Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Кеңес БЕКІШЕВ: «Еңбек заңмен қорғалған» - АРҚА АЖАРЫ

Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Кеңес БЕКІШЕВ: «Еңбек заңмен қорғалған»

–Кеңес Рахметұлы, алдымен өзіңіз басқарып отырған кәсіподақтар орталығының жұмысы жөнінде айтып өтсеңіз.
–Қазақстан Республикасының «Кәсіптік одақтар туралы» Заңы 2014 жылдың 11 шілдесінде өз күшіне енгені баршаға мәлім. Біз де өз қызметімізді осы заңнамалық құжат арқылы жүзеге асырып жатырмыз. Облыстық кәсіподақтар орталығының құрамына 1176 бастауыш кәсіподақ ұйымы біріктірілген. Облыс бойынша 89700 кәсіподақ мүшесі бар. Олар білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы, кәсіпорындар сынды он салалық кәсіподақтарға бөлінген.
Осы арада айта кету керек, 2015 жылы Мемлекет басшысы әлемдік дағдарысқа байланысты жаңа еңбек заңнамасын жасауға тапсырма берген болатын. Осы құжатқа байланысты еліміздің түпкір-түпкірінен ұсыныстар қабылданып, жаңа заң жобасы өткен жылдың бірінші қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Заң жобасын әзірлеу кезінде кәсіподақтар ұйымы сырт қалған жоқ. Еліміз үшін, халық үшін маңызды іске бастан-аяқ қатысып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жұмыс тобында бірге жүріп, біраз өзгертулер енгізуге тырысты. Кәсіподақтардың атынан келіп түскен 200-ден астам ұсыныстың 117-сі жаңа заңға енгізілді.
2016 жылға дейін қолданыста болған еңбек кодексі қарапайым халықтың мүддесін қорғауға бағытталып, онда көбінесе жұмысшыларға басымдық берілсе, ал, нарық заманына сәйкестеліп жасалынған заң жобасында жұмыс берушілердің құқықтары көбірек қорғалған.
–Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексінің бұған дейін қолданылып келген заңнамадан қандай артықшылығы бар?
–Бұрынғы еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші жұмысшының келісімінсіз оны ешқайда ауыстыра алмайтын. Солай еткен күннің өзінде көп дегенде бір айға ғана басқа қызметке жіберетін-ді. Ал, қазіргі дағдарыс жағдайына байланысты заң ережелері біршама өзгертілді. Жаңа Еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес, жұмыс беруші жұмысқа қабылдау кезінде таңдау еркіндігіне, жұмыскерлермен еңбек шарттарын осы кодексте белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша өзгертуге, толықтыруға, тоқтатуға және бұзуға, өз өкілеттігі шегінде жұмыс берушінің актілерін шығаруға құқылы.
Осы арада бір мысал келтіре кетейін, өткен жылы облыс орталығындағы «ENKI» кірпіш зауытының басшылығы өнімдерін өткізе алмай жатқандықтарын айтып, соның салдарынан жұмысшылардың отыз пайызын қысқартпақшы болып отырғандарын жеткізді. Бұл шешімге біз түбегейлі қарсы болдық. Кәсіпорынға экономикалық қиындықтар туды екен деп, жұмысшыларды қысқарта салуға болмайды. Бұл – дұрыс шешім емес. Ол жұмысшының артында отбасы, бала-шағасы барын ескеру қажет. Бір айдың еңбекақысын екінші айдыкіне санап жеткізіп отырған қарапайым жұмысшылар сол істеп отырған жұмыстарынан
айырылып, еңбекақыларын да ала алмай қалса, отбасын қалай асырайды? Ең әуелі осы жағын ойлауымыз керек. Кірпіш зауытының мәселесіне қаныға келе, жаңа заңға сәйкес, жұмысшыларды қысқартпай-ақ, экономикалық қиындықтарды еңсерудің басқа да жолдарын қарастырып көрдік. Мәселен, жұмыс уақыты сегіз сағатты құраса, экономикалық жағдай тұрақталғанша оны алты немесе төрт сағат қылуға, аптасына үш күн жұмыс істетіп, соның ақысын ғана төлеуге болады.
Былтыр Степногорск подшипник зауыты да осындай қиындықтарға тап болған еді. Олардың сексен пайыз өнімі Ресейге тасымалданатын. Олар тапсырыс-
ты қысқартып, өнімді алмай қойыпты. Содан зауыт қаржы жағынан қиналса да, жұмысшыларын қысқартқан жоқ. Оның орнына жұмыс уақытын қысқартып, өнімдерін сатып алатын басқа мекемелер іздестіріп, тығырықтан шықты. Осылайша біз Степногорск подшипник зауытын мысалға алып, мәселені түсіндіргеннен кейін «ENKI» кірпіш зауытында жұмыс орындары сақталды.
–Жоғарыдағы сөзіңізде жаңа заңға кәсіподақтардың атынан жүзден астам ұсыныс енгізілгенін айтыңыз. Ол қандай ұсыныстар және кімнің мүддесін қорғауға бағытталған?
–Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексі қаралған үш айдың ішінде осы заңнаманың бірінен соң бірі жеті нұсқасы жасалды. Өйткені, депутаттар еліміздің түпкір-түпкірінен жолданған ұсыныстарды қайта-қайта қарап, заң жобасын толықтырып отырды. Олардың арасында біздің облыстық кәсіподақтар орталығының да ұсыныс-пікірлері бар. Заң жобасының бірінші нұсқасында қарапайым жұмысшының құқығын шектейтін тұстар көп болатын. Мәселен, жұмыс күні сегіз сағат болса, ескі заң бойынша жұмыс беруші оны жетісіне екі сағат, айына он екі сағатқа дейін соза алатын. Бірінші нұсқада сегіз сағаттан тыс қосымша жұмыс уақытын екі есеге дейін көбейту туралы айтылды. Жұмыс көлемі көбейтіліп, оның төлемі қысқартылған-ды. Біз кәсіподақтар ұйымы ретінде мұндай шешімге түбегейлі қарсы болдық. Өндірістегі қарапайым жұмысшылар «Сіздер бізді қорғай алмасаңыздар, кәсіподақ мүшелігінен шығамыз» деген уәждерін айтты. Демалыс пен мереке күндері жұмыс істегені үшін төленетін қосымша төлемақы 2-ден 1,5 есеге дейін қысқарып қалғанымен, оны ұжымдық келісімшарт арқылы өзара келісіп көбейтуге болады. Еңбек демалысын да жұмысшы ұжымдық келісімшарт арқылы алты күнге дейін ұзарта алады. Сөйтіп, 24 күнді құрайтын еңбек демалысына алты күн төлемді демалыс күндері қосылады. Ұжымдық келісімшартқа заң жүзінде екі жақты қол қойылса, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің жұмыскерлердің өкілдері және олардың өкілеттіктері туралы 20-бабына сәйкес, жұмыскерлердің мүдделерін «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәсіптік одақтар органдары, ал, олар болмаған кезде сайланбалы өкілдер өздеріне берілген өкілеттіктер шегінде білдіреді. Кәсіподақ органдарының жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек дауларын осы кодексте белгіленген тәртіппен реттеуге қатысуға құқығы бар.
Бір сөзбен айтқанда, мекемелердегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері жұмысшылардың құқықтарын қорғауға мүдделі болуы керек. Көбіне жұмыс берушілер қарағамындағы қызметкерлердің өз құқықтарын қорғауға тырысып, наразылық танытқанын ұната бермейді. Сондай жағдайда екі жақты ымыраға шақыратын кәсіподақ ұйымы болуы тиіс. Қазіргі заманда жұмыс табу өте қиын. Әр адам заңды жетік меңгеріп, қажет кезде заң ережелеріне сүйене отырып, өзінің конституциялық құқығын қорғай білуі қажет.
–Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар