Қара домбыраның мұңы

«…Ой-бай, бастық келеді! Тұра тұрыңдар, тыныш отырыңдар. Шақырған кезде шығасыңдар…» деген сөздер естіліп жатыр екен. Жан-жағыма қарасам, манадан бері ортада билеп жүрген бишілердің бірі жоқ. Бастық келеді деген соң даңғырлаған әуендер де өшкен. Жиылған қауымның бәрі де тік тұрып, кештің басты қонағын қарсы алуда.

Басекелер кірді, төрдегі арнайы дайындалған орындарына жайғасты. Әдемі әсерлі сөздерімен халықты аузына қаратып жүрген асабаның өзі Басеке кіргенде басылып қалғандай сезілді. Сөйтіп, Құдайдай күткен бастық орнына жайғасты. Елдің бәрі пір тұтқандай сол адамға қарайды. Дастархан басына жиналғандар бастық күлсе күліп, қабақ түйсе, үнсіз тына қалады. Мынаған мен аң-таң болып қарап отырдым.
Шірене сөйлеген бастық өз тілегін айтты. Жыл бойындағы қарамағындағы қызметкерлерінің болмыс-бітіміне, жұмысына, әйтеуір әркімге бір сын, бір мін тағып, сосын аздап жылы лебіз білдірген болды. Сол-ақ екен, осы бір «әдемі тілектен» кейін бір ән орындалсын деді. Фонограммаға жазылған орыстың «Авария» тобы орындайтын «Новый год» әні айтылғанда залдың ішіндегі жастар жағы айқайлап, орындарынан тұрып билегісі келіп, делебелері қозып отыр. Бірақ, бастық тарапынан билеңдер деген бұйрық берілмеді. Ән бітіп, әуен тоқтады. Ал, тынышталайық, – деді асаба. Сөз бастықтың орынбасарына берілді. Тілі мен жағына сүйенген дөп-дөңгелек, бір адам бастыққа жаққысы келеді-ау шамасы, әрнәрсені бір айтты. Жанындағылар жағымпаздана күліп, қошемет көрсетіп жатыр. Есік жақта отырған жастарда ешкімнің шаруасы жоқ. Бұлардың өзі бір бөлек әлем сияқты.
Орынбасардан кейін қатарынан бірнеше адам бірден тілек айтуға кірісті. Осы тұста жиын өтіп жатқан мекеменің қожайыны аттай зулап жүгіріп кетті. Не болды екен десек, біздің Басеке оған да басеке екен.
Мен болсам, әлі де босағада отырмын. Қашан, кім төрге шақырады екен деп. Әй, жарайды, төрді маған бермесін, төр атам заманнан менікі ғой, тек кезек берсін. Кезінде барлық тойдың сәні мен едім, енді мені менсінбейтін болған ба бұлар. Қайран, қазағым-ай…
Бір кезде кезек әнші жігітке де келді. Ол «заманың өтіп бара ма ей, қара домбыра», – деп маған мейірім нұрын шашып қарады. Бұл жігіттің иығына мен де асыла кеттім. Екеуіміз қосылып Сәкеннің «Тау ішінде» әнін орындадық. Қарап тұрсам, әркімге бір мін айтып, тіксініп, тәкаппарланып отырған Басекем әнді тыңдау былай тұрсын, «жынды судан» сылқылдатып отыр екен. Мені сыйламаса қойсын, мен ағаштан жасалған жәй ғана затпын ғой, тым болмаса, Сәкеннің аруағын неге сыйламайды…
Отырғандардың арасында мұқият тыңдап, әннің әлеміне еніп, сөзіне мән беріп, Сәкеннің шерін ұғып отырған бір қызды ғана көрдім. Әйтеуір, біреу бар екен деп соған қуандым.
Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар