Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақ моншақ жыр құйылды ақындардан - АРҚА АЖАРЫ

Ақ моншақ жыр құйылды ақындардан

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылып, «Жаңарған жаңа Қазақстан» тақырыбында өткен аймақаралық ақындар айтысы ұлттық сананы жаңғырту, төл өнерді жастар арасында насихаттауға арналды. Ұлттық өнеріміздің қайталанбас мұрасы – айтыста ақ қанат жырларымен өлең көгінде қалықтап, сынға түскен үміткерлердің әрқайсысы өз бабында, өз биігінде өнер көрсетті.

Халық ауыз әдебиетінің өшпес мұрасы айтыс өнері қашанда шешендік пен білімділікті, актерлік шеберлік пен сахна мәдениетін, табан астында суырып салуды, көрегенділік пен ізденісті талап ететін өлең-жырдың айдыны. Ел тәуелсіздігіне қолымыз жеткелі ұлттық өнерге жанашыр азаматтардың қолға алуымен кеңестік солақай саясаттың салдарынан біраз шектеу қойылып, белгілі бір тақырыптар ауқымында насихатталған өнерді қайта жандандырған кездегі айтыстың деңгейі сөз өнерінің балын татқан, сөздің майын тауысқан жыр сүлейлерінің арқасында жоғарылап, өзінің биігіне көтерілді. Жыл өткен сайын ақындардың білім-білігіне де талап күшейіп келеді. Жастар арасында құдіретті сөз өнеріне, ақындардың аламан жыр додасына сұраныс та баршылық.
Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Достар» мәдениет сарайында өткен жастардың аймақаралық айтысында көкшетаулық Нұрислам Әбділ, Мұхаммед Қоңқаев, астаналық Ардакерей Кәп, қызылжарлық Мақсат Серік, қостанайлық Нұрсұлтан Қасым, қызылордалық Төрехан Совет, ақтөбелік Нартай Тілеуқұл және қарағандылық Ботагөз Мұхитдин секілді сегіз талантты ақын қатысып, көсіле шауып, ой түбінде жатқан асыл жырларын төгіп-төгіп алды.
Ақ маржан жыр бәйгесін танымал айтыс ақыны Арман Бердалин жүргізсе, Иран сал Тасқараұлы бастаған қазылар алқасы сөз өнерінің сайысында жүйріктерге әділ бағасын берді.
Сан қырлы тапқырлық пен табан астында суы-
рып салып айтысуды талап ететін сөз сайысын бірден бастап кету әрине, оңайға соқпайтыны айқын. Мұндайда халқымыз шаршы топта қашанда сөз бастау қиын деп сонау замандарда айтып кеткен еді. Десе де, жыр-тартыстың алғашқы айналымын көкшетаулық Нұрислам Әбділ мен ақтөбелік Нар-
тай Тілеуқұл ашты. Ақындар барынша өздерін көрсетуге тырысып бақты, дегенмен, асыл сөздің байыбына барып, тақырыпты кеңінен ашып бере алмады. Екінші жұптағы елордалықтардың намысын арқалап келген Ардакерей мен петропавлдық ақын Мақсаттың айтысы жыр додасының көрігін бірден қыздырып әкетті. Әсіресе, қызылжарлық ақынның сөз саптасы мен мәнері, білімділігі мен тапқырлығы, суырып салып айтуы мен сахна әдебін сақтай білуі көкшелік өнер сүйер қауымды тәнті етті. Орыс ұлтының өкілдері көп болғандықтан, біршама орыстанып кеткен елден келген ақынның өнеріне таңдай қағып, тамсанбасыңа болмады. Олардың жыр тартысы барысында айтыстың тақырыбы, мазмұны мен мәні кеңінен ашылды. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерін, ащы шындығын әдемі тіркестермен, әдеппен, жан-жақты жырлады.
Қыз бен жігіт айтысының жарасымды да әдемі үлгісін көрсеткен қарағандылық ару Ботагөз бен жерлесіміз Мұхаммедтің жыр додасы әзіл-қалжыңмен өрілсе де, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін мазмұнды ойларымен ұштастыра білді.
Ордасы төре менен сал-серінің,
Тәңірім айырмасын қазынаңнан,
58 көшесін қазақшалап,
Орындалды-ау іштегі нәзік арман.

«Көкшетау» қонақ үйі қасындағы,
Айналдым үлкен тастан назы қалған,
Кулагин тұрған кезде көміп тастап,
Мырзалин келгеннен соң қазып алған, –
деген сөздеріне халық зор қошемет көрсетті. Ботагөздің де «Осынау табиғаттың ғажабына, Қайыңдар да бастарын иіп тұрған. Жұмбағы ашылмаған Жұмбақтасым, Кеудесіне құпия тұнып тұрған. Ендеше сәлем бердім ордалы елге, Оқжетпестей рухы биік тұрған, Көкшетау деген осы жалғыз атқа, Әлемнің сұлулығы сыйып тұрған» деген әдемі жыр өрнектері көкшеліктерді бір сүйсінтіп тастады.
Ал, соңғы түйенің жүгі ауыр демекші, соңында шыққан жұптан әдемі айтыс күткен едік. Қызылордалық Төрехан Совет пен қостанайлық Нұрсұлтан Қасымның тартысы айтыс сүйер қауымды жалықтырып жіберді. Бұл ақындардың сөз саптасына, кеуде соғып, сөзге тоқтамай, өзімдікі дұрыс деген қылықтарына да тыңдарман тарапынан сын тағылды. Әсіресе, қызылордалық ақын қарсыласы өзіне қаншалықты жақын тартып, дос болуға шақырып жатса да, кеудесінен итеріп, сыйластықпен сыйға тартқан домбырасын да менсінбей, «жеңілген соң домбыраңды беріп жатсың, дұшпанның жеңілгенде ұсынатын қылышындай» деп өктемсінуі, Нұрсұлтан ақынға «анау-мынау» деп дөрекі сөйлеуі сөз түсінетін адамның қытығына келді. Бір ғана ауданынан жүздеген жыршы шыққан қызылордалық ақынның осы ерсі қылығынан кейін халықтың оған деген көзқарасы салқын тартқандай болды.
Бірінші айналым аяқталған соң, қазылар алқасының шешімімен үш жұп соңғы айналымға шықты. Ұпай саны бойынша 5 ақынның жиғаны бірдей болған соң, алыстан ат терлетіп келген ақтөбелік ақынның бағы жанып, соңғы айналымға ол да жолдама алды. Сөйтіп, соңғы айналымның бірінші жұбы болып Мұхаммед Қоңқаев пен Мақсат Серік сөз жарыстырып, петропавлдық ақын біздің жерлесімізді шаң қаптырып, бабындағы жүйріктей басып озды. Түйдек-түйдек жырлары, төкпелеткен өлең жолдарына қарап, оның халық ауыз әдебиетіне қанық, эпостық жырларды жатқа білетіндігін, жыраулар поэзиясынан хабары мол ақын екендігі қарсыласын ғана емес, дүйім жұртты мойындатты. Екінші айналымға бағы жанып жолдама алған ақтөбелік ақын Нартай қызылордалық Төреханды осы тұста сөзден жеңіп озды. Ал, Нұрсұлтан мен Ботагөз айтысқанда қарағандылық ару байыпты да салмақты әзілдерімен қостанайлық студент ақынды сөзден тосылдырды. Дегенмен, екінші айналымда да кей ақындар сөз таба алмай тосылып, кібіртіктеп қалып жатты. Соның салдарынан да шығар, ұпай саны аз болды.
Айтыстың қазылар алқасының бағалауы бойынша Нұрислам Әбділ мен астаналық Ардакерей Кәп ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Үшінші орынды қызылордалық Төрехан Совет пен қостанайлық Нұрсұлтан Қасым өзара бөліссе, екінші орынға ақтөбелік ақын Нартай Тілеуқұл мен көкшетаулық Мұхаммед Қоңқаев лайық деп танылды. Бірінші орынды петропавлдық Мақсат Серік жеңіп алды. «Осы айтыстың жаңалығы Мақсат ақын» деп қазылар алқасы да оның дүлдүл екендігіне ризашылықтарын білдірді. Ұпай саны бойынша бірінші орын алғаны болмаса, бас жүлде осы Мақсатқа лайық деген пікірлер де айтылды. Бас жүлде қарағандылық ару Ботагөз Мұхидденге тапсырылды.
Ақындарға ұйымдастырушылар мен демеушілердің тарапынан бағалы және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Осы айтыстан кейін осыдан бірнеше жыл бұрын Көкен Шәкеев бабамыздың 90 жылдығына арналған «Көкшенің көк семсері – Көкен ақын» атты ақындар айтысында павлодарлық Аспанбек Шұғатаев деген ақын ініміз айтып кеткен өлең жолдары еріксіз есіме оралды.
«Арман аға, кім салды екен ноқтаны,
Көкшедегі көшің неге тоқтады?
Бұл Көкшеден неге ақын шықпайды,
Деп алты алаш өздеріңді жоқтады.
Бұл сөзімді жамағат та құптайды,
Құптаған соң шапалақпен нықтайды.
Құрмет пенен Қуаныштай ұлдарың,
Неге үлкен сахнаға шықпайды?
Біздің бүгінгі айтысқа қатысқан ақын жігіттерге әлі де ізденіс, білім керек секілді. Мұхаммедтің Ботагөзбен болған айтысы жақсы шыққанымен, екінші айналымдағы Мақсатқа төкпелетіп айтысуы кезінде қайта-қайта жаттап алдың деп тиісуі, орынсыз білімсіздігін көрсетіп қалғаны көңілге мұң ұялатты.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар