Ой-өріс кітапханадан басталады

Пікір

Президентіміздің кітап оқуды дамыту жөніндегі бастамасы қоғам үшін өте маңызды әрі уақыт талабына сай көтерілген мәселе. Себебі, кітап оқу  адамның ой-өрісін кеңейтіп, білімін арттырып қана қоймай, рухани дамуына да үлкен әсер етеді. Осы бастаманы Ақмола облыстық кітапханасы ұжымы толық қолдайды және бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыруға және күшейтуге әзір десек болады.

Бүгінде кітапхана тек кітап сақталатын орын ғана емес, ол білім мен мәдениеттің, ізденіс пен дамудың орталығына айналып отыр. Жыл сайын оқырмандарға қызмет көрсету бөліміне қала мен облыстың елу мыңнан астам тұрғыны келеді. Олардың қатарында оқушылар, студенттер, мұғалімдер, түрлі сала мамандары, зейнеткерлер мен кітап оқуды жақсы көретін қарапайым тұрғындар бар.

Мағжанның қара  шаңырағы саналатын кітапхананың оқырманға қызмет көрсету бөлімінде әдебиеттің барлық түрі жинақталған. Сол себепті де бұл бөлім кітапхананың жүрегі іспеттес. Мұнда оқушылар мен студенттер оқу бағдарламасына қажетті кітаптарын тауып, ал, ересектер өз жұмысына қажетті немесе бос уақытында оқитын әдебиеттерді таңдайды. Қорда білімнің барлық саласы бойынша кітаптар бар және кез келген талғамға сай көркем әдебиеттер ұсынылған. Егер оқырман қажетті кітапты өз бетімен таба алмаса, абонемент пен оқу залының тәжірибелі қызметкерлері әрдайым көмек көрсетуге дайын.

Сондай-ақ, бөлім қызметкерлері кез келген оқырманның білім кеңістігін кеңейтуге және өзін-өзі дамытуға қолдау көрсетуді мұрат етеді. Сонымен қатар, жастардың зияткерлік қабілеттерін дамытуға, кітапхананың тартымды бейнесін қалыптастыруға және оқырман белсенділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Кітапхана қызметі бірыңғай оқырман билеті арқылы жүзеге асырылады. Жеке куәлігі, төлқұжаты немесе туу туралы куәлігі бар кез келген адам кітапхана қызметін пайдалана алады.

Қазіргі таңда заманауи ақпараттық технологиялар кітапхана жұмысының ажырамас бөлігіне айналды. Соңғы жылдары оқырмандармен жұмыс барысында жаңа технологиялар кеңінен қолданылып келеді. Қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында бөлім секторларында «іздеу» жүйесі орнатылып, ол оқырмандарды жылдам тіркеуге және қажетті әдебиеттерді тез табуға мүмкіндік беруде.

Жаңа технологияларды енгізу дәстүрлі кітапхана жұмысын алмастырмайды, керісінше оны кеңейтіп, мазмұнын байыта түседі. Компьютерлік технологиялар мен электронды ресурстарды пайдалану кітапхана қызметінің сапасын арттырып, оқырмандарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беруде.

Бүгінде кітапхана қоры сапалы әдебиеттермен тұрақты толықтырылып отырады. Қазіргі таңда кітап қорында 285695 дана кітап бар, оның 80756 данасы мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Қор әлеуметтік маңызы бар әдебиеттермен, мемлекеттік тапсырыспен шығарылған кітаптармен, сондай-ақ, жазушылар мен оқырмандар сыйға тартқан еңбектермен толықтырылады.

Түскен әдебиеттер облыстың барлық аудандық кітапханаларына бөлініп беріледі. Бұл  өңір тұрғындарының сапалы кітаптарға қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кітапханада мерзімді басылымдарға тұрақты түрде жазылу жүргізіледі.

Бүгінде электронды каталог жүйесіне қосылған кітап ордасындағы мәліметтер базасына 457099 құжат енгізілген. Бұл жүйе оқырмандарға қажетті әдебиетті жылдам табуға және ақпаратты тиімді пайдалануға көмектеседі.

Ел Президентінің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы кітаптың қоғамдағы рөлін арттыруға үлкен серпін береді деп сенеміз. Кітап оқитын адам ойы терең, рухани бай адам. Сондықтан, барша тұрғындарды кітапханаға келіп, кітап оқуға, білім мен рухани құндылықтарымызды бірге дамытуға шақырамын.

Қуаныш ОСПАН,
Ақмола облыстық Мағжан Жұмабаев атындағы
әмбебап ғылыми-кітапханасының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар