Жол ережесі бәрімізге ортақ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық көлік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Жасұлан Маралбаев журналистермен брифинг өткізіп, өңірде көлікті бақылау қызметінің ұйымдастырылуы жөнінде айтып берді.

Инспекция автокөлік, темір жол және су транспортына бақылау және қадағалау жұмысын жүргізеді. Сондай-ақ, мекеме мемлекеттік қызметтің тоғыз түрін көрсетеді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдігін болдырмау мақсатында барлық мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, қызмет беруші мен қызмет алушы жүздеспейді. Мемлекеттік қызмет электрондық үкіметтің веб-порталы мен мемлекеттік корпорация арқылы көрсетіледі. Инспекция басшысының орынбасары өз сөзінде есептік кезеңде 1167 мемлекеттік қызмет көрсетілгенін айтып өтті.
– Инспекция темір жол жүйесінің магистральдық, станциялық және кіреберіс жолдар, пойыз бен ғимараттарды күтіп ұстау талаптарының орындалуын, сондай-ақ, пойыздарда жолаушылар тасымалдау ережесі талаптарының сақталуын бақылайды. Темір жол транспорты саласында кәсіпкерліктің 180 субъектісі жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың он айында осындай 108 субъекті тексерілді. Оның нәтижесінде 3 мың ереже бұзушылық анықталды. 32 жолаушы пойызы тексеріліп, жолаушылар тасымалдау ережесінің 246 мәрте бұзылғаны анықталды. Оның ішінде 34 жолаушының билетсіз жүргені белгілі болды. Жалпы, 125 әкімшілік материал толтырылып, 3 миллион теңгеден астам айыппұл өндіріліп алынды, – деген Жасұлан Маралбаев одан әрі су транспортын бақылау саласындағы міндеттер жөнінде айтып берді.
Ақмола облысы аумағында 754 су айдыны мен 66 жағажай тіркелген. Өңірдің өзен-көлдерінде қайықтарды пайдалану қауіпсіздігі жөнінде «Скутер» акциясы өткізілді. Нәтижесінде 62 заң бұзушылық анықталып, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өңірдегі автокөлік жолдарының ұзындығы 8187 шақырымды құрайды. Оның 2287 шақырымы республикалық, өзгесі жергілікті маңызы бар жолдар. Халықаралық жүк тасымалдаумен 14 тасымалдаушы айналысады. Өңірдің балансында 3500 жүк автокөлігі бар 346 кәсіпорын тіркелген. 33 техникалық тексеру орталығы жұмыс істейді. Есептік кезеңде осындай орталықтың сегізі тексеріліп, төрт ереже бұзушылық анықталды. Сондай-ақ, көшпелі бекеттер
5 мыңнан астам жүк автокөлікті тексеріп, 593 әкімшілік материал толтырылды, 60 миллион теңге айыппұл салды.
Жыл басынан бері көліктік бақылау бекеттері қызметкерлерінің заңды талаптарына тоқтамаған 70 факт тіркелді. Бұл фактілердің барлығы бейнекамераға түсіріліп, облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полицейлер қызметіне жіберілді. Олар транспорттық бақылау органы қызметкерінің талабын орындамағаны үшін жүк көліктерінің иелері мен жүргізушілерін ұстап, инспекцияға әкеледі. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып,
10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді немесе алты айдан бір жылға дейін автокөлік жүргізу құқынан айырылады.
Сондай-ақ, заңнаманы жиі бұзатын тасымалдаушыларға қатысты тексеріс жүргізіледі. Соңғы үш жылда арнайы рұқсатсыз жүрген ауыр салмақты жүк автокөліктерін анықтау бойынша жүргізілген тексеріс нәтижесінде 100 миллион теңге айыппұл өндіріліп алынды. Биылғы жылдың қарашасында инспекция Қазақстан Республикасы Көліктік заңнамасын бұзатын ауыр салмақты жүк көліктерінің жүруін анықтауға бағытталған бірлескен шаралар жоспарын жасады. Аталмыш бірлескен жоспар облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен және жергілікті полицейлер қызметімен келісілген. Бұл жоспар аясында тәртіп бұзатын ауыр салмақты жүк автокөлігін анықтау үшін бірлескен рейдтік шара қарастырылған. Бірлескен шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігі мен көлік жолының сақталуына, сондай-ақ, бюджетке қосымша қаржы түсуіне оң ықпалын тигізеді. Брифинг соңында Жасұлан Маралбаев қойылған сауалдарға жауап берді.

Рамазан Тілеуов.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар