5 шілде – Ұлттық домбыра күні
Ұлттық домбыра күні қарсаңында жуырда ғана Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы болып тағайындалған, бұған дейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі секілді түрлі жауапты қызметтер атқарған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші Нұрғиса Дәуешовпен сұхбаттасып, ұлттық өнер, осы мерекенің мән-маңызы жөнінде әңгімелескен едік. Сұхбат барысында алдағы уақытта облыс көлемінде Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылатын және өткізіліп те жатқан ауқымды шаралар мен ұлттық өнерді насихаттау бағытындағы жоспарлары жөнінде де сұрап білген болатынбыз.
–Нұрғиса Мұратұлы, биыл Ақмола облысында Ұлттық домбыра күні бұрынғыдан да кең көлемде аталып өтпекші. Соған орай, сіз ең алдымен осы мерекенің еліміз үшін өзіндік мән-маңызына тоқталып өтсеңіз?..
– 2018 жылғы 12 маусымдағы Президент Жарлығына сәйкес, жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде елімізде Ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Бұл күн қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарын, ұлттық музыкалық мұрасын дәріптейтін ерекше мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарға әрдайым ерекше мән беріп келеді. Ұлттық құрылтайдың барлық отырыстарында мәдениет, тіл, дәстүр, тарих және ұлттық сана мәселелері мемлекет дамуының негізгі бағыттарының бірі ретінде тұрақты түрде көтеріліп жүр. Өйткені, мемлекеттің қуаты тек экономикамен немесе өндіріс көлемімен өлшенбейді. Елдің рухани әлеуеті, мәдениеті мен тарихи жады оның ең басты байлығы екені даусыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күніне орай сөйлеген сөзінде: «Домбыра – ұлт болмысы, халық қазынасы. Қазақ нағыз қазақ емес, нағыз қазақ домбыра! Әсіресе, өскелең ұрпақтың домбыраға деген ықыласы ерекше. Жастар төл мәдениетімізді терең түсініп, салт-дәстүрімізге құрметпен қарайды» – деп ұлттық аспаптың ұлт руханиятындағы айрықша орнын атап өткен болатын. Домбыра сол рухани байлықтың алтын арқауы, ұлттың рухын сақтап тұрған қасиетті мұра.
– Өзіңіз еңбек жолыңызды Ғ. Құрманғалиев атындағы батыс Қазақстан облыстық филармониясында күйші болып бастаған екенсіз. Ендеше, күйші ретінде өзіңіз домбыраның қадір-қасиетін қалай түсінесіз?
– Иә, еңбек жолымды өзіңіз айтқандай, Орал қаласындағы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында әртіс, күйші ретінде бастадым. Мен үшін сол орта үлкен өнер мектебі болды. Халық музыкасының қыр-сырын тереңірек түсінуге, сахна мәдениетін қалыптастыруға, ең бастысы, домбыраның рухын сезінуге осы кезең ерекше ықпал етті.
Кейін мен кәсіби еңбек жолымды Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінде, Нұрғиса Тілендиев атындағы Отырар сазы оркестрінде жалғастырдым. Бұл ұжымдарда ұзақ жылдар еңбек етіп, оркестрдің көркемдік-шығармашылық дамуына атсалыстым. Сол ортада жүріп, күй өнерінің тек орындаушылық өнер емес, тұтас рухани мектеп екенін терең ұғындым. Қазіргі таңда да, мәдениет саласындағы қызметім осы тәжірибеммен сабақтасып жатыр. Ал, домбыраның қадір-қасиетіне келер болсақ, оны сөзбен толық айтып жеткізу қиын дүние. Домбыра қазақтың бүкіл болмысы. Біздің бесік жырымыз да, ел басына күн туған ауыр кезеңдер де, қуаныш пен жеңіс те, бәрі осы қос ішекті аспап арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп жатыр. Халқымыздың басынан небір нәубет өтсе де, осы бір ұлттық аспабымызды жоюға жан-жақтан жау да кет әрі болмаса да, ол жоғалып кетпей, керісінше заман ағымына сай өз орнын, өз құндылығын нақтылай түсуде. Күй жай ғана музыка емес, ол тарихымыз бен ұлтымыздың шежіресі, халқымыздың жүрегінің үні. Домбыраның үні шыққанда, тұтас бір дәуір сөйлеп тұрғандай әсер аласың. Сондықтан, мен үшін домбыра ең алдымен, ұлттық жадыны сақтайтын киелі мұра. Оны құрметтеу тек өнерді құрметтеу емес, тұтас ұлттың рухын қадірлеу деген сөз.
–Сіз жақында ғана Ақмола облысына мәдениет басқармасының басшысы болып тағайындалдыңыз. Осы күндерде өңірдің мәдени саласымен бірсыдырғы болсын, танысып үлгердіңіз бе? Көпшілік сізден үлкен үміт күтіп отырғаны да анық…
– Көрнекті қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың «Маған бұл жұмыс ауыр емес, маған халықтың артқан сенімі ауыр» деген қанатты сөзі бар ғой. Бұл сөздің мәні мен жауапкершілігін мен де терең сезіне отырып, елдің сенімін ақтауға тырысамын. Иә, расында да бұл қызметке келгеніме көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен, осы аз уақыттың ішінде облыстың мәдениет саласымен, өнер ұжымдарының тыныс-тіршілігімен таныса бастадым. Бірқатар мәдени мекемелердің жұмысын көзбен көріп, сала мамандарымен кездесулер өткіздім. Көптеген өзекті мәселелерге де қанығып, оларды кезең-кезеңімен шешу бағытында нақты жұмыстарды бастап жатырмыз. Әрине, жоспар көп. Ең бастысы, сол жоспарларды жүйелі түрде іске асыру. Ақмола өңірі күй мен жырдың, өнер мен рухтың алтын бесігі. Бұл қасиетті топырақта Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Орынбай ақын сияқты қазақтың біртуар өнер иелері өмір сүріп, өшпес із қалдырған. Бүгінде сол ұлы дәстүрді жалғастырып келе жатқан өнерпаздарымыз да аз емес. Осы тұрғыдан алғанда, биылғы Ұлттық домбыра күні мен үшін және біздің басқарма үшін алғашқы ірі мәдени шаралардың бірі болмақ. Бұл мерекені кең көлемде өткізу жөнінде облыс әкімі Марат Мұратұлы Ахметжанов арнайы тапсырма беріп, бекітілген жоспар аясында жүйелі дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сондықтан, Ұлттық домбыра күні жай ғана мереке емес, ұлттың рухын көтеретін, елдің тарихи жадын жаңғыртатын, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіретін күн ретінде ерекшеленбек. Біздің мақсатымыз осы мереке арқылы домбыраның қадірін арттыру, ұлттық өнерді кеңінен насихаттау және Ақмола өңірінің мәдени брендін одан әрі дамыту десек, артық айтқандық емес.
– Осы ретте, Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылып, өткізілетін іс-шаралар жоспарына тоқталып өтсеңіз…
– Биылғы Ұлттық домбыра күніне арналған іс-шаралардың басты ерекшелігі, оның Ақмола облысының барлық қалалары мен аудандарын толық қамтуында. Мереке бір күнмен ғана шектелмей, бір аптаға жуық уақытқа барып қалады деп отырмыз. Жалпы бекітілген осы домбыра апталығы бағдарламасы аясында барлығы 300-ден астам мәдени-танымдық және концерттік іс-шара жоспарланған. Олардың қатарында дәстүрлі өнер фестивальдері, концерттік бағдарламалар, музей сабақтары, кітап көрмелері, этнографиялық кездесулер, театр қойылымдары, флешмобтар, танымдық дәрістер мен шеберлік сабақтары бар.
Мәселен, 5 шілде күні Жаңа жағалау алаңында «Көкше өнер маржандары-І» дәстүрлі өнер фестивалі өткізіледі. Бұл шараға жауапты Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы болса, оның осындай кең көлемде ұйымдастырылуына Көкшетау қалалық әкімдігі, білім басқармасы мен облыстағы барлық мәденет ошақтары ат салысады. Фестиваль барысында өңірдің таңдаулы өнерпаздары, дәстүрлі әншілер, күйшілер мен ақындар сахна төріне шығып, Ұлттық домбыра күні мерекесінің көркін қыздырмақ. Сонымен қатар, облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы ұйымдастыратын жалпы облыстық акция да мерекенің маңызды бөлігі болмақ. Бұған өңірдің барлық аудандары мен қалаларынан өнер ұжымдары қатысып, халықты бір мақсатқа біріктіреді. Ал, 2–3 шілде күндері белгілі домбыра жасау шебері Самат Қадыралиннің домбыралар көрмесі және шебердің өзімен кездесу өткізіледі. Бүгінде өңір музейлерінде де мазмұнды шаралар ұйымдастырылып жатыр. Атап айтқанда, «Домбыраның шығу тарихы», «Күй құдіреті», «Домбыра – бабалар аманаты», «Көне домбыра сыр шертеді» сияқты танымдық көрмелер мен музей сабақтары өтуде. Кітапханалар жүйесінде кітап көрмелері мен викториналар ұйымдастырылып, оқырман қауымға ұлттық өнер туралы кеңірек мағлұмат берілуде. Ал, аудандық мәдениет үйлерінде халықтық мерекелер, Dombyra Party флешмобтары және ашық аспан астындағы концерттер өтеді. Биылғы бағдарламаның тағы бір ерекшелігі, ол жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы және ұлы күйші апамыз Дина Нұрпейісованың 165 жылдығы аясында сабақтаса ұйымдастырылуында. Бұл әрине, өз кезегінде жыршылық пен күйшілік өнердің үзілмеген рухани сабақтастығын көрсетеді. Сонымен қатар, біз алдын ала облыс тұрғындары арасында үйінде көне домбырасы бар отбасылар туралы арнайы ақпараттар жинадық. Осы мақсатта «Көне домбыра», «Музейге жәдігер сыйла!» акциясын өткізудеміз. Алдағы үлкен шарада атадан балаға мұра болып келе жатқан осы бір қазақтың қасиетті домбыраларын сақтап отырған азаматтарға арнайы құрмет көрсетіп, марапаттау шаралары жоспарланып отыр. Осылайша, ұлттық мұрамызға деген қоғамның көзқарасы мен құрметін барынша арттыра түссек деп отырмыз.
–Нұрғиса Мұратұлы, мазмұнды әңгімеңізге көп рахмет. Алдағы қызметіңіздің жемісті болуына тілектеспіз.
–Сізге де алғыс айта отырып, барша Ақмола жұрты мен қонақтарын көрікті Жаңа жағалауда өтетін шараны тамашалауға шақырамыз.
Сұхбатты жүргізген Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

