Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы бекітіліп, ол Қазақстан бойынша жаңа балабақшалардың салынуына игі ықпал етті.
Ұрпақ тәрбиесі қай заманның, қай қоғамның болмасын, көкейтесті мәселесі. Еліміздің ертеңі бабаларымыздың мұрасын, халқымыздың жақсы дәстүрлерін бойына сіңіріп, жаны таза елжанды ұрпақ болып өсуі үшін балабақша тәрбиешілері мен ата-аналарға жүктелер міндет жүгі өте ауқымды.
– Көкшетау қаласындағы №4 «Еркем-ай» балабақшасы 2010 жылы тәуелсіздік күні мерекесінде пайдалануға беріліп, қала жұртшылығын қуанышқа бөлегені бүгінгідей есімізде, – дейді балабақша меңгерушісі Жұпар Маженова.
Бүгінде 280 орынға лайықталып салынған бақытты балалықтың бал мекенінде егеменді елдің балдырғандары тәрбиеленуде. Аталмыш білім ордасында 36 педагог қызмет етеді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім беру жүйесінің өркениет үрдісіне сай болуын үнемі қадап айтады. Біздің ұжым осы межеден көрінуді басты бағыты санайды. Педагогтарымыздың біліктілігін арттырып отыруды үнемі қадағалап отырамыз. Балабақшаның сан қырлы міндеттерінің негізгісі – баланың интеллектуалдық және рухани тұрғыдан дамып жетілуіне қажетті тиянақты білім беру, – дейді Жұпар Қадырқызы.
Қазіргі таңда балабақшада 12 топ бар. Білім ордасы жаңа заман талабына сай жаңа құралдар, жиһаздармен жабдықталған. Дене шынықтыру және музыка залы, психолог, логопед кабинеттері, әдістемелік, экологиялық бөлмелері мен спорт алаңы бар. Балабақшадағы 12 топта 3 пен 6 жас аралығындағы балғындар мектепке дейінгі тәлім-тәрбие алуда. Экологиялық бағытта тәлім-тәрбие беруге баса назар аударылады.
Бүлдіршін кезінен жүрегіне Отанға, елге деген сүйіспеншілікті оятып, қоршаған ортаны аялап, күтуді үйрететін бұл ұжымның бағындырар биігі әлі алда. Себебі, ел болашағы білімді ұрпақ қолында. Ең бас-
тысы, елін сүйетін елжанды, егеменді елдің еркелеп өскен есті өрендері аман болсын!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.