Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына 1992 жылдан бері тұрақты мүше болып келеді. 2010 жылы мемлекетіміз бұл ұйымның төрағалық қызметін абыроймен атқарды.
Әлемдік державалар мен беделді халықаралық ұйымдардың, оның ішінде аталмыш ұйымның Қазақстанның саяси және экономикалық дамуына кезінде зор қолдау көрсетті. 1992 жылдардағы еліміздегі жағдайдың қандай болғаны белгілі. Кеңестік жүйе құлағаннан кейін өз алдына түтін түтетіп, дербес шаңырақ құрған бұрынғы кеңестік республикалар өз проблемаларымен бетпе-бет жеке қалды. Бұрынғы экономикалық байланыстар үзілді. Соның ішінде Одақ тұсында шикізаттық база болып келген, индустриясы орталыққа бағынған Қазақстан бәрін де басынан бастауға тиіс болды. Осындай жағдайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік саясатының арқасында нарықтық экономиканың негіздері қаланып, «әуелі экономика, содан кейін саясат» ұстанымымен көшімізді түзей бастадық, мемлекеттіктің негізгі атрибуттары жасалды. Елімізде ішкі тұрақтылықты сақтау арқылы саяси жүйе дамуының демократиялық векторы орнықты. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болдық. Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық әлеуетінен бас тартып, Семейдегі полигонын жауып, АҚШ, Ресей, Қытай сияқты іргелі елдердің қолдауына ие болып, жасампаздық істерге білек сыбана кірісті және өзінің бейбітшіл саясатымен, ішкі тұрақтылығымен тікелей шетелдік инвес-
тициялар ағынын өзіне қарай бұра білді.
Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымымен қарым-қатынастарын бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады. Алғашқысы 1994-1997 жылдар, бұл – ықпалдасу іргетасының қаланған кезеңі. Мұндағы елеулі оқиға 1995 жылы Вена қаласында Қазақстанның тұрақты өкілдігінің ашылуы болды. 1998 жылғы желтоқсанның 2-3-і күндері ЕҚЫҰ мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасында өзара түсіністік туралы, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен ЕҚЫҰ/БДИПЧ арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды. 1999 жылғы қаңтарда Алматыда ЕҚЫҰ-ның орталығы ашылды. Ал, 2008 жылғы маусым айынан бастап Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығын А.Кельчевский (Франция) басқарды. ЕҚЫҰ-ға мүше болған жылдар ішінде Қазақстан осы құрылыммен оның барлық қызметінің саласы бойынша өзара қарым-қатынастарын жоғары деңгейге жеткізді. БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі Өкілінің кеңсесі, Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы Комиссар кеңсесі және Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро тәрізді Ұйым институттарымен сындарлы байланыстар орнаған.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету туралы ниетін Қазақстан 2003 жылы білдірген болатын. Осы ниетке Елбасының 2005 жылғы «Қазақстан әлеуметтік-экономикалық және саяси жедел жаңғыру жолында» атты халыққа арнаған Жолдауында арнайы екпін берілді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне 2005 жылы Қазан қаласында ТМД басшыларының саммитінде қолдау көрсетілді. Ұйымның көптеген елдерімен қарым-қатынастар барысында осы идеяны ілгерілету жөнінде көптеген шаралар дәйекті жүргізілді. Қазақстан осынау халықаралық ұйымға төрағалық ету ниетін білдіре отырып, оған әзірлік барысында көптеген саяси шешімдерді қабылдады, өзінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында көптеген белестерден өтті. Бір кездері халықаралық ұйымдардың белсенді қолдауына ие болған еліміз оны маңызды істермен айшықтап, өзі де әлемдік ауқымда өнеге көрсететін жағымды бастамаларымен байыта түсті. Ең алдымен ЕҚЫҰ ұсыныстарына сәйкес елде кең ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылды. Қазақстандағы тұрақтылық пен дамудың маңызды институттарының бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесі ұлғайып, оның 9 өкілі ҚР Парламенті Мәжілісінен орын алды. Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен татулықтың бірегей тәжірибесі әлем елдеріне үлгі-өнеге ретінде таратыла бастады.
Тағы бір елеулі мәселе – Қазақстанда Әлемдік дәстүрлі діндер басшыларының съездері өткізіліп, еліміз «өркениеттер диалогын», Батыс пен Шығыстың үнқатысуын өрістетуге үн қосты. Мұсылман әлемі мен Батыс елдерінің саяси көшбасшылары арасындағы диалогты ұйымдастыру туралы Қазақстанның бастамасы да халықаралық қауымдастықта жоғары бағаланды және біздің шетелдік әріптестеріміздің толық қолдауына ие болды. Астанада 2008 жылы өткізілген «Ортақ әлем: әралуандық арқылы прогрес-
ке» конференциясына қатысушылардың жоғары деңгейі осының нақты дәлелі болып табылады. ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа әзірлік кезінде Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы Еуроодақ елдерімен ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге бастаған сындарлы қадам болды. Бүгінгі таңда осы бағдарламаның арқасында Қазақстанның Еуропа елдерімен әлеуметтік-саяси ықпалдасуы, гуманитарлық ынтымақтастығы жаңа арнаға түсті. Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың» тиімділігін нығайту бағытындағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында сөйлеген сөзі әлем назарын аударды. Бүгінгі күндері Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы Шарттың мүмкіншілігінше тез арада күшіне енуін және ыдырайтын ядролық материалдар өндірісіне тыйым салу жөніндегі шартты әзірлеу жөніндегі ұсыныстары әлемдік саясаттың күн тәртібіне қойылды. Елбасының ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі жаңа бастамаларының қатарына тамыздың 29-ын Ядролық қарудан азат әлем жолындағы халықаралық күн етіп жариялау және ядролық қаруды таратпау туралы жаңа әмбебап шартты әзірлеу идеясын жатқызуға болады. Сондай-ақ, Қазақстан Президентінің Атом энергиясы жөніндегі халықаралық ұйымның
(МАГАТЭ) бақылауымен Халықаралық ядролық банкі құрылып, Қазақстан уран өндіретін жетекші ел ретінде оны өзінің аумағында орналастырды. Мұны бейбітшіл саясаттың логикалық жалғасы деп қарастыруға болады.
Рамазан ТІЛЕУОВ.