Мемлекеттік қызметші қандай болуы керек?

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде заманауи мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндеті белгіленген еді. Оны жүзеге асыру кәсіби мемлекеттік қызмет және тиімді басқару құрылымын құрумен қатар, еліміздің мемлекеттік қызметшілерінің халық алдындағы жағымды бейнесін қалыптастыруға да игі ықпалын тигізетін қадам екендігі анық.

Мемлекеттік қызметшінің беделін қалыптастыру идеологиялық, саяси және мәдени қырларды қамтитын атқарушы биліктің имидждік саясатымен тығыз байланысты күрделі және ұзаққа созылатын үрдіс болып табылады. Мемлекеттік қызметшінің беделіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде нақтыланған. Атап айтқанда: «мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды» деп нақты көрсетілген.
Қазіргі әлемде мемлекеттік сектор қоғам өмірінің қайнаған ортасында және үнемі халықтың назарында болады. Дегенмен, басқару құрылымын жетілдіру, нығайту және мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар егер мемлекеттік қызметші қоғам тарапынан кәсіби білікті маман ретінде танылмай, керісінше жемқор, бюрократ сияқты теріс жақтарымен көрінсе, онда ойға алған мақсат орындалмайды, яғни, реформалар жүзеге аспайды.
Өзінің бір сұхбатында Елбасы елді ұтымды басқару үшін мемлекеттік қызметші қандай қасиеттерге ие болуы керек деген сауалға былай деп жауап берген еді: «Ең алдымен, жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, оларды практикада қолдана білу, адалдық, белсенді өмірлік көзқарас. Осының бәрін қосып отансүйгіштік деп атауға болады. Нағыз мемлекеттік қызметші патриот болуы керек – менің ойым осындай».
Ұлт Көшбасшысының бұл пікірі ашық және ұғынықты айтылған. Мемлекеттік қызметке дәл сондай қасиеттері бар адамдардың келуіне қалай қол жеткізуге болады? Осы орайда, «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген халық даналығы басшылыққа алынып, лауазым иелерін ақпарат құралдарында сынау белең алды. Шындығында, мұның өзі шенеуніктердің беделін көтермей, керісінше теріс көзқарастардың қалыптасуына ықпалын тигізді. Мемлекеттік қызметтің жұмысын бағалаудағы келеңсіз көзқарас мүмкін бізде кейбір кемшіліктерді шектен тыс «қатты сынау» практикасын қолдануда жатқан жоқ па екен. Сыни материалдардың тасасында кәсіби біліктілік, нәтижелі жұмыстар, қол жеткен жетістіктер назардан тыс қалып жатқан шығар.
Мемлекеттік қызметтің оң беделін, жаңа қоғамдық көзқарас – «қайырымды шенеунік» түсінігін қалыптастыру үшін мемлекеттік қызметші қызметінің бірыңғай этикалық нормаларын орнықтырған жөн болар еді. Әрине, бұл арада ең алдымен, мемлекеттік қызметшінің өзін өзгерту қажет болатындығы түсінікті. Мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының маңыздылығын түсінуі және өз елінің шынайы патриоты болуы қажет.
Мемлекеттік қызметші өз қызметінің барлық деңгейінде қызметіне адалдығын сақтаудың үлгісі болып, адамдардың әлеуметтік жағдайларына қарамай бәріне бірдей құрметпен қарауы қажет. Барша азаматтың құқығының теңдігін, адам – әлеуметтік өмірдің негізгі құндылығы екендігін мемлекеттік қызметші өз қызметінің ең басты шарты деп қабылдауы тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер басқару элитасы мен қарапайым халық арасында жүретіндіктен, содан туындайтын кереғарлықтың бірі – ведомство мен жалпымемлекеттік жүйеге қатысты еріктілік деңгейін әрдайым сақтауға тырысудан арылу ерекшелігінде деген жөн. Дұрыс таңдау жасай білу қабілеті оның қоғамдық игілікке ұмтылысына, қызмет бағытын саналы түрде таңдауына, өзінің жеке басы ар-намысы мен қызметінің салдары мен нәтижесі үшін қоғам алдындағы жауапкершілік сезіміне негізделген рухани мәдениеті тұтастығының көрсеткіші болып табылады. Осылайша мемлекеттік қызметшінің рухани мәдениеті ол қызмет ететін адамдарға қатысты байқалады.
Мемлекетке абстарктілі түрде қызмет жасауға болмайды, өйткені, ол өз азаматтарының мүддесін білдіреді және мемлекетті құратын саяси партиялар мен мемлекеттік мекемелердің сыртында мұқтаждықтары, мүдделері мен қажеттіліктері бар нақты адамдар тұр. Сондықтан, мемлекеттік қызметші барлық істеген істері үшін адамдардың алдында жауапты болады.

Нариман ӘБДІРАХМАНОВ,
Ақмола облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар