Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру және «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты.
Еліміздің барлық өңірінен 11 телекөпір аясында тікелей көрсетілім жүргізіліп, соның барысында Қазақстан Президентіне Индустрияландыру картасының ең маңызды нысандары көрсетілді.
– Индустрияландырудың ең маңызды жобаларын іске қосу жыл сайынғы игі дәстүрге айналды. Біз бүгін металлургия, өнеркәсіп, құрылыс материалдары, машина жасау, көлік және логистика салалары бойынша 25 жобаның іске асырылуын бастадық. Бүкіл еліміз бойынша бір мыңнан астам жаңа өндіріс іске қосылып, 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылды. Бүгінде Қазақстанда 18 белгілі брендке тиесілі автокөлік құралдарының түрлі моделдері жинақталады. Біз оларды Қытайға, Ресейге, Тәжікстанға, Өзбекстанға және басқа да елдерге экспорттаудамыз, – деді Елбасы.
Елбасы сонымен бірге, экономиканы әртараптандыру үшін инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор екенін атап өтіп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Еуразиялық мультимодальдік көлік дәлізінің іске қосылғанын және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысының аяқталғанын айтты.
– Осы жылдар ішінде 2 мың шақырым темір жол, 5 мың шақырым автомобиль жолы салынды. Теңіз және әуе айлақтарына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрық портында темір жолға және автомобильге арналған паром кешені іске қосылды. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы және Ляньюньган теңіз порты жобаларын жүзеге асыру нәтижесінде Азия – Еуропа бағытында Қазақстан арқылы жөнелтілетін контейнерлік жүк тасымалының көлемі жыл сайын еселеніп келеді. Бұл 2020 жылға қарай еліміздің тасымалдаудан түсетін табысын 5 миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Елбасы.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен тікелей телекөпір көрсетілімі арқылы еліміздің индустриялық дамуына айтарлықтай серпін беретін ірі жобалардың қатарында Степногорск қаласының Ақсу кентіндегі «Қазақалтын Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Доре қорытпасын өндіретін жаңа фабрикасы да іске қосылды. Бұл телекөпірге облыс әкімі Мәлік Мырзалин қатысты.
– Бүгінгі күні алтын біздің валютамыздың негізі болып отыр. Қазақстанның әр өңірінде 150-ден артық кен орны бар. Соның барлығын игеретін болсақ, өзіміздің компаниялар игеретін болса, еліміздің байлығы одан ары арта түсетін болады. Бұл кәсіпорын төрт тонна алтын шығаратын болса, үлкен жоба саналады. Мен өте қуаныштымын. Барлықтарыңызды құттықтаймын. Іске қосыңдар!, – деп рұқсат берді Елбасы.
Елімізде жыл сайын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру күніне орай, жаңа кәсіпорындарды пайдалануға беру дәстүрге айналған. Биыл да осы үрдіс жалғасын тауып, тәуелсіз мемлекетіміздің әр өңірінен ашылған іргелі жобалар Елбасының рұқсатымен тікелей телекөпір арқылы іске қосылып, еліміздің экономикасын дамыту жолындағы жұмыстарын бастап кетті. Бұл жолы ақмолалықтар Индустрияландыру күніне орай өткізілген айтулы шараға Степногорск қаласының Ақсу кентіндегі Доре қорытпасын өндіретін кәсіпорынды тарту етті. Телекөпір барысында «Қазақалтын» ТМК» акционерлік қоғамының бас директоры Баламир Маханов жаңа фабриканың алдағы жұмысы жайында баяндап берді.
– Құрметті Елбасы! Сіздің индустрия-ландыру саясатыңыздың арқасында ТМД елдері арасында алғашқы болып, құрамында бағалы металдары бар, техногендік минералдық түзілістерді қайта өңдеу кəсіпорнын ашқалы тұрмыз. Жоба іске қосылған соң 7 миллион тонна кен өңдеуге мүмкіндік туады. Одан алынған өнім еліміздің «алтын қорын» толықтыруға мүмкіндік береді. Нұрсұлтан Әбішұлы, жобаны іске қосуға рұқсат беруіңізді сұраймын!, – деді Баламир Маханов.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы аталған кәсіпорынның үлкен жоба екендігін атап өтті. «Бүгінгі күні алтын біздің валютамыздың негізі болып отыр. Қазақстанның әр өңірінде 150-ден артық кен орны бар. Соның барлығын игеретін болсақ, өзіміздің компания-
лар игеретін болса, еліміздің байлығы одан ары арта түсетін болады. Бұл кәсіпорын төрт тонна алтын шығаратын болса, үлкен жоба саналады. Мен өте қуаныштымын. Барлықтарыңызды құттықтаймын. Іске қосыңдар!», – деп рұқсат берді Елбасы.
Осы арада мына жайды айта кеткен артық болмас: «Қазақалтын Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Доре қорытпасын өндіретін бұл жаңа фабрикасы техногендік минералды түзілістерді қайта өңдеу бойынша, кейіннен Доре қорытпасы түрінде алтын мен күміс өндіретін республикадағы жалғыз кәсіпорын болып табылады. Кəсіпорын қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталған. Дəл осындай фабрикаларды жылдың соңына дейін Бестөбе жəне Жолымбет кенттерінде де іске қосу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны 30 584,8 миллион теңгеге бағаланған. Миллиардтаған теңге инвестиция салып, жүзеге асырылатын бұл жобаның қайтарымы да жоғары болады деп күтілуде. Қай заманда да құнын жоймайтын бағалы металдың еліміздің экономикалық әлеуетін көтеруге серпін беретіні анық.
Ауыл шаруашылығымен қатар, өнеркәсіп саласын да жылдан жылға қарқынды дамытып отырған Ақмола облысында 2010-2019 жылдарға арналған Индустрияландыру картасына құны 782,5 миллиард теңгенің 90 жобасы енгізіліп отыр. Мұның өзі жаңадан 12,3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күнге дейін бұл жобалардың ішінде құны 223,6 миллиард теңгені құрайтын 75 жоба пайдалануға беріліп, қосымша 7,7 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Олардың арасында алтын өндіретін «Алтынтау Көкшетау» ЖШС, жылыжай шаруашылығымен айналысатын «Қазақстанның жылыжай технологиясы» ЖШС және керамикалық кірпіш шығаратын «Енки» ЖШС тәрізді ірі жобалар бар және олардың бәрі қазіргі күні өңіріміздің ғана емес, еліміздің экономикасын дамытуға сүбелі үлестерін қосуда.
Индустрияландыру ауыл шаруашылығы, құрылыс, тау-кен, химия, жеңіл өнеркәсіп, тағам, фармацевтика, машина құрастыру, энергетика және мұнай өңдеу тәрізді салалар бойынша да жүзеге асырылуда. 2010 жылдан бері облыс бойынша іске қосылған жобалар 759,3 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндіруге мүмкіндік берсе, биылғы жылдың басынан бері бұл көрсеткіш 220,5 миллиард теңгені құрады.
Степногорск қаласы.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.