Ерлікке баулысақ, елдігіміз нығаяды

Таяуда Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде Тәуелсіздік мерекесіне орай Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-патриоттық клуб ашылды.

Алпыс жылдан астам тарихы бар колледж мыңдаған мамандарды даярлап, үлкен өмірге жолдама берген білімнің қара шаңырағы. Сол түлектердің көпшілігі еліміздің гүлденуі жолында өз үлестерін қосып жүрген адамдар. Бұған дейін колледжде театр, қолөнер, би тәрізді клубтар жұмыс істейтін болса, тәрбие жұмыстары жаңа сипаттағы тағы бір клубпен толықтырылып отыр. Ол Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-патриоттық клуб. Клубтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы облыстық филиалының төрағасы Дуанбай Ыбырайдың пікірінше, мұндай клуб керек-ақ. Өйткені, қазіргі жастар тәрбиесі назарды жітірек аударатын әлем. Жастарға өнеге болатын өршіл рухты ел перзенттері де аз емес. Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов тәрізді арыстарымыздың жүріп өткен жолдары, ерліктері мен өрліктері әдемі мысал емес пе.
Салтанатты шарада колледж директоры Құралай Ыдырысова клуб мүшелерін құттықтай келе, жастардың намысын жанып, жігерін қайрап, өздерінің сүйікті Отанын сүйе білуге тәрбиелеудің мәні айрықша зор екендігін тереңнен толғап айтып өтті. Бағзы замандағы батыр бабаларымыздың ел қорғаған абыройлы да ардақты өнегесі кейінгі ұрпақ үшін қаһармандық мектебі. Сондықтан, әскери-патриоттық клубқа батыр, жазушы Бауыржан Момышұлының есімінің берілуі жарасып-ақ тұр.
–Бүгінгі балаларға кешегі Ұлы Отан соғысындағы аталарымыздың теңдессіз ерлік істерін айта отырып тәрбиелеу санаға сіңімді болмақ,–дейді әскери-патриоттық клубтың жетекшісі Ризабек Әубәкіров,–болашақта атқаратын жұмысымызды жүйелеп, жарғымызды дайындап, бағдарламамызды түзіп қойдық. Әр жыл сайын бірінші курс білім алушыларының арасынан мүшелер іріктелініп алынатын болады. Әзірге 20 білім алушыны қабылдап отырмыз.
Әскери-патриоттық клубқа қабылданған оқушылар ант берді, куәліктерін алды. Шара соңында Бауыржан Момышұлына арналған жалын атқан жырлардан үзілдіріп үзінділер оқылды. Тыңдаған жанның бойын шымырлатып, ұлттың ұлы рухын көтеретін патриоттық тақырыптағы әндер шырқалды.

Байқал Байәділов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар