегенмен, бұрынғының қазақтары сияқты қора-қора қой, табын-табын сиыр мен үйірлеп жылқы ұстайтындар ауылда некен-саяқ. Неге десеңіз, оның өзіндік қадау-қадау себептері бар. Ең алдымен, мал жайылатын жайылымның аздығы, қыс азығын дайындауға қажетті шабындықтың тапшылығы – ауыл адамдарының адымын аштырмайды. Ауыл маңындағы жердің бәрінің иесі бар. Ұзақ жылға мемлекеттен жерді жалға алып, егін егетін серіктестіктер мен шаруа қожалықтары мал өсіремін деген ауыл тұрғындарының шабындық, жайылым жерлерін иемденіп алған. Мал ұстауға кедергі келтіріп тұрған тағы бір себеп – ауылдағы белең алып кеткен мал ұрлығы. Бүгінде мал ұрлауды кәдімгідей күнкөрістік кәсіп еткен «кәсіби» ұрылар бар дейді құқық қорғаушылар. Олар топтасып алып, бірі ұрлап, екіншісі сойып, үшіншісі сатып ұрлықтарының жымын білдірмей ізін жасыруға әбден шеберленіп алған. Сондықтан, ондай кәнігі ұрыларды ұстау да оңай емес дейді құқық қызметкерлері.
Ішкі істер департаментінің дерегіне назар аударсақ, биылғы жылдың басынан бері облыс аумағында мал ұрлығына қатысты 90 оқиға тіркеліпті. 627 бас мал қолды болған. Қылмыстың ашылу деңгейі 51,7 пайыз көлемінде. Яғни, қолды болған әрбір екінші қылмыс ашылмай жатыр деген сөз. Мал ұрлығына қатысты қылмысты ашуда біраз қиындықтар кездеседі дейді құқық қорғаушылар. Ең алдымен, малды ұрлаушылар бір адам емес, әдетте ұйымдасқан топ болып келеді. Олардың әрқайсысының өз міндеттері бар. Біреу малды ұрласа, екіншісі оны сойып, тиісті жерге жеткізеді, үшіншісі сатады. Сондай-ақ, ұрыларға малды шығарып беретін жергілікті жердегі көмекшілері де болады. Осылардың бәрі қылмысты ашуды қиындата түседі дейді ішкі істер органы қызметкерлері.
Мал ұрлығының белең алып кетуіне ішкі істер органы мамандарының айтуынша, көбіне адамдардың өздері де себеп болып жатады екен. Өйткені, мал далада қараусыз жайылады. Ондай малды ұрлау да оңай. Ал, көп тұрғындар малдарын есігі құлыптанбайтын қораларда ұстайды. Бұл да ұрылардың еш кедергісіз түн жамылып келіп малды алып кетуіне мүмкіндік береді. Жоғарыда айтылған 90 ұрлықтың 29-ы қараусыз жүрген өрістегі малға қатысты болса, 43-і есіктері құлыптанбайтын қоралардан ұрланған екен.
Десе де, құқық қорғаушылар белең алып кеткен мал ұрлығын тыюға қатысты біраз іс-шараларды жүзеге асырып жатқан көрінеді. Ең алдымен, полиция күре жолдардың бойынан бөгет қосындарын ашқан. Сол арқылы тасымалданатын барлық мал мен мал еті бақылауда ұсталады. Сонымен бірге, малға сырға тағуға байланысты үш жақты келісім-шартқа қол қойылып, бүгінгі күнге дейін 7683 бас жылқы, 200 мыңнан астам сиыр мен қой сырғаланған. Учаскелік инспекторлар тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, малды далаға қараусыз жібермеу, қораларды мықтап бекітіп, есіктеріне құлып салу қажеттігін үнемі ескертіп айтып отырады.
Әрине, ұрлыққа қатысты ең басты күрес, қылмысты ашу болатыны түсінікті. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері ұрланған 519 бас малды иелеріне қайтарған. Мұның бәрі жедел іздестірудің, көп тер төгудің нәтижесінде келген жетістіктер екені анық. Мәселен, жеті адамнан тұратын топ Целиноград ауданында мал ұрлығына қатысты көптеген қылмыстар жасап келіпті. Соңғы қылмыстарын олар биылғы жылдың қаңтарында жүзеге асырып, Қызылсуат ауылының тұрғынының төрт жылқысын алып кеткен. Келтірілген залал құны – 1400000 теңге. Полиция қызметкерлері бұл қылмысты бір тәуліктің ішінде ашыпты. Бұлтартпас айғақпен қолға түскен ұрылардың жасаған қылмысы бұл ғана емес екендігі анықталған. Кейін айғақтар мен куәлар арқылы қылмыстық топтың мал ұрлығына қатысты тоғыз қылмысы белгілі болды. Қазір ұрылардың үстінен қылмыстық іс ашылып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Қазақ «өзіңе-өзің берік бол, көршіңді ұры тұтпа» дейді. Яғни, ұрлықты тыюдың ең тиімді жолы – ауыл тұрғындарының өз малын қараусыз қалдырмай, сақтық шараларына жете көңіл бөлуі болып қала бермек.

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар