Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Аты аңызға айналған Бектауыл Баубек батыр - АРҚА АЖАРЫ

Аты аңызға айналған Бектауыл Баубек батыр

Баубектің тарихи рөлін қазақтың атақты ғалымы Ермұқан Бекмаханов, жерлес жазушымыз Ілияс Есенберлин «Қаһар» романында жан-жақты көрсеткен. Соның жалғасындай 1995 жылы жазушы Ахметжан Байжанның «Бектауыл Баубек батыр» атты тарихи кітабы басылып шықты.
Хан Кененің қасында болған, ашық бетпе-бет айқастан беті қайтпаған қазақтың қайсар ұлы Баубек туған еліне, өскен ортасына өнегелі тарихи тұлға боп қалды. Ол туралы аңыз әңгімелер күні бүгінге дейін айтылып келеді. Ұрпақтары абзал бабаларының құрметіне 1993 жылы Есіл бойындағы Баубек батыр ауылында биіктігі 7 метрлік әсем кесене тұрғызды. Ал, 2016 жылы олар Ресейдің Түмен облысына арнайы барып, атышулы батыр зиратының басына мәрмәр тастан белгі қойды. Сонда осы өңірдің халқына арнайы ас беріліпті. Көзі тірісінде батыр Терісаққанның Есілге құятын тұсынан қоныс алып, ағайындарына үйлер салғызып, оларды отырықшылыққа көндірген. Сол 1850 жылдан бері осы аталмыш елді мекен батырдың есімін ардақтап алып келе жатыр.

Көмекей әулие атанған Бұхар жыраудың:
Уа, Абылай, Абылай!
Момынға келіп бек болдың – деген тарихи жыр жолдары бар. Бұл рулық атауға ұлы Арғын бабамыздың Момын есімді әйелінен туған ұрпақтары ие болған. Қазақ халқы оларды шежіреде таңбаланғандай, бір сөзбен «Жеті Момын» дейді. Осыған қарап қазақ халқының әйел-анаға деген құрметін, өмірдегі әділетті ұстанымын көруге болады. Жақсы адамның аты, оның жынысына қарамастан, бір дүйім елге беріліпті.
Қанжығалы-Тобықты,
Қатар туған Момыннан.
Сарыжетім Шақшақпен,
Бәсентиін соңынан.
Атығай мен Қарауыл,
Жаратылған оңынан.
Белгілі бекзат шығыпты,
Әрбірінің тобынан.
Арғын бабаның осы ұрпақтары ішінен атағы жер жарған батырлар мен билер көп шыққан. Қанжығалы қарт Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Бәсентиін Малайсары, Үмбетей жырау, Тобықты Кеңгірбай мен Қарауыл Қанай билердің есімі соның нақты айғағындай. Абылайдың барлық дерлік жорықтарында осы батырлар мен билер үзеңгілес қатар жүрген. Ал, оның немерелері Кенесары мен Наурызбайдың ұлт-азаттық көтерілісінде тағы да осы буынның ұрпақтары жорықта үнемі сенімді серіктес болған. Қарауыл Бекмырза баласы Баубек батыр атышулы қазақтың соңғы ханы Кененің бастаған көтерілісі басылғаннан кейін патша ағзамның шешімімен Ресейдің Түмен облысына жер аударылады. Білетін ел үлкендерінің пайымдауынша, ол мерзімі 16 жылдық жазаға кесілген. Батыр Баубек 1820 жылы туып, 1888 жылы қайтыс болыпты. Ол 9 жасында әке-шешеден жетім қалып Кенесары ханның тәрбиесін көріп өскен. Еті тірі, көзі отты балаң жігіт жастайынан хан Кененің серігі болып, талай шешуші айқастарға қатысқан. Соның соңғысы Қырғыз Алатауының Кекілік сеңгірінде болған айқаста, өз ағайындарымыздың сатқындығынан, ол көптеген сұлтандармен бірге тұтқынға түседі. Бірақ, анасы Шұғаның кезінде бір қырғыз жігітін өлімнен құтқарғаны Баубектің тұтқыннан босап шығуына себеп болған деседі, өткенді жақсы білетін ел үлкендерінің әңгімесіне қарағанда. Батыр Арқадағы Есіл бойындағы еліне оралғаннан кейін Арғынның Қуандық тармағынан тарайтын Алтай руының көсемі, атақты Аққошқар Сайдалының Емке есімді қызына үйленеді. Бұл Баубектің ел ішіндегі беделі мен даңқын одан сайын асқақтатуға себеп бопты. Одан Нығыман, Мағзұм, Нақ, Қозыеке есімді ер балалар туады. Ата даңқын көтерген осы ұландардың бірі Мағзұм Есіл бойындағы Бесоба елінде ұзақ уақыт болыс болып, қартайған шағында Мекке-Мәдинаға қажылық сапар шегеді. Парызын өтеп жолға шыққанында кенеттен тап болған сырқаттан қайтыс болып, сол Араб елінде жерленген. Бір айта кетерлігі, Есіл бойында ертеректе бірінші мешітті салдырған осы кісі дейді.
Баубектің тарихи рөлін қазақтың атақты ғалымы Ермұқан Бекмаханов, жерлес жазушымыз Ілияс Есенберлин «Қаһар» романында жан-жақты көрсеткен. Соның жалғасындай 1995 жылы жазушы Ахметжан Байжанның «Бектауыл Баубек батыр» атты тарихи кітабы басылып шықты.
Хан Кененің қасында болған, ашық бетпе-бет айқастан беті қайтпаған қазақтың қайсар ұлы Баубек туған еліне, өскен ортасына өнегелі тарихи тұлға боп қалды. Ол туралы аңыз әңгімелер күні бүгінге дейін айтылып келеді. Ұрпақтары абзал бабаларының құрметіне 1993 жылы Есіл бойындағы Баубек батыр ауылында биіктігі 7 метрлік әсем кесене тұрғызды. Ал, 2016 жылы олар Ресейдің Түмен облысына арнайы барып, атышулы батыр зиратының басына мәрмәр тастан белгі қойды. Сонда осы өңірдің халқына арнайы ас беріліпті. Көзі тірісінде батыр Терісаққанның Есілге құятын тұсынан қоныс алып, ағайындарына үйлер салғызып, оларды отырықшылыққа көндірген. Сол 1850 жылдан бері осы аталмыш елді мекен батырдың есімін ардақтап алып келе жатыр.
Абылайдың немересі Кенесарының әскерінде бас батырлар қатарында Шұбыртпалы Ағыбай, Қарауыл Бөгенбай, Қыпшақ Иман, Төлеу, Жеке, Жауке батырлармен қатар Баубек те атойлап жауға қарсы шапқан кісі.
1847 жылы қазақтың соңғы ханы Кенесары қаза тапқанда Баубек бар болғаны 23 жаста екен. Бірақ, Ресей патшасын қолдаған қазақ бай-манаптары Баубекті түртпектеп, оның ел ішіндегі әңгімелерін, атқарған жұмыстарын теріс қырынан көрсетіп, жоғары жаққа хабарлап, үнемі жалған ақпарат беріп отырған. Сондықтан, ол 1882 жылы ұсталып, Сібірге жер аударылады. Араға 6 жыл салып аруақты ер меңдеген сырқаттан айыға алмай бұл жалған дүниемен қош айтысады. Түмен жерінен өтетін Есіл өзенінің бойындағы соңғы қонысын жергілікті жұрт қасиетті деп біледі. Оның бір себебін жазушы Мырзағали Дүйсенбаев өзінің «Өмір-өзен» кітабында жақсы суреттеген. «… Сол 50-ші жылдары Ешім қаласының бір орыс азаматы адасып, өлім-хәліне келгенде, жарқырап жанған отты көреді. Отқа бет алып келсе, бейіт болып шығады. Бейітке түнеп, таңертең тұрса өзінің төбе басында тұрғанын, төбе етегінде өзінің қаласы тұрғанын көреді. Кейін «Бұл жерде кім жатыр?» деп сұрағанда, «Баубек батыр жатыр» деген. Содан бастап бұл араны «Святая могила», «Святая гора» деп атап кеткен. Басына барып түнеушілер, Алладан бала, сырқатына шипа сұраушылар тәу етіп жүреді. Осы жердегі орыстар да, қазақтар да қасиет тұтады екен.
Баубек батырдың денесін алып келуге барған бізге жергілікті ақсақалдар: «Қарақтарым, батырдың моласын қозғап әуре болмаңдар, топырағын алып барыңдар», – деп кеңес берді. Әрі жер болып кеткен аумақты обаны қазып, сүйегін табу да мүмкін емес еді. Сондықтан, біз бабамыздың жатқан жерінің топырағын әкелдік. Зиратының басында өсіп тұрған ағаштан бала қайың, тобылғы, шырша ала келіп, Қызылту жерінде Мавзолейінің жанына отырғыздық. Топырағың торқа болсын, қасиетті бабам!».
Қазіргі кезде осы батырдың есімі Целиноград ауданының Қосшы ауылындағы орталық бір көшеге берілген. Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында биыл көптеген игілікті істер атқарылды. Қазақ халқының ертеңін ойлаған ардагер ұл-қыздарымыз туралы мақалалар мен деректі әңгімелер газет бетінде үзбей жарияланып келеді. Біздің әңгімемізге себеп болған тарихи тұлға, хан Кененің сенімді серіктерінің бірі, жаужүрек оғлан – Баубек батырдың өмірде жасаған ерліктері келер ұрпақ үшін үлкен өнеге дер едік. Еліміздің тәуелсіздігі жолында ерен еңбек сіңірген ерлерді ұмытпау – бүгінгілердің парызы.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар