Кеше Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында облыс әкімінің орынбасары О.А.Бектеновтың қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы Халықаралық күрес күні қарсаңында «Жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды өткізу» әлеуметтік жобасы аясында «Адал жол – Честный путь» облыстық форумы болып өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Олжас Бектеновтың кіріспе сөзімен ашылған шарада биылғы жылдың 1 сәуірі мен
9 қарашасы аралығында облысымыздың барлық өңірлерінде өткен «Адал жол – Честный путь» форумының қорытындылары шығарылып, белсенділігімен көзге түскендер арнайы дипломдармен, Алғыс хаттармен марапатталды. Жемқорлыққа қарсы бейнероликтер түсірілімі байқауы бойынша жеңімпаз атанғандардың қатарында Көкшетау қаласындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясы, №1 Балкашин орта мектебі бар. Өңірлер арасынан Жарқайың ауданы бірінші дәрежелі дипломмен марапатталса, Есіл және Қорғалжын аудандары екінші, үшінші сатыдан көрінді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалинов жыл басынан бергі қоғамда жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру бағытындағы атқарылған жұмыстар жайында баяндады. Бүгінгі күнге дейін 33 мыңдай адамды қамтыған 437 шара өткізіліп, мектептерде жемқорлыққа төзбеушілікті насихаттайтын 195 балалар клубы жұмыс істеп келген.
Қоғамда жемқорлыққа қарсы төзбеушілікті қалыптастыруға орай форум аясында үндеу жарияланып, оны «Ақмола-«Тіршілік» ЖШС директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев оқып берді. Жыл ішінде жемқорлыққа қарсы насихат жұмыстарына белсене қатысқан бір топ БАҚ өкілдері Алғыс хаттармен марапатталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.