Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көсегеңді көгертетін көмек бар... - АРҚА АЖАРЫ

Көсегеңді көгертетін көмек бар…

Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды. Бұрыннан келе жатқан тәмсіл. Қай кезде де мазмұнын жоғалтып, маңызын жоймаған сөз. Шынында да солай емес пе? Кәсіп істеген адамның еңбегінің шарапаты жалғыз өзіне ғана емес, сол кәсіпті атқарысуға қол ұшын созатын, сол арқылы тиесілі еңбекақысын алатын өзгеге де тимек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті жердегі жаппай кәсіпкерлікті дамыту Үкіметтің басым бағыттарының бірі болуы тиіс екендігін атап көрсеткен болатын.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы біздің облыста да іс жүзінде жүзеге асырылуда. Осы орайда, Егіндікөл ауданында атқарылып отырған шаруаны тілге тиек етуге әбден болады. Бірден айта кетейік, әуелі бағдарламаның үш бағыты бойынша жанды жұмыс жүргізіледі. Алдын-ала жасалған жоспарға сәйкес ауданда 20 адамға 75 миллион теңге шамасында шағын несие беру жоспарланған болатын. Осы қаржының 42 миллионы Ақмола облыстық ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы, қалған 33 миллионы «Аграрлық-несиелік корпорация» акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылмақ-тұғын. Осы бағдарлама бойынша несие алу үшін жұмыспен қамту орталығына ауданның 410 тұрғынынан өтініш түскен. Аталмыш бағдарламаның алғашқы бағыты бойынша кәсіптік-техникалық және қысқа мерзімді оқу курсынан өтуге 130 адам өтініш білдірген. Бұлар бизнес әлеміне бірден сүңгіп кетпей, өз бойларындағы білім мен білікті жетілдіруге тырысқандар. Өйткені, сүрінгенді қолтығынан демей қоймайтын қатыгездеу бизнес талаптары қателікті кешіре қоймайды. Оның үстіне алғашқы демеу ретіндегі қаржыны несиеге алып отыр. Судың да сұрауы болатындығын ескерген болашақ кәсіпкерлер таңсық дүниенің ұңғыл-шұңғылын зерттеп барып іске кіріспек. Ал, екінші бағыт бойынша несие алуға бес адам, сондай-ақ, үшінші бағыт бойынша мобильді еңбек ресурстарына бағыттау мәселесіне орай 68 адам тілек білдіріп отыр. Демек, ауданда жаңаша сипаттағы еңбек тәртібіне орай құлшыныс білдіріп, дәмеленіп отырғандар аз емес деуге әбден болады. Бағдарлама да талаптыларға демеу-тірек болуда. Яғни, ықпалы зор.
Аудан тұрғыны Сабыр Серікбай көңілі қалаған кәсібін енді ғана бастаған талапты жан. Ол алдымен аудан тұрғындарының не нәрсеге зәру екендігін ой елегінен өткізіп, әбден зерттеді. Сөйтсе, аудан тұрғындарының бір түйткілді мәселесі кәдімгі қоғамдық монша екен. Сұраныс бар жерде талаптыға нұр жаумақ. Сөйтіп, несие қаражатына моншаға қажетті материалдарды сатып алып, құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Самат Жаңабаевтың айтуына қарағанда, кәсіпкердің бұл ниеті әбден дұрыс. Үйдегі ойы базардағы нарықтан ойып тұрып орын алса, өзіне де, елге де тигізер пайдасы зор болмақ.
–Кәсібімізді бастауға мемлекеттің өзі жәрдем етіп отыр. Ендеше, көп ойланып-толғанатын несі бар. Мысалы, біздің аудан орталығының тұрғындары қоғамдық моншаға зәру. Сондықтан да, мен бәсекелесі жоқ нарықтық ортаны таңдап алдым,–дейді кәсіпкер Сабыр Серікбай.
Бұл бір ғана мысал. Мемлекеттік қолдаудың арқасында екі қолға бір күрек тауып, өз кәсіптерін ашып отырғандар жетерлік. Бірақ, шалғайдағы шағын ауылдың тұрғындары да осындай жанашырлық көмектің бар екендігін білсін деген ниетпен ауылдық округтерде ақпараттық-түсіндірме жұмыстары арнайы кесте арқылы жүргізіледі. Бағдарлама бойынша жұмыспен қамту мәселелерін жұртқа жеткізу үшін арнайы комиссия да құрылған. Бұдан өзге де қолға алынған қыруар жұмыс бар. Мәселен, шағын және ірі кәсіпорындар мен аудандық жұмыспен қамту орталығы өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойған.
Осының барлығы ел ішіндегі тіршіліктің байыпты қадамымен алға бастағандығын және сол жетістік мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің арқасында мүмкін болып отырғандығын аңғартады. Ендігісі тырбанып тіршілік еткісі келген замандастарымыздың өздерінің ерік-жігеріне ғана байланысты.

Байқал Байәділов.

Егіндікөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар