Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Отаным–Қазақстан, Елбасым – Нұрсұлтан!» - АРҚА АЖАРЫ

«Отаным–Қазақстан, Елбасым – Нұрсұлтан!»

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Көкшетаудағы облыстық халық шығармашылығы орталығы «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты композиторлар байқауын ұйымдастырды.

Бұл мәдени шараға аудандардан іріктеліп, облыстық кезеңге өткен 17 қатысушы өз шығармаларын ортаға салды. Байқауға қатысушылардың арасында кәсіби композиторлармен қатар, әуесқой сазгерлер де бар.
Мәселен, өнер додасына Целиноград ауданынан Руслан Рақымбергенов, Болат Әшірбаев, Жанат Темір, Руслан Жапаров, Еркебұлан Қасымов секілді бес бірдей өнерпаз өздерінің ән шашуын ала келіпті. Ақкөл ауданынан да бірнеше композитор өнер жарысына қатысты. Олардың арасында облысымызға отбасылық ансамблімен танымал өнер иесі Құрметбек Бөжен, ретро әндерді орындаушы Қабдолла Әбенов, Николай Швец те бар. Бір атап өтерлігі, Ақкөл ауданынан қатысқан екі композитор орыс тілінде ән шығарып әкелген екен. Ақкөлдік Қабдолла Әбенов «Родимый край» атты әнімен тыңдарманын елітсе, Николайдың «Президенту страны и его народу» атты әнін жиналғандар жақсы қабылдады. Ал, Егіндікөлден ат терлетіп келген «Арғын» триосы Амангелді Райханұлының «Ел ағасы – Нұр аға» атты әнді нақышына келтіріп орындап, ел көңілінен шықты.
Аталмыш байқауда әрине көптің ішінде дараланып тұрған облысымыздың маңдайалды әншілерінің бірі, Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның әншісі, жас дарын Серікболсын Бекмолдиннің орындауындағы Абай Бекмолдиннің «Қалың елім қазағым» әні. Әсіресе, Серікболсынның орында-
уында кез келген ән жандана түсетіндей. Мөлдір музыка болып төгілген сұлу саз жан жүректі кәусар сұлулыққа шомылдырып, ән қанатында көңілді әуелетіп әкетті. Беу, шіркін, қазақтың әндері-ай! Бұлақтай сыңғырлап төгілген әуезді әуен күміс көңілдің пернесімен ойнайды. Оған ілескен біздегі көңіл де шарықтай жөнелген. Бұл әннің сөзін жазған елімізге танымал талантты ақын Алмас Темірбай. Халық әнді өте жақсы қабылдады.
Көкшетаудың киелі жерінде де осы бір атадан қалған құдіретті өнердің жалғастырушысы һәм бүгінгі көзі, тірі шежіресі боп жүрген көнекөз көпті білген көкірегі қазына қарияларымыз бен аға буынның ортамызда жүргендігі де бір бақыт. Иран сал Тасқара, Жұмабай Есекеев, Құрмет Сақай, Болатбек Есмұқанов, Ерлан Ташев, өзі өмірден өтсе де артында өлмейтін ізі қалған Кәкімбек Салықов, Кәрім Ілиясов, Маман Ементаев, Тыныштық Шаменов сияқты қазақтың ән өнеріне барынша үлес қосып ел ықыласына бөленген, өнер көгін ақиық мұзбалақтай шарлап өткен өнерпаздардың өнерлерін қалай ұмытуға болады. Өмір – теңіз, адам ғұмырын қайыққа баласақ, бүгінде ғұмыр жағалауына жетіп қол бұлғағандары қаншама. Қалай дегенмен де қазақ тегіннен тегін әнді өлмес мұраға баламас болар.
Өзі әнге сұранып тұратын өлеңдер болады. Абай айтпақшы, «Ән айта алмаған абалайды, күй тарта алмаған сабалайды» демей ме. Ән мен сөз үйлеспесе құлаққа түрпідей тиеді, жүрекке оның жетуі қайдам? Ал, жүрек қылын шертетін әуездер бірден көңілді баурайтыны бар. Байқауда бағын сынаған қатысушылардың ішінен айтыскер ақын Қуаныш Оспанның әні мен сөзіне жазылған «Ауылдың баласымын» атты әнін атап өтуге тұрарлық. Бұл әнді бірнеше жерден естігенбіз. Бірақ, қанша рет естісең де ән әуезіне елтисің, жүрек иланады, көңіл тебіренеді. Мінекей, жүрекке жеткен ән осындай болса етті.
Аталмыш өнер додасында елімізге танымал, репертуарларындағы әндерді халық жылы қабылдайтын «Оқжетпес» дуэті де өнер көрсетті. Бұланды ауданының атынан қатысқан вокалдық топ Жансейіт Түкібаевтың әніне жазылған сөзі Ерсейіт Түкібаевтың «Отаным – Қазақстан, Елбасым – Нұрсұлтан» атты әнді нақышына келтіріп орындап берді. Қорғалжынның намысын қорғаған «Дудар-ай» халықтық фольклорлық ансамблі Марат Әлімжановтың «Елбасы» әнін орындап, (сөзін жазған Мұқан Сағымбеков пен Нұрлан Тажин) жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Зеренді ауданынан облысқа танымал Ильфат пен Ринат Насибуллиндер, Батырбек Сағитов, ақын сазгер Күләш Рақымжанованың «Ел басқарған Елбасы» әнін әуелетіп шырқап берді.
Бізді қуантқаны есімі елге таныла қоймаған таланттылар көп болды. Байқаудың басты мақсаты да осы. Қазылар алқасының ұйғарымымен «Қалың елім қазағым» әні байқауда топ жарып жүлделі І орынға ие болып, сыйлық табыс етілді. Бұландылық Жансейіт Түкібаевтың «Отаным – Қазақстан, Елбасым – Нұрсұлтан» әні қазылар алқасының көңілінен шығып, жүлделі ІІ орыннан көрінді. Ал, ІІІ орынға зеренділік Күләш Рақымжанованың «Ел басқарған Елбасы» әні мен көкшелік Жанатқазы Дәмелғазының «Отан Қазақстан» әні, (сөзі Сәндібектікі) лайық деп табылды. Қазылар алқасының шешімімен Қуаныш Оспановтың «Ауылдың баласымын» әні арнайы жүлдеге ие болды.
Байқауға қатысушылар елдікті, егемендікті, Елбасын әнге қосты. Ел ерімен, ер елімен мақтанғанға не жетсін!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар