Ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық болмысымыз

21 мамыр – Мәдениет және өнер  қызметкерлері күні

Мәдениет – ұлттың болмысы, қайнар бұлағы және рухани діңгегі. Осы құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, халыққа жеткізуде мәдениет қызметкерлерінің еңбегі әрқашан құрметке лайық.

Өңірдегі мәдениет нысандарының инфрақұрылымын дамыту, ауылдық жерлердегі рухани ошақтарды қайта түлету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бар. Ақмола облысының мәдениет басқармасы өз құзыреті шеңберінде мемлекеттік саясатты жүйелі іске асырып келеді. Бүгінгі таңда өңірдің мәдени әлеуетін сақтау мен дамытудың басты бағдары «Ақмола облысының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары» стратегиялық құжатына негізделіп отыр.

Қазіргі уақытта облыс көлемінде халыққа қызмет көрсететін жалпы 612 мәдениет нысаны бар. Оның 329-ы кітапхана, 261-і мәдени-демалыс ұйымы, атап айтқанда клубтар мен мәдениет үйлері, 14-і музей, 4-еуі кинотеатр, 2-еуі театр, 1-еуі филармония және 1-еуі тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы.

2025 жылы инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жемісті жыл болды. Өткен жылы мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту мен ғимараттарды жаңартуға жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл қаражат саланың тамырына қан жүгіртіп, бірнеше ірі жоба сәтті жүзеге асырылды. Оның 2,2 миллиард теңгесі 11 нысанның құрылысына, 1,1 миллиард теңгесі 6 нысанды күрделі жөндеуге, 150 миллион теңгесі бір нысанды реконструкциялауға және 13,8 миллион теңгесі бір нысанға ағымдағы жөндеу жүргізуге жұмсалды. Бүгінгі күні жоспарланған он бір құрылыс жобасының 5-еуі толықтай аяқталып, ел игілігіне берілді. Бұл қатарда ауыл мәдениетін көтеруге бағытталған нысандар да бар. Нақты айтсақ, Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында 400 орындық зәулім мәдениет үйі бой көтерді, Кенесары ауылында 120 орындық жаңа клуб пайдалануға берілді, Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында жаңа демалыс орталығы ашылды, Степногорск қаласына қарасты Қарабұлақ ауылында заманауи мәдениет үйі салынды. Бұланды ауданының Вознесенка ауылында жаңа мәдениет үйі есігін айқара ашты. Сонымен қатар, жөндеуді қажет еткен 7 жобаның 5-еуі сәтті аяқталды. Олардың ішінде Аршалы ауданының Анар ауылдық клубы, Есіл ауданының Свободное ауылындағы мәдениет үйі, Шортанды ауданы Жолымбет кентіндегі мәдениет үйі және Бурабай ауданының Ұрымқай ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, келбеті жаңарды. Сондай-ақ, Ақмола облыстық орыс драма театрының екі кабельдік желісіне де 13,8 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Облыс мәдениет саласын дамыту қарқынын бәсеңдетпек емес. 2026 жылы жалпы сипаттағы трансферттер және жергілікті бюджет есебінен 2,3 миллиард теңге қарастырылып, оған 6 құрылыс жобасын аяқтау, сондай-ақ, бірқатар ірі нысандарды қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Алдымен, аяқталуы тиіс негізгі жобалар жөнінде айтып өтейін. Зеренді ауылындағы музей – креативті хаб бірегей жобасын аяқтауға биыл 878 миллион теңге бөлінді. Бұл өңір жастары мен өнерпаздары үшін жаңа шығармашылық алаңға айналады. Сонымен бірге, Аршалы кентіндегі 300 орындық мәдениет үйі облыстық бюджет есебінен толықтай жүзеге асырылып, халық игілігіне берілмек. Бұланды ауданының Никольское ауылындағы мәдениет үйі, Бурабай ауданының Қатаркөл ауылындағы 200 орындық клуб, Жақсы ауылындағы Жастар демалыс орталығы, Ақкөл ауданының Азат ауылындағы көпсалалы спорт-мәдениет кешені биыл аяқталып, құрылыс жұмыстары мәресіне жеткізіледі. Сол сияқты, реконструкциялау және жөндеу бағытында да ауқымды істер бар.

Жалпы, Ақмола облысында мәдениет саласына, әсіресе, ауылдық аймақтардағы рухани ошақтарды дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Жаңарған ғимараттар мен заманауи хабтар – өңір мәдениетінің ертеңі жарқын екенінің кепілі.

2025 жылы Ақмола облысында көптеген республикалық және өңірлік деңгейдегі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды.  Жыл ішінде Ақмола облысында 2 республикалық іс-шара өтті. Бірі жас ақындар айтысы, бірі қыздар арасындағы «Бұрымды қыз» салт-дәстүрлер байқауы. Сонымен қатар, Көкшетауда алғаш рет Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптар оркестрі ауқымды концерт берді. Ел ішіндегі беделді ұжымның өнерін 10 мыңнан астам көрермен тамашалады. Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Дж.Верди атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, профессор Шахимардан Әбіловтің «Ой толғау. Хәкім Абай» монооперасы көпшіліктің назарына ұсынылды. Ақмола облысы әкімінің бастамасымен Қорғалжын жерінде сән-салтанатпен алғашқы «FLAMINGO FEST» фестивалі өтті.

Ақмола облысының 12 ауданында материалдық емес мәдени мұраны жинау, сақтау және зерттеу жұмыстары жүзеге асырылып, нәтижесінде «Ақмола облысының материалдық емес мәдени мұрасы» атты кітаптың бірінші томы жарық көрді. Қазан айында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Аршалы ауданының елді мекендерінде этнографиялық экспедиция жүргізді.

Бұл ғылыми-зерттеу сапары музейдің жылдық бекітілген жоспары аясында жүзеге асырылып, өңірдің мәдени мұрасын сақтау мен ұрпаққа жеткізуге арналған маңызды іс-шаралардың бірі болды. Экспедиция барысында бірнеше ауыл қамтылып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі, дәстүрлері мен мәдени өмірі жөнінде жан-жақты этнографиялық ақпарат жиналды. Сондай-ақ, аңыздар мен ауыз әдебиет үлгілері жазып алынып, халық шығармашылығының бай қазынасы мұқият сақталды. Бұл сапар барысында музей қорын толықтыруға арналған 36-дан астам құнды экспонат іріктеліп, олардың әрқайсысы өз тарихи және мәдени мәнімен ерекшеленеді.

Халық өнерін қамтитын архивтер қалыптастыру мақсатында 2025 жылы «Ән ордасы Көкшетау» антологиясы жарық көрді. Сонымен қатар, өңірде материалдық емес мәдени мұраны насихаттау аясында ән, жыр, терме, айтыс және қол өнер шеберлерінің көрмелері мен өнер кештері ұйымдастырылып тұрады. Бұл шаралар халық шығармашылығын насихаттау және мәдени мұраны ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында 368 қойылым көрсетіп, жыл ішінде 7 жаңа премьера сахналады. Соның ішінде Жеңістің 80 жылдығына арналған «Соңғы хат» спектакль-концерті, сондай-ақ, «Өтелмеген парыз», «Додескадэн», «Ортеке туралы аңыз» және балаларға арналған қойылымдар көрерменге ұсынылды. Театр ұжымы бірқатар жоғары марапаттарға ие болды. Халық әртісі Жібек Бағысова Мемлекет басшысының құттықтау хаты мен салалық марапаттарға ие болса, сахна майталманы Қайрат Мырзаболатовқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді, актриса Жанар Құсайынова «Дара» төсбелгісімен марапатталды.

2026 жыл аталмыш театр үшін айтулы әрі тарихи жыл. Көкше топырағында қазақ театрының шаңырақ көтергеніне биыл 30 жыл толып отыр. Осы мерейлі дата қарсаңында театр ұжымы бірқатар ауқымды шығармашылық жобаларды жүзеге асыруда. Осы орайда, театр ақпан айында «Өтелмеген парыз» қойылымымен Астана қаласына гастрольдік сапар ұйымдастырды. Спектакль авторы, белгілі жазушы-драматург Төлен Әбдік қойылымды арнайы тамашалап, жоғары бағасын берді.

Сонымен бірге, биыл Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры ұлттық рух пен мәдениетті ұлықтайтын «Наурыз» ұлттық сыйлығына үміткер болып, алғаш рет «Театр өнері» номинациясы бойынша Ақжол Сәбиттің «Ортеке туралы аңыз» қойылымымен жеңімпаз атанды. Бұл – театр ұжымының табанды еңбегі мен шығармашылық ізденісінің жемісі.

Ақмола облыстық орыс драма театры үшін де 2025 жыл табысты өтті. Жыл бойы театр сахнасында 13 жаңа қойылым ұсынылды. Қойылымдардың жалпы саны 328 спектакльді құрады. Репертуар отандық авторлардың 61 және шетелдік авторлардың 267 шығармасын қамтыды. Балалар аудиториясына арналған спектакльдер саны – 203, ересек көрерменге арналғаны – 125. Театр 2025 жылы халықаралық фестивальдерге белсенді қатысып, бірқатар беделді марапаттарға ие болды.

2026 жылы Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының ұжымдары халықаралық және республикалық деңгейдегі бірқатар ірі мәдени жобаларды жүзеге асырып, өңір мәдениетінің мерейін асқақтатты.

Симфониялық оркестр әртістері мен «Гәкку» би ансамблі Үндістанда өткен беделді халықаралық Lakshminarayana Global Music Festival — 2026 фестиваліне арнайы шақыртумен қатысып, Қазақстан өнерін әлемдік сахнада танытты. Белгілі үнді маэстросы L. Subramaniam ансамбль үшін арнайы музыкалық шығарма жазып, қазақстандық өнерпаздардың өнеріне жоғары баға берді. Фестиваль аясындағы концерттер Үндістанның бірнеше ірі қалаларында өтіп, шетелдік көрерменнің зор ықыласына ие болды. Бұл жетістікке қол жеткізуде «Гәкку» би ансамблінің көркемдік жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Гүлмира Ордабаеваның шығармашылық ізденісі мен кәсіби еңбегі өлшеусіз. Жыл көлемінде филармония ұжымдары халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға, ұлттық өнерді дәріптеуге және өңірдің мәдени имиджін көтеруге бағытталған маңызды жобаларды табысты жүзеге асыруда.

Облыстағы мәдениет саласының шығармашылық қызметкерлерінің жалпы саны 1900 адамды құрайды. Олардың 200-ге жуығы біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Сонымен қатар, облыста жұмыспен қамтылған жас мамандардың жалпы саны 127 адамға жетті. 2025 жылы Ақмола облысы бойынша 32 жас маман жұмысқа орналасты, олардың 16-сы қалаларға, 16-сы аудандарға жолданды. Аршалы, Ерейментау, Астрахан, Жарқайың, Целиноград аудандарында  жас мамандарға тұрғын үйге көтерме  және жеңілдікті несие берілді.

2026 жылы өңірімізде мәдениет саласында маңызды мерейтойлық оқиғаларға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы, қазақ күй өнерінің дүлдүлі Дина Нұрпейісованың 165 жылдығы, белгілі ақын Үмбетей Тілеуұлының 330 жылдығы, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығы кеңінен атап өтіледі.

Осы мерейтойлық күндер аясында өңірдің клубтық мәдениет нысандары жан-жақты жобалар мен іс-шараларды уақытылы және сапалы түрде жүзеге асыруға міндеттелген. Сонымен қатар, материалдық емес мәдени мұраны насихаттау мақсатында айтыс, күй, ән байқаулары мен басқа да дәстүрлі өнер шаралары өткізіледі. Бұл іс-шаралар халыққа рухани байлықты жеткізіп, ұлттық мәдениетімізді дәріптеуге үлес қосады.

Биыл алғаш рет Германияның Франкфурт және Штутгарт қалаларында Ақмола облысының шығармашылық кештері өтті. Кеш бағдарламасына «Шапағат» мемлекеттік медалінің иегері Аягөз Қалмағанбетова, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, «Orda» этно-фольклорлық ансамблі және жас дәстүрлі әнші Зәмзәгүл Смағұлова қатысты. Міне, осылайша, ақмолалық шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар шетелдік сахналарда өнер көрсетіп, дәстүр мен заманауи стильдің үйлесімін паш етуде.

«Халықтық» және «Үлгілі» атағына ие ұжымдардың саны – 127, нақтылап өтсем, олардың  97-сі «Халықтық» атағына, 30-ы «Үлгілі»  атақтарына ие болған.

Сонымен қатар, Ақмола облысында мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында 268 шығармашылық үйірме жұмыс істейді, онда 8500-ге жуық бала айналысады. Олар хореография, вокал, музыкалық аспаптарда ойнау, кескіндеме және сурет салу, сәндік-қолданбалы шығармашылық дағдыларын үйренеді. Жан басына шаққандағы шығармашылық тапсырысты қаржыландыру бос уақытты ұйымдастыруға, көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың балаларын өнерге тартуға мүмкіндік береді.

Осы мерекелік рәуішті пайдалана отырып, халықтың рухын көтеріп жүрген барша мәдениет қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Шабыттарыңыз таусылмай, еңбектеріңіз жана берсін, отбастарыңызға амандық-саулық тілеймін.

Айгүл СӘБИТОВА,
Ақмола облыстық мәдениетбасқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар