Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Астаналықтарды риза етті - АРҚА АЖАРЫ

Астаналықтарды риза етті

Өткен 25-26 қараша, сенбі, жексенбі күндері Астанада Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өтті. Оған облыстың барлық аудандары қатысып, өздері өндірген өнімдерін ұсынды. «Хан шатыр» сауда орталығының алдындағы алаңда бұл күндері сауда қызу жүріп, сатып алушылар өте көп болды.

Жәрмеңкенің басталуы таңғы сағат 9-да белгіленгенімен, ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелген шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарының өкілдері таң бозаңынан келіп, жағалай орнатылған палаткаларға өнімдерін қойып, дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Түнгі суықтың әсері болса да, күн шыға ауа жылынып, күн райының ашық болатыны сезіле түскендей. Целиноград ауданы мәдениет бөлімінің шағын автобусына орнатылған дауыс зорайтқыштан қазақтың әсем әуендері төгіліп, жәрмеңке хабарын айналаға таратып жатты.
Шеткі палаткада ақ халат киген сатушы қызды сөзге тартқанымызда, Ақкөл ауданының «Үш бұлақ» серіктестігінен екенін, сатуға 50 қорап, жалпы ауқымы 18 мың дана жұмыртқа әкелгендігін айтты. Жұмыртқаның 10 данасын 130 теңгеден ұсынып отыр екен. Базар бағасынан әлдеқайда төмен ақкөлдік құс фабрикасының өнімдерінің тауарлық кейпі де көзге тартымды көрінді. Аршалы ауданының «Еңбек-1»
ЖШС-і өздері өндірген өсімдік майын сатуға шығарыпты. Бір литрі – 340 теңге. Май сатып тұрған осы серіктестіктің өкілі Галина Манойло шаруашылықтың өз алқабында өсірілген күнбағыстан өз цехтарында өндірілген майдың сапалылығын, арзандығын айтып, астаналықтардың көңілінен шығатынына сенім білдірді.
«Рубасов» шаруа қожалығының иесі Павел Рубасов ара өсіріп, бал өндірумен айналысады екен. Жәрмеңкеге 2,5 тонна қарақұмық және әртүрлі шөптерден алынған бал әкеліпті. 1,5 литрлік банкідегі балға 2000 теңге сұрайды. Бір литрі – 1200 теңгеден айналады екен.
Жәрмеңке енді ғана ашылып, жұмысын бастағанына қарамастан, сатып алушылар қарасы әр жерде көрініп қалды. Ет алып шығып бара жатқан орта жастағы ерлі-зайыптыны тоқтатып, сұрағанымызда, «қадірлі қонақтар келіп, соған ет алуға шыққан едік, жәрмеңкеге кездесіп, жолымыз болды» деп қуанышын жасырмады өзін Тұяқбай деп таныстырған Астана тұрғыны. «Аздап жылқы, сиыр етін алдық. Жылқы еті – 1,5 мың теңгеден, сиыр еті – 1250 теңгеден екен».
–Базар бағасымен салыстырғанда қалай? – деген сауалымызға «Базарда қымбат қой, жылқы етін 2,5 мыңнан төменге таппайсың» деді.
Астаналық тұрғын ет сатып алған палаткасына келіп, сатушыдан жөн сұрадық – «Атбасар ауданының Ақан Құрманов ауылынан келдік. Жылқы етін – 1,5 мыңнан беріп тұрмыз. Қазы-қарта, жал-жая деп бөлмейміз, бәрін осы бағамен сатып жатырмыз», – дейді ақ халат киген орта жастағы сатушы әйел.
Күн көтеріле сауда қызып, жәрмеңке алаңы ығы-жығы жұртқа тола бастады. Палаткалардың қасында қарақұрым кезек күткендер пайда болып, сатушылардың саудасы қыза түсті. Күннің шыңылтыр салқындығы да саудаға бөгет болмай, жәрмеңке қызығы енді басталғандай, ағылған адамдар қатары көбейе түсуде. Әр жерде ыстық кофе, шәй сатып тұрған сатушылардың маңайы қарақұрым жандарға толған.
Үлкен пакетке салынған сатып алған тауарын қойып, шәй ішіп тұрған жігітті сөзге тарттық. «Есімім Таласбай, ауылдан келіп Астанада жұмыс істеп жатырмын. 10 келі картоп алдым. Келісі – 90 теңгеден екен. Базарда 130-дан төменге таппайсың. Әрі картобы ірі, жақсы екен», – дейді ол арзан картоп алғанына разылығын жасырмай.
– Осындай жәрмеңкелер керек пе? – деген сауалымызға «Әрине, керек. Қалалық әкімдік ұйымдастырған «Шапағат» базарында баға аздап төмендеу, көбіне соған барамын. Ал, облыстар ұйымдастыратын жәрмеңкелерде баға базардағыдан көп арзан болады. Сондықтан, жұрт осыған жүгіреді. Әр жексенбі сайын осындай жәрмеңке ұйымдастырып тұрса жөн болар еді» – деген тілегін айтты ол.
Картоп, пияз сатқан жабық қорапты автокөліктердің маңайында кезек күткендер көп. Бес-он келіден, тіпті, қабымен алып жатқандар да бар.
Екі күнге созылған жәрмеңкеге ақмолалық шаруашылықтар 43 түрлі ауыл шаруашылығы тауарын әкеліп, сатуға шығарды. Әкелінген 6,6 тонна балық, 33 тонна сүт өнімдері мен 27 тонна ұн, 361 мың дана жұмыртқа, 27,7 тонна көкөніс өнімдері түгел сатылды. Өздері өндірген өнімдерін делдалсыз тікелей сатып, табыс тапқан ақмолалық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де, арзан әрі сапалы өнім алған астаналық тұтынушылар да жәрмеңкеге дән разы болғаны анық.

Қалкөз Жүсіп.

Суреттерді түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар