Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
БАҚЫТТЫ БОЛСЫН ҰРПАҒЫҢ! - АРҚА АЖАРЫ

БАҚЫТТЫ БОЛСЫН ҰРПАҒЫҢ!

Қарт ақынның «Атасы тектілердің тұғыры асыл, тұқымы бір тартады қалыбына» деген аталы сөзінің шындыққа айналғанын көзбен көріп отырмыз. Ата-жұрттың көгінде көгілдір аспан түстес көк байрағы желбірейді. Тұңғыш рет, тұңғыш Президентіміз тәуелсіздік күнін жариялап төрткүл дүниеге паш еткені жұрттың мәңгі есінде. Талай естіп жүрсек те, Қазақстанның әнұраны шырқалған сәтте түйсігі бар әрбір қазақтың көзіне жас алмағаны болмаған шығар? Бұл жолы ол бұрынғысынан да асқақ, айбынды, барынша салтанатты, еркін шырқалып еді. «Көкшолақпен тепеңдеп, жақсы өмірге жетем деп» жыр толғаған ақиық ақынның арманы енді орындалды. Оның шапағатын көруді өз маңдайына жазбағанмен кейінгі ұрпағына бұйырған екен.
Көпті көрген дана адамнан:
– Еркіндік деген не? деп сұрағанда:
– Шексіз-шектеусіз ойлау, алаңсыз ұйықтау, еркін тыныс алу деп жауап беріпті дейді. Сол бір данагөйдің айтқандары бүгінгі таңда бойымызға етене сіңіп, ой-санамызды түбегейлі өзгертіп жатыр. Нені ойлайсың, қалай пайымдайсың? Нені айтпақсың, оны қалай тұжырымдайсың? Бәрі-бәрі де өз еркіңде. Ғасырлар бойы тұншығып, тұмшаланып келген қазақы ойдың күні енді туды. Еңсемізді көтеріп, бой түзеттік. Осы күні қарт ақынның: «Сендер бізден де гөрі бақыттырақ болыңдар. Біз көрмеген қызықты сендер көріңдер» дейтін бата-тілегін жиі еске аламын. Бәлкім бұл әр ұрпақтың кейінгіге, әрбір ата-ананың артындағыларға қалдыратын аманаты болар? Қалай десек те жақсы тілек, жақсы ырым бұл.
Ақынның «Балаларға» деген өлеңінде: «Мәскеу-Волга міндім кеме, білім қумай, өлең қуып ерте тудым мен неге?» дейтін сөзі бар. Тәуелсіздік таңы атқан осы күнге әкем де жетіп, көзбен көрсе ғой! Не дер еді?
Қоңыр домбырасын қолына алып, ақ сақалы желбіреп, Алатауға көздерін тігіп отырып қуаныш күйін төгер ме еді? Әбжіл абыздың көмейінен өзгеше бір өлең өріліп, көңіл түкпірінде жатқан тың толғауын тарту етер ме еді? Бұл енді айтпаса да болатын жай.
Әкемнен естіген мынадай бір аңыз бар. Бізге беймәлім ерте-ерте заманда адамдар жер-суға таласып, бөлісе алмай қырық пышақ болып жатады екен. Кім алғаш келіп қазық қақса, сол жер, бүкіл аймақ сол жұрттікі саналады. Жасына жетіп әбден қартайған қария жалғыз баласын осындай алыс жолға аттандырып тұрып:
– Балам, қайда жүрсең де аман бол. Бізге қарайлама. Құдайдың бұйыртқан жеріне жетіп, шаңырақ көтер. Өз алдыңа ел бол. Жолыңа беретінім мынау ғана деп баласының алдына: жұдырықтай алтын, өткір қылыш, бір дорба дән қойыпты. Алтын – байлығың, қылыш – айбының, дорбадағы дән азығың дейді. Сонда баласы тұрып:
– Жолда не күтіп тұрғанын қайдан білейін, әке. Бұдыры көп жер жатыр, танымайтын ел жатыр. Алтынды көрсе бай деп қалар, қылышты көрсе жау деп қалар. Алып жүруге екеуі де қауіпті. Маған анау дорбадағы дәнді берсеңіз болды. Ашықсам талшық етермін. Бейкүнә, бейбіт жүрген адамға ешкім де тиісе қоймас. Сөйтіп, діттеген жеріме аман-есен жетермін дейді. Бұған таң-тамаша қалған әкесі батасын беріп жолға шығарып салған екен.
Расында қолында таяқтан басқа ештеңесі жоқ адамға ешкім көз алартпайды. Көреген жігіт суы мол, топырағы құнарлы жерге тұрақтап, дорбадағы дәнді егіп егін салып, бейбіт тіршілік құрыпты. Біраз жылдың ішінде бір аймақ ел болыпты дейді. Төңірегіндегі көрші жұрт мұның ізгі пейілін көріп тату қарым-қатынас жасай бастайды. Әлгі жігіттің елі де, жері де күннен күнге көркейіп даңқы арта түскен деседі. Сол көреген жігіт біздің арғы атамыз Қазақ екен. Аңызда осылай дейді.
«Алтын көрсе періште жолдан таяды», «Тас атқанға, ас ат», «Үйіңе жылан кірсе, басына ақ құйып шығарып жібер» дейтін қағиданы жадымызда берік ұстанған халықпыз. Қазақы қарапайым тілмен пайымдасақ: «Ешкімнің ала жібін аттамайтын, ешкімге есесін жібермейтін, досқа құшағымызды айқара ашатын, дұшпанға қасқая тұрып мысын басатын, өзгені сыйлай білетін, өзімізді сыйлата білетін» қасиетіміз бар. Қонақжайлығымыз, қанағатшылдығымыз ол өз алдына. Ақжүрек, батыр халықпыз. Ал, қас батырдың баладай аңғал келетіні тағы рас.
Тәуелсіздік деген «тәтті нандай» шайнап жұта салатын нәрсе емес екен. Өзінен-өзі келіп басымызға қона салатын бақ құсы деуіміз де ағаттық екен. Ол үшін бәріміз бір кісідей әрекет жасап, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара күресуіміз керек екен. Халықтың қалаулысы Шерхан Мұртаза айтқандай: «Бақыт деген де шашу секілді, бәріне бірдей жете бермейді» екен. Бірақ, соған жету үшін ұмтылу қажет, құлшыну қажет. Әрекетсіздік өліммен бірдей екен. Ақиқат, шындықтың жолы біреу-ақ. Өтірік, жалғанның жолы сан түрлі. Шындықтың ащы болатыны, көп жағдайда кешігіңкіреп жүретіні де сондықтан болса керек.
Еркіндік алып, қолымызға бостандық кілті тиген күні бүкіл қазақ жұдырықтай жұмылып, тас-түйін болып түйіліп қалатындай көрінетін еді. Оның да ауылы алыс екен. Абайша айтсақ «Бас басына би болғысы келетіндер де» көп екен. Бұра тартып сөйлегенді жақсы көретін бір досым: «Бұл қазақтың басын біріктіру үшін қалмақ қырғыны сияқты тағы бір жойқын соғыс қажет» дейтін еді. Соғыстың бетін әрі қылсын, әрине. Бірақ, осындай «босаңдау» жағымыз әлі де бар екен. Іші шіріген жаңғақты шаға салу оп-оңай.
Осындай алмағайып кезеңде, дүние түгел теңселіп тұрған сәтте бәрінен бұрын ел тағдырын ойлап, «жарғақ құлағы жастыққа тимей» жүрген ұлдарымыз да көп екен. Мұныңа тәубе! Халық айтса қалт айтпайды. Халық сондай ұлдарына сенді, үміт артты. Өзі таңдап, өзі қалап ел тағдырын, көш тізгінін аймүйізді серкелерінің біріне ұстатты. Ол «мың өліп, мың тірілген» қазақ жұртының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Алдымен еңбектеп, содан соң тәй-тәйлеп, бірте-бірте буыны қатып бозбала шаққа жеткен елдің еңсесі енді көтерілді. Осының бәрін елімен бірге Елбасы да бастан кешірді. Ащысын да, тұщысын да бірге татты. Елі де есейді, өзі де қыран құстай самғап, биікке қанат қақты. Бүгінде елдігімізді жер жаһанның бәрі таныды. Кеселді, кесек сөйлейтін өзге жұртпен тереземіз тең болды. Көк байрағымыз сол елдердің көгінде де желбіреп тұр. Мойындайды, санасады, сыйлайды. Мұның бәрі айтуға оңай. Ал, шындығына келсек, біз осы белестен қалай өттік?
Ең қиыны тыңнан жол салу. Өзге жұрттар салған соқпақ та, сүрлеу де жетерлік. Оны шиырлау өзгені қайталау, өзіңді сыйламау болатыны һақ. Қалай қарап жүреміз, қайда қарап бағыт түзейміз? Ақиқаты қайсы? Дұрысы қайсы? Елді де, Елбасын да алдымен толғандырған осы жай болатын. Сонда неден бастап едік? Тағы да сол көпке ұғымды, қарапайым сөзбен айтар болсақ оның мәні-мазмұны тереңде жатыр.
– Бізге жаппай қырып жоятын қарудың керегі жоқ. Біз одан бас тартамыз. Жойқын қаруы бар елге өзге жұрт үрке қарайды, бойын аулақ ұстайды, сенімсіздік білдіреді. Тап қазір бізге ол қарудан да күшті нәрсе бар. Ол ел іргесінің тұтастығы, тыныштығымыз,– деді Елбасы. Бұған күмәнмен қарағандар да, дүрсе қоя бергендер де болды. Уақыт Елбасының бұл көрегендігін ақтап берді.
– Тарихымыздың жаңа бетін жаңаша етіп жазамыз. Алдымен кең байтақ жеріміздің «етек-жеңін» қымтап алайық. Алатау қазақтың айбыны болса, ендігі жерде Сарыарқа елдігіміздің айғағы, абыройы болады, – деді Елбасы. Сөйтіп, ұлы көшті бастап, арқа жеріне жол тартты. Бұған да көңілі толмағандар күңкілдесті, сәуегейсымақтар сырттан құмалақ ашып «ақ жол», «қара жол» десіп айбаттап жатты. Уақыт тезі мұның да ақиқат екендігін айшықтап берді. Арқа төрінде арайлап атқан таңдай болып жаңа қала – Астана бой көтерді. 1998 жылдың көктемінде арқаның төрінде алғаш рет құрбан шалып құрбан айтымызды қарсы алдық. Сонда:
– Игіліктің, ізгіліктің бастамасы болсын. Бәріміз бір кісідей мешітке барып алақан жайып уәж жасалық деп еді сол кездегі Парламент Сенатының төрағасы Өмірбек Байгелді ағамыз. Мұнымыз жаңа Астанамызға деген жаңа тілектің, қуаныштың белгісі. Мешіт – құдайдың үйі. Мұнда қызметіңе, лауазымыңа ешкім қарап жатпайды. Осында келіп қол қусырып, тәжім еткен адамдардың бәрі бірдей. Мұны баспасөз бетінде жазып, теледидардан көрсетіп жатудың жөні жоқ. Оны дағбыртқа, насихатқа айналдыруға болмайды. Құрбан шалсаң шын жүрегіңмен, ақ пейілден, үнсіз жаса. Сонда ғана ол қабыл болады. Халықтың көзбен көріп, іштей білгені артық, – деп еді көпті көрген көсем аға.
Өрмекшінің торындай тұтасып, санамызды шырмап алған кеңестік таным-түсінігіміз ыдырап, көз алдымызда сөгіле бастады. Бұл енді жаңаша ойлаудың, жаңа лектің нышаны еді. Дұшпан күйінген, достарымыз сүйінген кез еді бұл.
– Ой-пікір таластырып, білген-түйгенімізді талапайға салатын кез емес. Әркімнің күш-жігері бір арнаға құйылсын. Ағайын ала болса ауыздағы кетеді…Бірлік бар жерде, тірлік бар. Ел болу, егемен мемлекет құру жалғыз адамның қолынан келетін шаруа емес. Бұған кәрінің де, жастың да жұмыла атсалысқаны керек. «Ақылдасып пішкен тон, келте болмайды», – деді Елбасы. Бұған біреулер кекесінмен қарады, енді біреулер миығынан күліп қойды.
Әбіш Кекілбаев секілді данагөй ағамыздың жазуымен, Абылай хан бабамыздың аузына сөз сала отырып ел-жұртына жүгінді, бата-тілек сұрады. Өзі халқына, халқы өзіне ант бергендей көрініс еді бұл. Оның ар жағында ел-жұртымның көсегесін қайтсем көгертемін деп жалындаған ел басшысының жүрек алауын сезіну қиын емес.
Иә, Елбасы тағы не деп еді?
– Елдің болашағы ертең-ақ жас ұрпақтың қолына көшеді. Ұлы көшті, іргелі істі ары қарай апару үшін білімді де білікті мамандар керек. Түлкі құрсақ күн кешсек те жастарымызды оқытуымыз керек. Онсыз іргелілеу болмайды, болашағымыз бұлыңғыр тартады. Ел басқару да өнер. Іскер, ойға шалымды, білікті жігіттеріміз болса қолынан қақпай, қайта басқару тетігін ұстатып көрелік. Үйренсін, ысылсын. Шаруаның барлық саласында өз мамандарымыз болуы тиіс. Қанағатшыл елміз ғой, шыдайық, – деді Елбасы.
Түбіне үңілгендер түсінді, шыдады. Солардың көбісін қолынан ертіп жүріп өзі баулыды. Қазақы тілмен айтсақ «отқа да салды, суға да салды». Елбасының осы үмітін ақтағандар да көп, ақтай алмай шегіншектеп, шеттеп қалғандар да бар. Ел ағасының бұл ісі де оң нәтиже берді. Жемісін енді көріп жатырмыз.
– Біздің елде де бай-бақуатты адамдардың көп болғаны дұрыс. Нарықтың негізгі көзі де осында. Ізденіңдер, еңбек етіңдер, табыс табыңдар, байлықтарыңды еселей түсіңдер. Бірақ, өз бастарыңды ғана күйттеп кетпей, елді де ойлаңдар, жұмыс тауып беріңдер. Өйткені, сол халықтың өкілі өздерің. Қолдағы байлықтың ырзығын солармен бөлісу керек, қолқабыс жасау керек, – деді Елбасы. Президентіміздің бұл аманатын азаматтық борышым деп түйсінгендер де, қара басының қамын ойлап жырақ кеткендер де болды. Шүкір, еліне бүйрегі бұратын, жанашыр, жасампаз ұлдарымыз басым екен.
– Қазақ жерінде тұрып жатқан басқа халықпен тату-тәтті ғұмыр кешейік. Елдегі тұрақтылық, халықтар достығы болашағымыздың кепілі. Өзім деп өзеуремей, өзгенің де тілін, ділін, дінін сыйлап үйренейік, –
деді Елбасы. Ол ниетін бізге ғана емес, бүкіл дүние жүзіне паш етіп, дәлелдеп те берді. Бүгінгі таңда жер жаһандағы дүйім ел бізге құлақ түріп, көз тігетін болды. Келешегі қарымды, ең бейбітшіл, пейілі таза, ізгі ниетті ел деп таниды. Үлкен үміт күтеді.
«Елдікті айт, батырлықты айт, ел бірлігін сақтаған татулықты айт» дегенді ұлы жырау Жамбыл да жырлап өткен.
Кенен де арманшыл ақын ғой. «Болсайшы» деген өлеңінде:
«Бір ниетте, бір тілде, халқым бірдей болсайшы,
Артығы жоқ, кемі жоқ, салтым бірдей болсайшы» деп жырлаған екен.
Біз осындай пікірді ел басының өзінен де естіп жүрміз. «Өзге жұртқа сыйлы боламыз десек, алдымен өзімізді өзіміз сыйлайық. Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегенді үзбей айтып келеді. Ана тіліміздің мәртебесін өсіру, ұрпағымыздың бойына халқымыздың жақсы қасиеттерін, салт-дәстүрін дарыту, санасына сіңіру бүгінгі күннің ең көкейкесті мәселесі дегенді де үнемі еске салып отырады. Оның да нышандары көп. Ел-жұрты өзінің бастауына қайта орала бастады.
«Сабыр түбі сары алтын» дегенді берік ұстанған Елбасы салиқалы ой түйеді, еліне оңтайлы сара жол іздейді.
– Қазақтың маңдайына біткен кең байтақ жері байлыққа толы. Оны игеру үшін қаражат керек, осы заманға сай озық өнеркәсіп, технология керек. Мұнайдың, алаулаған газдың тетігін өз қолымызға алатын күн жетті. Қазынамыз толықса қалған істің де оңай шешілетіні ақиқат. Біз ұстанатын басты бағдар-бағытымыз осы болуға тиіс», – деп еді Елбасы. Қателеспепті. Елбасының сол көрегендігі өз нәтижесін берді. Елдің еңсесі көтеріліп, езуімізге күлкі үйіріледі. Қуаныш күлкісі. Шаруашылықтың барлық саласы жандана түскендей, жаңа леп ескендей. Жұрт мұны айқын сезініп отыр.
Ауылдың күретамырына қан жүгірді. Шаруалар қолдарын ысқылап іске құлшына кірісіп те кетті. Осыны көріп отырып: «шүйінші, шүйінші!» деп бар даусыңмен айғайлағың келеді. Расында да шын қуаныш бұл. Миллиондаған адамдардың жүрегіне жол тапқан ел басшысының осындай іс-әрекеттері, ой-пікірлері шексіз, сан алуан. Мұны әрбір қарапайым адам осылай қабылдайды, осылай пайымдайды.
Екі бірдей ұлы, ірі мемлекеттің арасында сыналай кіріп түріктің сары даласы жатыр. Не көрмеген, нені бастан кешірмеген дала бұл. Ешкімге есесін жібермейтін ұлы да болған, өзге жұрт келіп бас иетін ірі де болған. Айбатынан «ай үркіп», байлығынан жер қайысқан. Дала төсін дүбірлетіп мал айдаған, даңқы артып, дабысы төрткүл дүниеге кең тараған көнекөз ел жатыр. Осындай қасиеті мол, киелі жердің бүгінгі мұрагері де, иесі де қазақ елі – Қазақстан. Оның көшбасшысы, тұңғыш президенті – Нұрсұлтан.
Мұным жай көлгірсу емес, әке. Көзбен көргендерім. Сіз осындай заманды аңсадыңыз. Біз сондай заманды бастан өткеріп жатырмыз. Бағзы біреулер: «Нұрсұлтан – Ата Қазақ» дегенді де айтып қалып жүр. Ішке қонатын сөз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегені болар? Мұны әзірге уақыт тезіне қалдыра тұрайық. Лайым, мұнымызды көп көрмесін! Ата-бабалардың аруағы қолдасын. Тіл, көзден сақтасын.
«Алыс сапарда» жүрген сізден де бата сұраймыз, әке. Еліңіз аман болсын, Елбасы аман болсын! Рухыңызбен қолдап, қорғап жүргейсіз!
Сөз орайы келгенде айта кетейін. 1994 жылы бұрынғы кеңестік дәуірде бергісі аудан, арғысы облыс басшылары жылдап ат басын бұра бермейтін ақынның ауылына арнайы ат басын бұрып, мұражайына кіріп, ақынның бейітіне алақан жайып, дұға еткен де Елбасы. Тағзым етті, еске алды.
«Халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі Кенен атамыз ел тарихында, халық есінде мәңгі сақталмақ. Аты аңызға айналған Кенен атаның арманы ел ырзығы, халықтың бірлігі, ұрпақтың баянды болашағы болды. Осы аруақ бізді қолдасын. Егемендігіміз, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!» деп жүрекжарды тілегін жазып қалдырды. Бұл ақынның шығармашылығына берілген әділ баға, зор құрмет екендігі ақиқат.
«Ұлық болсаң, кішік бол» дегеннің үлгісін көрсетті. Шығыстың бүкіл даналығын, ата- жұртының әдет-ғұрпын бойына сіңіріп өскен, халқымыздың маңдайына бақ болып біткен ерен ұлының бұл пейіліне ел разы. Өткеннің де, бүгінгінің де қадір-қасиетін саралай білетіні жанымызды жадырата түседі.
Әрі ғалым, әрі ақын Тәкен Әлімқұловтың «Сері» деген көлемді жыр-толғауы ақын жайлы түйсігімізді айшықтап, байыта түседі:
«Сүйінбай, Жамбылдардың қол баласы,
Кененнің жырау толған айналасы.
Бір сырлы, сегіз қырлы осы адамға,
Қазақтың сай келеді қай баласы.
Әрі ақын, әрі әнші Кенен саңлақ,
Бір ғасыр бар тарихқа тартқан таңдап.
Бәйгеде жүз жүйріктен біреу озған,
Жүргенде әуесқойлар андағайлап».
Міне, Әке сізге арнап айтылған мұндай жүрекжарды сөздің шегі жоқ. Соның көбісін көз тіріде өзіңіз де естіп, біліп кеттіңіз. Көш жүре түзеледі. Ел-жұртыңыз етек-жеңін енді жинап, жоғалтқандарын түгендеп, белді бекем буып, болашаққа сеніммен қадам басуда.
Адамның ғұмыры бұл дүниеде де, одан кейін де жалғасын тауып жатады дейді. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөзі қалған» деп ұлы Абай да ой түйеді. «Жүрсем де сабау қамшы, салт атты боп, аралап ел ішінде әнім қалсын» дегенді өзіңіз де айтып кеттіңіз. «Ол дүниеге» барып, қайтып келген адамды көрген де, естіген де ешкім жоқ. Ал, бұл дүниеде жалғасын тауып, ұрпақтан ұрпаққа сөзі таралып, есімі мәңгі сақталған ұлағатты жандар көп. Мәңгілік ғұмыр дейтініміз осы шығар!

Бақытжан ӘЗІРБАЕВ,
ақынның ұлы, журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар