Облыс әкімінің орынбасары Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен дағдарысқа қарсы штабтың жұмыс тобының кезекті отырысында өңірдің кәсіпорындары мен ұйымдарында әлеуметтік шиеленістің алдын алу, әлеуметтік және еңбек дауларын шешу мәселелері қаралды.
Еңбек заңнамасының сақталуы, оның ішінде жұмысшыларға еңбекақының мерзімінде төленуі мәселесі жөнінде өткен жұмыс тобының отырысына Еңбекшілдер, Зеренді және Ерейментау аудандарының әкімдері, прокуратура органдарының, бірқатар департаменттер, басқармалар мен ведомстволардың, облыстық кәсіпкерлер палатасы мен кәсіпорындардың басшылары қатысты. Отырыс барысында жалпы өңірдегі жағдай тұрақтылығы, әлеуметтік және еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында облыста еңбекақы төлемдері берешектерін қайтару, кәсіпорындар мен ұйымдарда өндірістік жарақаттарды болдырмау жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөнінде айтылды. Әлеуметтік шиеленіс және облыс бойынша еңбек дауларының туындау тәуекелдерінің картасы бойынша әлеуметтік шиеленіс аз. 2017 жылдың басынан бері еңбек даулары тіркелген жоқ.
Жыл басынан бері облыстың 81 кәсіпорны және ұйымдарында еңбекақы төлемі бойынша 2405 еңбеккер алдындағы жалпы 188,3 миллион теңге еңбекақы қарызы анықталған. Қолданған шаралар нәтижесінде 185,6 миллион теңге еңбекақы қарызы қайтарылып, 2393 еңбеккердің құқы қорғалды. Жұмысшыларға еңбекақы төлемеген 81 заңды тұлға 15,2 миллион теңгенің әкімшілік жауапкершілігіне тартылды. Үстіміздегі жылы қауіпсіздік және еңбекті қорғау, тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша еңбек заңнамасын бұзған 122 лауазымды және заңды тұлғаларға 20,9 миллион теңгенің әкімшілік шарасы қолданылды. Отырыс барысында Ерейментау ауданының «Ерейментаунедра-2050» серіктестігі, Еңбекшілдер ауданының «Еңбек-Целина» серіктестігі, Зеренді ауданының «Зеренді-Сервис» коммуналдық кәсіпорнының еңбекақы қарыздары және Ерейментау ауданының «Ерейментау-
недра-2050» серіктестігінде туындаған жағдай бойынша мәселелер қаралды.
Сондай-ақ, бұдан бұрын өткен дағдарысқа қарсы штаб отырысынан бері Ақкөл ауданындағы «Агрофирма «Халық Жері» серіктестігі, Ерейментау ауданындағы «Еркіншілік элеваторы-2002», «Адал-Нан» серіктестіктері, Бурабай ауданындағы «Кенесары Астық», Астрахан ауданындағы «Острогорский» серіктестіктерінде еңбекақының биылғы қарызы 27 миллион теңгені құраған. Бұл қарыздар дағдарысқа қарсы штабтағы жұмыс тобының жүргізген жұмыстарының арқасында қайтарылған.
Штаб отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары кәсіпорындардың басшыларына еңбекақы қарыздарын қайтару және келеңсіздікті алдағы уақытта болдырмау бойынша шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берді. Еңбекшілдер, Ерейментау, Зеренді аудандарының әкімдеріне өңірлердегі әлеуметтік шиеленістердің алдын алуды және Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасын бұзған кәсіпорындарды бақылауға алуды тапсырды. Ерейментау ауданының әкімдігіне, облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен бірлесіп, «Ерейментау-недра-2050» серіктестігін бақылауға алуды, жұмысшылардың ұжымдық өтініштерін жан-жақты қарауды міндеттеді. Облыстық еңбек инспекциясына жұмысшылардан түскен ұжымдық өтінішке байланысты «Ерейментаунедра-2050» серіктестігіне тексеріс жүргізіп, жұмыс берушілермен еңбек заңнамасының сақталуы, жұмысшыларға еңбекақыны мерзімінде төлеу бойынша жұмыстарды жалғастыруды, бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек заңнамасы нормаларының бұзылуы жөнінде сын материалдар ұйымдастыруды тапсырды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.