5 шілде – Ұлттық домбыра күні
Өнердің киелі бесігі Көкшетауда қазақтың кең даласының үні қонған қасиетті қара домбыраны жарты ғасырға жуық уақыт жанына серік еткен аяулы жан бар. Ол ұлт руханиятын сақтауға, мадақтауға елеулі үлесін қосып, ата-бабадан қалған асыл мұрамызды жастарға насихаттап, баулып жүрген өнер иесі, талай халықаралық фестивальдерде ұлт мәдениетінің туын асқақтатқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова. Ұлттық домбыра күніне орай, танымал әншімен арнайы жолығып, сырласқан едік.
Қазақ халқының тарихы мен ұлы мұраттарының көзіндей қара домбыраны жанынан бір елі тастамай қастерлеп, елу жылға жуық киелі сахнада дәстүрлі әндерімізді нақышына келтіре бар болмысымен беріле шырқайтын Бисара Мәкенова қазақтың маңдайалды ұлы тұлғалары Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған киелі топырақтың перзенті. Семей облысының Ақсуат ауданы Көкжартас ауылында туып-өскен ол бала күнінде малшы әкесінің жұмыстан кейін шаңырағының төрінде ілулі тұратын ескі қара домбыраны алып, тебірене күй шертіп отыратынын талай көрген. Ол кезде балаң жүрек бұл сиқырлы дыбыстың күй екенін қайдан білсін?! Тек көңілге қонымды әуезді ырғаққа елітіп, тапжылмай тыңдай беретін. Сөйтсе, ол Тәттімбеттің «Былқылдақ» деген күйі екенін бойжетіп, ес білгенде ғана бірақ түсінеді.
– Бала күнімде әкемнің домбыра тартып отыратынын жиі көретінмін. Ол кезде бала болған соң, мән бермеппін. Десе де, әкем шерткен сол күйлер құлағыма сіңіп, санамда жатталып қалғандай. Кейін өсе келе мектептегі домбыра үйірмесінде көп балалардың күй тартып отырғанын көріп, бұл аспапқа қызығушылығым ояна бастады. Бірнеше домбыраның үнінен шыққан әуен мені бірден баурап алғандай болды. Кейін Семейдің Көкпекті ауданының мәдениет үйінде жұмыс істегенімде өнер жолымды күй тартудан бастадым. Арасында аудандық театрдың қойылымдарына актриса болып қатысып, ара-тұра дәстүрлі ән де шырқайтынмын. Сол уақытта Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінің күй бөліміне оқуға түсіп, жұмысымды да қатар алып жүрдім. Бір уақытта ауданымызға жас таланттарды іздеп арнайы комиссия келді. Сол іріктеуде екі-үш халық әнін орындап бердім. Комиссия мүшелері өнерімді жоғары бағалап, 20 шақты баланың қатарында мені де Алматыға алып келіп, оқуға түсірді, – деп еске алады сол бір шуақты күндерін өнер иесі.
Бұл 1979 жыл болатын. Осы жылы республикалық эстрада-цирк өнер студиясына, қазіргі Жүсіпбек Елебеков атындағы музыкалық колледжіне домбырамен ән айту мамандығына ауысып, Қазақстанның Халық әртісі Қайрат Байбосыновтың класынан дәріс алады. Оны ойдағыдай тәмамдап, қазақ вокалдық-аспаптық ансамблі құрамында сол уақыттағы Көкшетау облыстық филармониясына бір топ жалындаған өнерлі жастармен жолдамамен жұмысқа келеді. Бұл сәт өңірдің мәдениет саласы үшін, соның ішінде облыстық филармония үшін шын мәніндегі айтулы, баға жетпес оқиға болған шығар деп ойлаймыз. Олай дейтініміз, филармония құрамы бір сәтте гитаристер, домбырашылар, солистер, бишілер, тіпті, сөз шеберлері мен цирк әртістерінен тұратын тұтас бір ансамбльмен толықты. Осы үлкен ұжымның белді солистерінің бірі эстрадалық туындылармен қатар, халық әндерін домбырамен нақышына келтіре орындайтын жас, күміс көмей әнші Бисара Мәкенова болды. Он жылдан астам уақыт бойы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, атағы бүкіл республикаға жайылған бұл үлкен ансамбль өкінішке орай, уақыт өте келе тарап кетеді. Алайда, сол дүбірлі ұжымнан қара шаңырақ – облыстық филармонияда қалып, өнерін үзбей жалғастырған жалғыз өнерпаз осы Бисара Мәкенова болды. Бертін еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қайта түлеген филармонияның сол «Айнакөл» ансамблінде өзінен кейін дәстүрлі ән айту бойынша оқу бітіріп келген дәстүрлі ән орындаушысы Әбсалық Салықовпен халқымызды інжу-маржаны – халық әндерін талай бірге орындап жүрді.
Дәстүрлі халық әндерін орындаушы өз уақытында қалалық мәдениет үйлеріне қарағанда, шағын ауылдық клубтарда көбірек өнер көрсетіпті. Осы жылдар ішінде еліміздің талай майталман, ардақты әртістерімен иық тіресе ән шырқады. Ол өнер биігіне шығудың қандай еңбекті талап ететінін жақсы біледі және өзінің адал тыңдармандарының ықыласы мен сүйіспеншілігін ерекше қадірлеп, бағалайды.
Содан бері міне, кәсіби сахнада жүргеніне 47 жылдан асқан әнші табан аудармастан Көкше топырағында өз тыңдарманын ерекше қуатты дауысымен, дәстүрлі халық әндерін әсерлі орындауымен тәнті етіп келеді. Бүгінде шығармашылығы өңіріміздегі халық әнін қадірлейтін барша өнер сүйер қауымға кеңінен танымал. Оның асқақ үнді, қуатты дауысы тек елімізде ғана емес, Франция, Түркия, Индонезия, Польша, Венгрия және Германия сахналарында да асқақтап, шетелдік көрерменнің ықыласына бөленді.
Аяулы әншінің музыкалық өнердің халықтық жанрындағы толассыз еңбегі мен тума таланты қалың бұқараның жүрегінен орын алып қана қоймай, мемлекет тарапынан да лайықты бағасын алды. Ол 1990 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі деген атаққа ие болды. Күтпеген жерде қолы жеткен марапат іштей оны қатты толқытқанын әрі сахнадағы жауапкершілігі одан әрі арта түскенін өзі жасырмайды да. Өнерде өзіне үнемі қатаң талап қойып, қашан да аянбай еңбек етуді мұрат еткен ол әлі күнге халық алдына шығарда үлкен жауапкершілікпен дайындалады. Себебі, әншінің айтуынша, табиғат берген талант пен дарынның 90 пайызы еңбекпен келеді. «Өз ісіңе деген шексіз сүйіспеншілік пен жанкештілік болғанда ғана сол таланттың бағы жанады. Әйтпесе, өкінішке қарай, Құдай берген сыйды зая кетіріп, жоғалтып алу әбден мүмкін» дейді ол.
1992 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыка және ән айту факультетін тәмамдаған Бисара Мәкенова Біржан сал атындағы облыстық музыкалық колледжінде ұстаздық етті. Оның шәкірттерінің арасында бізге танымал Саян Мұхамедияр, Гүлден Тілеубердина, Жанар Сақтағанова секілді танымал тұлғалар мен түрлі халықаралық, республикалық байқаулардың лауреттары атағын алған бір топ әншілер бар.
Зейнет жасында жүрсе де, шығармашылық пен ұстаздық қызметіне адал Бисара апайымыз қазір «Көкшетау» мәдениет сарайындағы дәстүрлі ән айтушы балалар үйірмесіне жетекшілік етеді.
Бір атап өтерлігі, 2001 жылы ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай, әншінің бірегей дауысы Ғарифолла Құрманғалиев, Байғабыл Жылқыбаев сынды қазақ ән өнерінің белді өкілдерімен бірге «Ғасырлар сазы» алтын дискісіне жазылған.
Жалпы, Бисара Мәкенованың ән қоржыны өте бай. Бірақ, соның ішінде ол Мәдидің «Үш қарасы», Иса Байзақовтың «Желдірмесі», сондай-ақ, Үкілі Ыбырайдың «Көкше» мен «Қалдырғаны», Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы» жанына жақын екенін айтады. Бисара Мәкеновнаның айтуынша, дәл осы халық сүйіп тыңдайтын шығармалар оның есімін қалың бұқараға танытып, белгілі орындаушы ретінде қалыптасуына жол ашқан. Қазір де дауысын үнемі бабында ұстау үшін күн сайын дайындалады, репертуарын жаңа әндермен толықтыруға немесе ұмыт қалған көне халық мұраларын қайта тірілтуге тырысып, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ауылдарға барғанда, қазақтың той-жиындарында жүргенде құлағын түріп, ескінің көзі болып қалған халық қазынасын іздеп жүреді. Сондай ұмытылған асыл дүниені кезіктіріп қалған сәтте қуанышында шек болмайды.
–Биыл мен облыстық көркемөнерпаздар байқауы бойынша облыс аумағындағы аудандарға комиссия құрамына бардым. Сонда домбыра ұстап шығып, ән салған талантты балаларды көріп, танысып, қуанып қалдым. Бірнешеуін облысқа шақырып, гала-концертке қатыстырдым. Ауылдарды араласақ, осындай қаншама таланттар бар. Соларды іздеп, өнер айдынына қосуымыз керек. Өзіміздегі барды үйретіп, халық әндерін дұрыс айтуды насихаттап, өнерлерін ұштауымыз қажет. Жалпы, домбыра ұстап шыққан өнерлі жасты көрсем, жақынымды, бауырымды көргендей қатты қуанамын. Домбыра – біздің тарих, біздің мәдени мұрамыз, біздің өткеніміз бен асыл қазынамыз. Оның қос ішегінен төгілетін асқақ үн – Ұлы даланың сазды үні, ұлт мәдениетінен, этнографиямыздан сыр шертетін құнды қазына. Бұл қара домбырамен ән де айтылады, күй де шертіледі, ақындар айтысып, би де сүйемелденеді. Домбыра бүгінде әр қазақтың шаңырағында төрде ілулі тұруы қажет. Шаңырақ иесі өзі тартпаса да, үйіне келетін қонағы тартуы мүмкін, – дейді өнер майталманы.
Кейіпкеріміздің ұлы Арман да өнердің өкілі екен. Ол Біржан сал атындағы музыкалық колледжді тәмамдаған соң, елордадағы Шабыт университетін домбыра класы бойынша тәмамдап келіп, қазір анасының маңдай тері сіңген Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияда К.Күмісбеков атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрінде еңбек етеді.
Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай туған топырақта кәсіби өнерін шыңдап, бойындағы барын жас ұрпаққа үйретуге, ұлттық мұрамызды сақтауға атсалысып жүрген Бисара Мәкенқызына алда зор шығармашылық табыс тілейміз!
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

