Адам болған жерде дау-дамай, келіспеушілік болмай тұрмайды. Ертеде қазақтар ел арасында туындаған дау-дамайды билер арқылы шешіп, бидің шешіміне тоқтап мойынсұнып отырған. Сөзге шешен, көргені көп көсем билер дауласқан тараптарды татуластырып, екі жақтың да көңілдерінен шығатындай билік айтқан. Ал, ауыл арасындағы ұсақ-түйек дауларды ауыл ақсақалдары өздері-ақ шешіп, ел ынтымағын сақтап, ұйыстыра білген.
Ел арасындағы бірлік пен бітімгершілікті осылай сақтаған ата-бабаларымыздың сол дәстүрі қазір де өз мәнін жойған жоқ. Осы орайда, бүгінгі күні ұсақ дауларды шешетін медиаторлардың ісі сол ата-бабадан қалған жақсы дәстүрдің жалғасы десе болады.
Медиатордың қарауына көбіне неке бұзу туралы, алиментті өндіріп алу, баланың тұрақты мекен жайын анықтау, жер дауы, қарызын өндіріп алу сияқты даулар беріледі. Статистикаға жүгінсек, медиаторлар қараған істердің 20 пайызы ажырасуға қатысты болады екен. Жаңа заң талаптарына сай, қазіргі кезде азаматтардың ұсақ ісі де қылмыстық жауапкершілікке жатады. Міне, осындай сот қарауына жіберілетін ұсақ қылмыстар өзара бітімгерлік жағдайында, медиация талаптарымен шешіліп жатса, сот жұмысы да айтарлықтай жеңілдеген болар еді.
Биылғы жылы «Медиация туралы» Заңның қолданысқа енгеніне алты жыл болған екен. Дегенмен, сонша уақыт өтсе де, арағайыншылар қызметіне жүгінушілер қатары онша көп болмай тұр. 2017 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша республикамызда қаралған істердің 7,3 пайызы ғана осы заңның аясында медиативтік келісім-шартпен аяқталған екен. Әрине, былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда аздап ілгерілеушілік бар.
Десе де, Еуропа елдерінде бұл көрсеткіштің 40-60 пайыз, Америкада 80 пайыз екендігін ескерсек, бұл салада қаншалықты кенжелеп қалғанымызды түсінуге болады. Осы орайда, Ақмола облыстық соты медиацияның оңтайлы жақтары туралы халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізуге жете көңіл бөліп отырады. Мәселен, биылғы жылы Ақмола облысының судьялары мен сот қызметкерлері медиация заңын халыққа толыққанды түсіндіру үшін 789 іс-шара өткізген екен. Соның нәтижесінде жыл басынан бері облысымызда жалпы қаралған істердің 6,7 пайызы медиациялық келісім-шартпен аяқталды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп.
Медиацияның ерекшелігі де сол, бәлкім, ыңғайлылығы да болар –дауды соттың қарауында жатқанда да сұратып алып, медиаторлардың шешіміне ұсынуға болады. Медиация шешімінің сот шешімімен дәрежелес екендігін жұртшылыққа әлі де жеткілікті дәрежеде түсіндіру қажет.
Шын мәнінде бүгінгі медиация институты қазаққа онша жат дүние емес. Ата-бабаларымыздың ел ішіндегі дау-дамайды билердің, одан қалды елге сыйлы ауыл ақсақалдарының көмегімен шешкен дәстүрі осы медиаторлардың қызметімен өзектес. Небір қиын дауларды бір ауыз сөзбен шешіп, екі тараптың да көңілінен шығатындай билік айтатын қазақ билерінің бүгінгі ұрпағы – біздер неге медиацияны дұрыс қабылдамаймыз. Әрине, мұның бәрі ұзақ жылдар санамызға сіңген кеңестік түсініктің әсерінен десек, артық айтқандық болмас.
Біз ана тілімізден, ата дәстүрімізден қол үзіп қала жаздадық. Дегенмен, тәуелсіздігіміз арқылы ата дәстүрімізді қайта тауып жатқан қазіргі шақта медиация институтын жандандыруға мүмкіндік аз болмас еді. Ол үшін әрине, ел арасында түсінік жұмыстарын жүргізуге жете көңіл бөлінуі қажет. Осы орайда, Ақмола облыстық сотының қолға алып жатқан жұмыстары атап өтуге тұрарлық. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ.
Қоғамдағы үшінші билік – сот жүйесінің одан әрі дамуына, судьялардың шығаратын шешімдері мен үкімдерінің мейлінше әділ әрі түсінікті болуына, ел ішіндегі дау-шарды шешуге азаматтардың өздерінің араласуына жол ашатын қазіргі заңдарымыздың жетістіктерін пайдалануымыз қажет. Медиация институтының дамуы демократиялық құқықтық қоғам орнатуға жасалған маңызды қадам болары анық.
Арайлым САДЫҚОВА,
Ақмола облысы бойынша
соттар әкімшісінің бас маманы,
сот мәжілісінің хатшысы.