Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ол – Ұлы Көшбасшы! - АРҚА АЖАРЫ

Ол – Ұлы Көшбасшы!

Иван САУЭР,
«Родина» агрофирмасы» серіктестігінің бас директоры,
Қазақстанның Еңбек Ері

Елбасының есімі барлық қазақстандықтар сияқты мен үшін де аса қымбат есім! Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің тәуелсіз мемлекетімізді дамытып, нығайту жолындағы ұшан-теңіз еңбегін талай рет ол кісінің жанында жүрген, қабылдауында болып, шаруашылыққа келген сапарларында емен-жарқын әңгімелескен адам ретінде өте жақсы білемін.

Сөзді әріден бастасам, мен басқарып келе жатқан «Родина» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 1994 жылы пилоттық жоба бойынша жекешелендіріліп, Қазақстандағы алғашқы жекеменшік шаруашылық болып құрылды. Сол күннен бастап біз заманның қиындығына қарамастан, осы пилоттық жобаның сәтті іске асырылуына бар күшімізді салып, бүгінгі экономикасы нық, шаруашылығы сан салалы серіктестігіміздің берік негізін қалауға ұмтылдық.

Елбасы өз қолымен өмірге әкелген Қазақстанның жаңа Елордасы – Астананың іргесінде орналасқандықтан, өндірген өнімдерімізді, әсіресе, мал шаруашылығы өнімдерін өңдеп, тұтынушылар қолына тигізуде бұл фактордың да біраз пайдасы тигендігі ақиқат. Бұған қоса тағы бір айтарым, біз ең алдымен, бұрынғы елді мекенімізді өтпелі кезеңде тұтастай сол қалпында сақтап қалдық.

Сонымен бірге, оны жаңа нысандармен, тұрғын үйлермен толықтырып, бүгінгі заманғы дәулетіне сәулеті сай ауылдың бейнесін жасай білдік. Мұның бәріне іші-сырты мұнтаздай мал фермасы кешенін жабдықтап, өз сүт зауытымызды ашуымыз, сөйтіп, өнімді өндіруден тұтынушыға жеткізуге дейін өндірістің тұтас бір циклын жасауымыз ісімізді өнікті, табысымызды еселі етті. Қазір осы зауытымызда шығарылатын айран, ірімшік, сары май, қаймақ сияқты неше түрлі өнімдеріміз Астана қаласының сауда орындарында үлкен сұраныспен сатылып, бізді Елордамыздың айналасында азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасына белсене қатысушылардың бірі, тіпті, бірегейі ретінде танытып отыр.

Кейде оңаша бір сәттерде осынау қол жеткен табысымызды әр тұрғыдан саралай, салмақтай отырып, «осы жетістіктер қалай мүмкін болды?» деп еріксіз ойланамын. Сөйтем де, алдымен еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуына зор көңіл бөліп, осы үлкен, ауыр саланың бар даму жолын, ұңғыл-шұңғылын бекем өз назарында ұстап келе жатқан Елбасымызға іштей мың да бір алғысымды айтамын.

Біз шынында, ол кісінің мұндай қамқорлығынсыз, ел тағдырына жауапкер ең басты Тұлға ретінде әр істі жетік білуінсіз, соған біздің де көзімізді жеткізіп, қамшылап, жігерлендіріп отыруынсыз тақа осындай жетістікке жете алмаған болар едік. Бұл орайда, ешбір асыра айтусыз Елбасы менің ел игілігі үшін бүгінгі атқарылып жатқан барлық істерде жанашыр ақылшым, үлкен мақсаттарға жұмылдырған жігерлі қолдаушым деуіме болады. Мұндай көреген, бүгінгі күн мен таяу аралықты ғана емес, алысты ойлап, болжайтын Мемлекет басшысымен ең алғашқы жүздесуім де осындайда көңіл көкжиегінде күні кешегідей қылаң беріп тұра қалады.
Ол кез сонау 1993 жылдың тамызы еді. Шаруашылыққа келіп, алқап басында қарсы алғанымызда, «Әр істің өз иесі, қожасы болуы керек. Кеңшарды неге жекешелендірмейсіздер?» деп сұрады. Сол арада маған сенім білдіріп, осы істі қолға алуымды өтінді. Артынша біз осы тапсырманы орындау бағытында тиісті жұмыстарды атқарып, жоғарыда айтқанымдай, шаруашылықты жекешелендіруге қол жеткіздік. Сол тұста бұрын «Новоишим» кеңшарының құрамында болған көршілес Садовый ауылының тұрғындары да өз қалауларымен бізге қосылып, әрбір отбасына жер пайларын беріп тұрамыз деп ұйғардық. Сол уәдемізді әлі күнге ұстап келеміз. Орталық қоныс бар, екі ауылдың да тұрғындары жыл сайын шаруашылық жылының қорытындысы бойынша дивидендтер алады. Сөз орайында біржола айта кетсек, түсетін түпкілікті кірістің есебінен шаруашылықтағы халықтың әртүрлі топтарына көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Ол мектептерді де, бала бақшаны да қамтиды. Жыл аяғында берілетін он үшінші еңбекақы бар. Тек былтыр ғана дивидендтер 25 миллион, ал, әртүрлі төлемдер 75 миллион теңгені құрады.
Мен әу баста осы шаруашылықты басқаруды қолыма алғанымда, оны озат шаруашылықтардың қатарына қосуды алдыма басты мақсат етіп қойған едім. Одан басқа ой менде болған жоқ, өмірде мансап та қуып, директорлықтан жоғары қызмет іздеген де жан емеспін. Сондықтан, бірде Елбасының менімен 40 минут бойы әңгімелесіп, «облыс әкімі бол» деген ұсынысы өзім үшін күтпеген жағдай болды. Әрине, маған білдірген жоғары сенімі үшін әлі күнге Нұрсұлтан Әбішұлына мың да бір алғысымды айтамын. Солай бола тұра, ол кісінің бұл ұсынысынан ризашылығым мен рахметімді айтып, бас тартуыма тура келді. Өйткені, менің орным осы шаруашылық, осы жер, осы ел. Күні бүгінге дейін жаңа қоғамдық формацияда өзім қалыптастырып, өзім өрге сүйреген осы серіктестікте аянбай еңбек етіп келемін. Жалғыз қызмет бабы ғана емес, сонымен бірге, ортақ көзқарасымыз, бір-бірімізді өзара терең түсінушілігіміз де табыстырып, жақындастырған Президентіміздің жоғары сенімін осылай ақтаудамын және ақтай да беремін деп ойлаймын. Әрине, бір облыс, ауданның әкімі болсам да, өзіме тән қабілетіммен бір басшыдай осы жауапты қызметті де ойдағыдай атқарар едім. Бұл менің әсірелігім емес, ішкі сенімім, өзімді білгендіктен көңілде түйген ойымның бір парасы.

Осы жылдарда «Нұр Отан» партиясы Саяси
кеңесі президиумының, Қазақстан халқы Ассамблеясының, басқа да ел деңгейіндегі бірнеше қоғамдық ұйымдардың мүшесі ретінде Елбасымен талай жүздесіп, пікір алмасып келеміз. Сондайда мені таң қалдыратын бір нәрсе, ол кісінің өз құзырындағы кез келген мәселе сияқты, ауыл шаруашылығы мәселелерін де өте жетік білуі. Бұл жағынан Мемлекет басшысымен сөйлесудің, өз жағдайымызды баяндап, келелі шаруаларды ортаға салудың өзі бір ғанибет. Қашанда білгің келген, оңына оңғарғың келген жайдың алтын арқауын тауып берген жан-жақтылығына, нені болсын тереңнен пайымдайтынына риза боласың.

Иә, өткен тарих тізбегіне ой жүгіртсем, Нұрсұлтан Әбішұлының 2015 жылы әдейі арнап біздің шаруашылыққа жұмыс сапарымен келгені, сол жолы біздің ел игілігі үшін атқарған істерімізді өз көзімен көріп, ризашылықпен аттанғаны да есте. Сондағы Елбасы қанығып кеткен өркені мол өрісті жетістіктеріміз бүгінгі таңда жаңа табыс-тармен еселеніп отырғаны біз үшін, әрине, зор мерей. Осы игі жаңашылдықтардың бір-екеуінен мысал келтірсек, серіктестікте гольштейн деп аталатын асыл тұқымды мал саны 2300 басқа жеткен жайы бар. Өзіміздің сүт зауытында жоғары технологиялық қондырғылардың есесінен тәулігіне 50 тонна сүт өнімдерін өндіруді жолға қойып отырмыз. Бұл өнімдер жоғары сапа менеджменті жүйесінің сертификатын иеленген. Өткен тоғыз айда әр сауын сиырдан орташа есеппен 5682 литр сүт сауылып, жалпы өндірілген өнім көлемі 9284,1 тоннаға жеткізілді. Ал, өңделіп, тұтынушыларға жөнелтілген сүт өнімдері – 8351,3 тонна. Биылғы жыл егіншілік саласында да берекелі болып отыр. 20950 гектар дәнді дақылдар алқабының әр гектарынан 12 центнерден өнім алынып, құт қамбаға 25140 тонна астық құйылғаны соның арқасы.
Ендігі бір ойым, еліміздің ауыл шаруашылығына бөлініп отырған орасан зор субсидияны, яғни, көмек-қолдауды біз сияқты әрбір шаруашылық жете пайдаланып, осындай табыстар биігінен көрінсе деймін. Өз жерлестерімнің көңілінен шықсам, сенімін ақтасам деген адал еңбек мені Қазақстанның Еңбек Ері де атандырды. Бұл – зор құрмет, өзім көпұлтты қазақ елінің экономикалық және әлеуметтік дамуының ең басты кепілі ретінде аса қадірлеп, құрмет тұтатын Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маған деген үлкен ықылас-пейілі. Осы сенімге сай болу, алдағы уақытта да туған шаруашылығымның көсегесін одан сайын көгерте беру бұл өмірдегі қасиетті парызым.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар