Қария пәтері мен жиған-тергенінен айырылды

Алаяқтан абай бол!

Бүгінгі таңда технология дамыған сайын қылмыстың да түрі өзгеріп, алаяқтардың айла-тәсілдері адам шошырлық деңгейге жетуде. Көкшетау қаласында орын алған соңғы оқиға бұған айқын дәлел бола алады.

Қалалық полиция басқармасы қазіргі уақытта 85 жастағы қарияның сеніміне кіріп, оны тақырға отырғызып кеткен ірі интернет-алаяқтық дерегін анықтап жатыр. Қаскөйлердің құрбанына айналған зейнеткер тек депозиттегі қаражатынан ғана емес, басындағы жалғыз баспанасынан да айырылып, жалпы көлемі 13 миллион теңгеден астам шығынға батқан. Бұл жағдай қоғамымыздағы алаяқтықтың алдын алу шараларының қаншалықты маңызды екенін және қариялардың қорғансыздығын тағы бір мәрте көрсетіп берді.

Қылмыстық сұлбаның басталуы тым қарапайым. Бәрі өткен жылдың желтоқсан айында белгісіз біреудің қоңырау шалуынан басталған. Өзін қалалық электр желілері кәсіпорнының қызметкері ретінде таныстырған алаяқ «электр есептегішін ауыстыру керек» деген желеумен зейнеткердің жеке мәліметтерін алдап алған. Бұл – қаскөйлердің өздері алдап соққысы келген адам туралы ақпарат жинау үшін жиі қолданатын алғашқы тәсілі.

Содан кейін ағымдағы жылдың наурыз айында психологиялық шабуылдың екінші кезеңі басталды. Бұл жолы өздерін «әділет органдарының қызметкеріміз» деп таныстырғандар зейнеткерді «сіздің атыңыздан шетелге заңсыз ақша аударылып жатыр, құжаттарды шұғыл қайта рәсімдеу қажет» деп сендірген. Үздіксіз психологиялық қысым мен үрей туғызу арқылы олар қарияны өз еркімен депозиттегі 3,4 миллион теңгесін курьерге (дропперге) беріп жіберуге мәжбүрлеген.

Алайда, ашкөз алаяқтар мұнымен тоқтамады. Олар зейнеткерді алдап, пәтерін сатуға көндірген. Тіпті, бұл процесс үшінші тұлғалардың – адвокат пен риэлторлардың қатысуымен жүзеге асырылып, пәтер 9,7 миллион теңгеге сатылып, барлық ақша қылмыскерлердің қолына өткен. Тек бірнеше аптадан соң барып, өз қателігін түсінген кейуана полицияның көмегіне жүгінді. Жедел-іздестіру шаралары барысында ақшаны алып кеткен тасымалдаушының да 75 жастағы Көкшетау қаласының тұрғыны екені анықталды. Ол да қылмыстық тізбектің бір мүшесі ретінде жәбірленушіден ақша алып, оны қаскөйлерге аударып отырған.

Аталған оқиға – бүкіл қоғам үшін үлкен сабақ. Ақмола облыстық полиция департаменті азаматтардан, әсіресе, қариялардың туыстарынан барынша қырағы болуды сұрайды. Мемлекеттік органдардың немесе банк қызметкерлерінің атынан келетін күмәнді қоңырауларға сенбеу, телефон арқылы жеке мәліметтерді бермеу және кез келген қаржылық операция жасамас бұрын жақындарымен кеңесу – алаяқтардың арбауынан құтылудың бірден-бір жолы. Мұндай алаяқтық деректерінің алдын алу үшін әрбір азамат құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан түсіндіру жұмыстарына бей-жай қарамай, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Есіңізде болсын, күмәнді қоңырау түссе, әңгімені дереу үзіп, 102 нөміріне хабарласқан абзал. Біздің ортақ қырағылығымыз ғана осындай қайғылы жағдайлардың қайталануына тосқауыл бола алады.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар