Ибрагим ЖАНҒОРАЗОВ,
«Ижевский» өндірістік кооперативінің бас директоры,
Социалистік Еңбек Ері
Мен Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті –Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен сан мәрте жүздесу бақытына ие болдым. Өз еліміздің ішінде де, тіпті, алыс-жақын шет елдерге сапарға шыққанда да заманымыздың кемеңгер тұлғасының озық ойына, пайымды парасатына, даралығы мен даналығына куә болғаным бар. Мемлекет басшысы біздің шаруашылығымызға да жиі ат басын бұрып тұрады. Сондықтан да, мен Елбасының терең ойлы, мазмұнды да мағыналы әңгімелеріне қанықпын. Оның үстіне әр кезде жарық көрген дәуір тынысы жайлы сұңғыла суреткерлікпен жазған кітаптары шаңырағымның төрінде тұр.
Әр кезде сол кітаптарды асықпай оқып, терең мәнін түсініп, тағылымын алып отырамын. Мәселен, Нұрсұлтан Әбішұлының ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Ұлы дала ұлағаттары» деп аталатын еңбегі жарық көрді. Аталмыш жинақтан кең көсіліп жатқан ұлы даланың шын мәніндегі ұлағаттары туралы мол мәлімет, әсерлі сезім алып, сусындауға болады. Осы еңбектің әр әрпі тұнып тұрған тағылым десек, артық айтқандық емес. Өміршең өнегемен қатар, халқымыздың жарқын болашаққа бет алған ұлы көшінің, өмір көшінің қандай соқпақпен, қалай жүру керек екендігін тайға таңба басқандай етіп көрсетіп береді.
Рас, еліміздегі өзге шаруашылықтар тәрізді біздің «Ижевский» агрокешені де экономикалық байланыстар ыдырап, қаржы тапшылығы басталған кезде дағдарыстар дауылына ұшырады. Мен осы шаруашылықты қабылдап алған кезде алдағы күніміз қалай болар екен деп толқығаным да рас. Ол кезде шынын айту керек, шаруашылықтың қарызы бастан асып жатқан. Несиесінің өзі 4 миллион 800 мың рубльді құрайтын еді. Мұның өзі сол кездегі ақшаның құнымен есептегенде, ғаламат көп қаражат. Алдымен, ой елегінен өткіздім. Байқап қарасам, шаруашылықтың егістік жері іргедегі өзге шаруашылықтармен салыстырғанда оншалықты көп те емес. Ал, бірақ өнімі орташа. Ет өнімдерін де 200 тонна көлемінде ғана өндіретін. Елбасымыздың ауыл шаруашылығы саясатын көрегендікпен жүргізудің арқасында, ауыл тынысын ұдайы назарда ұстауының арқасында шаруашылық бұл жұмысты алға бас-тырды. Оған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет қаржысынан ауылға қомақты көмек көрсетуі себеп болды. Сөйтіп, біз соңғы жылдары жаңа айтып кеткен көрсеткіш көлемін 14 мың тоннаға жеткіздік. Сұңғыла саясатының арқасында, нақты көмектің нәтижесінде өнім көлемі неше есе өскендігін есептеп шығару қиын емес.
Тәуелсіздік жылдары іргемізде әлем қауымдастығы таңырқап қарайтұғын Астана бой көтерді. Астана шын мәнінде ұлы мұраттар мен ұлы мақсаттардың ыстық ұясы. Нұрсұлтан Әбішұлы өз еңбегінде «Елордамыздың іргетасын мықтап қалап алғанымыздың өзі біле білгенге, аса маңызды, мәңгілік мәні бар, тарихи шешім болды» деп айтуы осыдан. Бұл қадам шын мәнінде тәуелсіздігіміздің тағдырлы тұсындағы геосаяси мәселелер тұрғысынан алып қарағанда нағыз данышпандық қадам болғандығына әділ уақыттың өзі шынайы бағасын беріп отыр. Астана саяси оқиғалардың ғана емес, елдің еңсесін көтеретін соны да салмақты бастамалардың бесігіне айналып отыр. Шаруашылық туралы былай қойғанда, әсіресе, ұлттар достығының ұлы мұраттарының бастау көзі осында. Қазір Астана төрінде халықаралық форумдар, саммиттер, әртүрлі тақырыптарды қамтитын симпозиумдар, ел бірлігін көксейтін құрылтайлар өткізілуде. Осы арада Елбасының сөзін ел есіне тағы бір сала кетелік. Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаев Астана жайлы толғаныстарының бірінде былай деген болатын: «Біз осы ұлы бас қосулардың арқасында ай астындағы абыройлы Алаш жұртының даңқын асқақтаттық, өзімізді таныттық, мемлекеттік ғұмырнамамызды байыттық».
Біздің «Ижевский» агрокешені Елордамыздың аймағында орналасқандықтан, жүктелген міндет жүгі де салмақты. Оның ішінде ең негізгісі – Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыру. Бұл жайды Елбасымыз ұдайы айтып, қадағалап отырады. Шынын айту керек, Ижевский селосының қоныстану ауқымы да ертеректе екіұшты пікір тудыратын еді. Бір қолайлысы, аудан орталығына таяу жерде. Дәл іргемізде автомагистраль сайрап жатыр. Ал, қолайсыздау тұсы бір жағынан, Есіл өзені өтетін болса, екінші жағынан, теміржол өтіп, қос бүйірін қаусыра қысып тұрушы еді. Мұның өзі бесбатпан бейнет. Сондықтан, ескі сүрлеуден шығу қажет болды. Алдымен, 1997 жылы «Ижевский» өндірістік кооперативін құрдық. Бұл кез оң өзгерістердің бастауы болатын. Әйтсе де, шаруашылыққа қажетті құс жемі, қосалқы бөлшектер, жаңа техника тапшы. Тығырықтан шығар жолды алысты болжайтын дана Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев нұсқап көрсетіп, жақсы істерге жетелегендіктен де, алға ұмтылдық. Шаруашылық жұмысын жүргізу үшін қорықпай-үрікпей несие де алуға тура келді. Ол кездегі несиенің жылдық өсімі тіпті түсіңе де кірмейтін қомақты болатын. Әйтсе де, жұмысты оңға қоюдың арқасында алған несиеміздің бәрін 2000 жылға дейін төлеп бітірдік. Сонау Голландия мен Ресейден асыл тұқымды құс жеткізілді. Құс азығын құрама жеммен байытып, өндіріс жұмысын жолға қойдық. Жалғыз мал шаруашылығы ғана емес, егістік алқаптарымыздың да өңі жақсарып, шығымдылығы арта түсті.
Қазіргі күні Ижевский селосының тұрғындары жасампаз болашаққа бастаған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында ауыз толтырып айтарлық толайым табыстарға қол жеткізіп отыр. Әр жыл сайын қырықтан астам пәтерлер пайдалануға берілуде. Елді мекеннің дәл ортасында субұрқақ мөлдір тамшыларын төңірекке қуаныш нұрындай шашуда. Көшелердің бәрі абаттандырылған, қай тұсына қарасаң да, ауылдастарымыздың мұқият қолдарының табы байқалады. Міне, осынша табыс ел тұрмысы Елбасының ерен еңбегінің арқасында мүмкін болып отырғанын бөле-жара айтуға тиіспіз. Солай айтсақ қана әділ болмақ.
Президентіміздің пайымды парасаты халқымыздың бірлігіне қылаудай кіршік түсірмеу жолындағы салмақты да сарабдал саясатынан айқын аңғарылады. Қазақ халқында «байлық – байлық емес, бірлік – байлық» дейтұғын аталы сөз бар. Нұрсұлтан Әбішұлы шын мәнінде ғасырлар тоғысындағы ел тәуелсіздігін тұрақты етуге, баянды етуге ұмтылған сұңғыла саясаткер. Елбасы – бүгінгі күні қаншама ғасырлар бойы қалыптасып, қанатын жайған, жұрт санасына сіңген ізгі қасиеттерді ел мүддесіне ұтымды пайдаланып отыр.
Көпұлтты елімізде қаншама ұлт пен ұлыстардың өкілдері бір шаңырақтың астында дүниеге келген балалардай тату-тәтті өмір сүруде. Бірліктің қаншалықты қымбат екендігін жақсы білетін Елбасымыз қашанда бұл мәселені бәрінен жоғары қоя біледі. Мәңгілік ел мұраттары да бірлікпен үндес. «Мен үшін елімді дамыған мемлекеттердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ» деп айтқан болатын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Қашанда болсын алып жүрегі елім деп соғатын асыл тұлғаның осынау жан сарайын сәулелендіріп шыққан тебіренісі тұтас елдің ізгі мұратына айналды. Алдағы уақытта біз осы сара жолмен салмақты жүгімізді арқалап, ел тәуелсіздігін мәңгілік ету жолында Елбасымен бірге қызмет ете береміз.
Аршалы ауданы.