Ғалияның жібек мінезі

Ақмола облыстық мәдениет басқармасының жанында мәдениет, өнер ұйымдарының қызметін қамтамасыз ету және тарихи-мәдени мұраны сақтау бөлімі бар. Басқарма басшысы Сәуле Бөкейханқызының тікелей басқаруындағы бөлімге әрине, қай кезде де зор жауапкершілік жүктелген. Елбасының әр жыл сайынғы Жолдауы, стратегиялық жоспарлар мен жобалары рухани бағдарламалардың жүзеге асырылуы сияқты қыруар жұмыстың бәрін осы бөлім абыроймен жүзеге асырып келеді.

Байыбына бармаған адамға аядай кабинетке қамалып алып, компьютерлерінің мониторына шұқшиып отырған төрт адам не істеп отыр деген ой келері анық. Өзім де солай ойлайтынмын.
Студент кезімнен өлең дейтін киелі өлкеге қадам басып, өнер адамдарымен араласып, шығармашылыққа ден қоя бастадым. Қалада өтіп жататын түрлі мәдени-көпшілік шараларға белсене қатысып жүрдім. Кейін басқармадағы сол бөлімнің қызметкерлерін облыс орталығында өткізілетін осындай іс-шаралардың басы-қасында жүретіндіктерін байқайтынмын. Жүгіріп жүреді. Үнемі біреуге қоңырау шалып, онысы мен мұнысын қадағалаумен болады. Сөйтсем, Ғалия Әміржанқызы бастаған бөлім өңіріміздегі бүкіл кітапханалар, мәдениет үйлері мен музейлер, тарихи ескерткіштердің, театрлардың және басқа да мәдени нысандардың бәрінің жұмысын алақанына салып қарағандай қадағалап отырады екен…
Ғалия Әміржанқызын мен студент кезімнен білсем де, көргенде амандасқаным болмаса, аты-жөнін де ұмытып қала беретінмін. Ол менің қай жерден екенімді, қайда оқитынымды анықтап, жағдайымды сұрайтын ылғи. Сол кісіден үнемі қамқорлық пен жанашырлық көруші ем. Кейін бір-екі рет мәдениет сарайында өтіп жатқан шаралардың бел ортасынан шығып кетіп бара жатқанымда «әй, қайда барасың, отыр?!» деп қабақ шытқанына қарамай тентек мінезіме басып шығып кеткем. Басында осы кісі маған ренжіп қалды-ау деген ой жоқ, тек оқу орныма хабарласпаса болды деген күдік бар… Арада көп уақыт өтпей тағы бір жиында кездестік. Қазір жекіп тастайды-ау деп тұрғанда, ол кісі түк болмағандай жылы амандасып, жағдайымды сұрады. Сол кезде өткендегі қылығым үшін қысылдым.
Кейін оқу бітірген соң мәдениет саласына жұмысқа тұрып, бұрынғыдан да жақсы араласып кеттік. Менің жұмыстан кетіп, бос жүрген уақытымда, өлең жазбай, жазсам да жарияламай жүрген кезімде кездескен жерде қайда жүрсің, бізге жұмысқа келсеңші, бос жүре беруге болмайды деп жанашырлық танытқан да осы Ғалия апайым.
Осындайда біздің мынау қарбалас, күнделікті күйбең тірлікпен өтіп жатқан өмірімізде жұмыстан бөлек адами хал сұрасып, кісілік танытатындар көп болса ғой дейсің.
Әрине, Ғалия Әміржанқызынан бөлек бұл бөлімде Дулат Рамазанұлы, Гүл Сайлауқызы және Меруерт Егізбайқызы бар. Бұларға қарап қазақтың «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мақалы есіме түседі. Алысқа бармай-ақ кешегі «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өткізілген шаралардың бәрін осы облыс жұртшылығы көріп, біліп отыр. Солардың дұрыс ұйымдастырылуына ұйтқы болған осы бөлім. Биыл осы көрме аясында Астана қаласында облыстың мәдениет күндері өтті. Көрген адамдар сүйсініп, елден барғандар мақтанып кетті. Бас қаланың қай жерінде қандай концерт өтсе де, жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Бұл кезде Дулат Рамазанұлының сан қырлылығы, терең білімі мен көп тіл білуі де зор көмек болды. Дулат демекші, аса көзге түсе қоймаса да, ол – өз ісінің нағыз маманы. Онымен оңаша сөйлесе қалсаң, еліміздің әдебиеті мен тарихын да, орыс халқының зиялыларын да, мен біле қоймайтын ағылшын ойшылдарының кітаптары жайлы да мол хабары бар екенін көрем. Өз басым ана тілін жетік білсем де, орысшаға келгенде шорқақпын. Ал, Дулат болса, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген.
Жалпы біреуге жағыну, өтірік мақтау табиғатымда жоқ. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ. Таяуда Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық кітапхана ұжымы бір топ болып, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханаға іссапармен бардық. Кітапхананың Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы айтылған ойларды жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан шараларымен танысып, латын әліпбиіне көшу жолында Ұлттық кітапхананың оқырмандарға арналған ақпараттық сағаттарын көріп тәжірибе алмасып қайттық. Осыдан бір жыл бұрын осы кітапханада Меруерт Егізбайқызы қызмет еткен. Ұлттық кітапхананың ішін аралап жүріп, бұрын Меруерт жұмыс істеген бөлімге бас сұқтық. Біздің Көкшетаудан келгенімізді естіген кітапханашы «Былтыр бұл жерде Көкшетаудың Меруерт деген қызы жұмыс істеген, танитын болсаңыздар сәлем айта барыңдар», – деді. Танимыз, танимыз деп жамырасқан бізге – «ол қыз өте тиянақты, іскер, пысық қыз еді, басшылық қал деп қолқа салса да еліне кетті», – деген аздаған өкінішін де білдірді. Әрине, Меруертті көзбе-көз мақтап, әр атқарған шаруасы үшін жерлестерінің, әріптестерінің алғыс айтып жатуы бір бөлек. Ал, ол жайлы сырт адамдардың жақсы сөз айтуы, сағынып еске алуы оның кәсіби біліктілігі мен адамгершілік келбетін аңғартса керек. Ондай кезде біздің Меруерт осындай екен ғой деп мақтанып қаласың кәдімгідей.
Гүл Сайлауқызы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жан-жақты насихаттап, «Рухани қазына» кіші бағдарламасын жүзеге асыруда облыс пен қаламыздағы 79 іс-шара мен жобалардың орындалуына жауапты болып отыр.
Күш пен қажырды, төзім мен жігерді талап ететін мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мол екені шындық. Осы қиын да күрделі жолда тәуелсіз елімізге адал қызмет етіп келе жатқан мәдениет, өнер ұйымдарының қызметін қамтамасыз ету және тарихи-мәдени мұраны сақтау бөліміне игі тілегімді білдіріп, шын жүректен алғыс айтқым келеді.
Мерген ТОҚСАНБАЙ,
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана директорының
орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар