Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының ХХ сессиясы 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне арналды. Достығы мен татулығы жарасым тауып, бірлік пен ынтымақтың жарқын үлгісін танытып келе жатқан Ақмола жеріндегі бұл келелі жиында облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Мәлік Мырзалин баяндама жасап, ұлтаралық келісімді нығайтуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматтар тиісті марапаттарға ие болды.
ҚХАА-ның кезекті ХХ сессиясының 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында өтуінің өзіндік мәні зор. Себебі, ел тәуелсіздігін алғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен басқа елде ешбір баламасы жоқ қоғамдық инс-
титут – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған еді. Сондықтан, аталмыш шараның мемлекеттік мереке қарсаңында өткізілуі мазмұнды әрі жарасымды.
«Рухани жаңғыру – бірлік пен келісімге бастар жол» тақырыбында өткен сессияға ҚХАА-ның мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, қоғамдық келісім, аналар кеңестерінің, журналистер клубының, ғылыми-сараптама топтарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Осындай мазмұнды да ынтымақты маңызды шараға Ақмола облысының атынан «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына ұсынылған үміткерлердің де қатысуы орынды.
Сессияның күн тәртібі бекітілгеннен кейін аймақ басшысы ҚХАА-ның ережесіне сәйкес жылда этномәдени орталықтардан кезекпен сайланып отыратын бір орынбасарының болуы тиістігін атап өтіп, Ақмола ассамблеясы төрағасының бұрынғы орынбасары, «Ақмола облысының поляктары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚХА-ның мүшесі Александр Суховецкийге осы уақытқа дейін атқарған қызметіне алғыс білдіріп, ағымдағы жылдың 24 қарашасында өзінің бұйрығымен алдағы жылға төраға орынбасарлығына «Видергебурт» неміс қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Корнееваны тағайындағаны туралы хабарлама жасады. Ассамблея мүшелері бұл ұсынысты қолдап, бірауыздан дауыс берді. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының құрамына енгізуге ұсынылған үміткерлер таныстырылып, дауыс беріліп, қолдау тапқаннан кейін, олардың жұмысына өңір басшысы сәттілік тіледі.
Бұдан әрі облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Мәлік Мырзалин «Мемлекет басшысы ҚХА-ның ХХV сессиясында атап көрсеткен міндеттерді іске асыру жөніндегі Ақмола ассамблеясының қызметі туралы» баяндама жасады.
– Елбасының биылғы жарияланған «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан елдің гүлденуі мен көркеюіне, ұлт санасының жаңғырып, бәсекеге қабілетті болуы жолында өзіндік зор мәнге ие. Осы мақалада айтылған «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, «Туған жер», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Қазақстанның сакральді географиясы» бағдарламалары ұлттық сананың жаңғыруы жолындағы игі бастамалар, өсіп-өркендеуге бастайтын игі қадамдар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша облыста 150 жоба іске асырылып, оған 10,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. «Атамекен» бағыты бойынша кіші Отандарына қолдау көрсетіп, оның дамуына өздерінің тарапынан жауапкершілікті сезіне білген арда азаматтар бүгінде туған ауылдарының әлеуметтік-материалдық дамуына айтарлық үлес қосуда. ҚХАА-ның тізімінде 1 мыңнан астам меценат бар. Олар үнемі қайырымдылық шараларына қол ұшын беріп келеді. Олардың қатысуымен өткен 900-ден астам іс-шарадан 340 миллион теңгеден астам қаржы жиналып, тиісінше мұқтаж жандарға үлестірілді. Қайырымдылық акцияларына қатысқан азаматтарға алғыс айтамыз, – дей келе, аймақ басшылары Ақмола облысындағы ҚХАА-ның құрылу тарихына көңіл бөліп, оның бастауында тұрған Ғосман Төлеғұл, Болат Жанәділов, Зура Шуатаева, Фарух Богапов секілді азаматтардың еселі еңбегіне алғысын білдіріп, барша қауымды Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.
Елбасының қатысуымен осыдан үш жыл бұрын облыс орталығында Достық үйі ашылды. Қазір бірнеше аудан мен Степногорск қаласында да «Қоғамдық келісімнің» осындай мекемелері жұмыс істейді. Жақында ҚХА ұйымдастырған республикалық «Мың бала» жобасына облыс атынан қатысқан оқушылар ішінде Көкшетау қаласындағы №3 және №16 мектептердің оқушылары «Асыл сөз» аталымы бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңірдің абыройын асқақтата түскендігі баршамызға мерей. «Кемел елдің кемеңгер қаламгерлері» атты Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған байқауда Еңбекшілдер ауданы Макинск орта мектебінің оқушысының үздік нәтижесі де атап өтілді.
Бүгінде ҚХАА-ның облыста 220-дан астам кәсіби және кәсіби емес медиаторлары бар. Олар ағымдағы жылдың ішінде 1500-ден астам дауды татуластыру жолымен шешіп берді. Қазір өңірде 248 қоғамдық келісім және 80 шақты аналар кеңестері белсенді жұмыс істеп, елді бірлікке, ынтымаққа шақырып, ұлт тәрбиесімен айналысуда.
Облыс басшысы негізгі баяндамадан кейін ҚХАА-ның қалыптасуы мен дамуына үлес қосып келе жатқан Көкшетау қаласының құрметті азаматы Зура Шуатаеваға ҚХА мерейтойлық медалін, қоғамдық бірлік пен қазақстандық патриотизмнің қалыптасуына зор үлес қосқаны үшін ҚХА-ның «Бірлік» алтын медалін Щучинск қаласының тәрбиелік-өндірістік білім беру мекемесінің директоры Гауһар Хамзинаға, ҚХА Құрмет грамотасын Зеренді аудандық ауруханасының гинеколог-дәрігері Валерий Канға тапсырып, ҚХАА-ның Алғыс хаттарымен бірқатар қоғамдық бірлестіктер мен этномәдени орталықтардың өкілдерін марапаттады.
Ырысалды ШАМШИЕВА.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.